Шілде айында Астана қаласындағы Қарулы Күштер әскери-тарихи музейінде ұйымдастырылған Алматы облысы өлкетану көрмесінің сөресіне қойылған заттар арасында жоғарыдағы Шыңғыс төреге қатысты экспонаттар да жеткізіліпті.
Соның бірі – төренің күміс тостаған-табағы. Бұл затты кезінде белгілі архитектор Арыстан Қайнарбаев Алматыдағы Орталық музей қорына тапсырған көрінеді. Ал жәдігердің құжатында тостағанның ақы-иесі ретінде Шота Ыдырысұлының есімі аталған. Елімізге еңбек сіңірген сәулетші Шота ағамыз болса, Шоқанның туған інісі Мақының баласы Ыдырыстың ұлы. Мақы (Мақажан) өте шебер суретші болған.
Мына суретте тұрған тостағанның қасындағы күміс қасық пен тұз ұнтақтайтын құрал да Шыңғыс төре қолданған бұйымдар екен. Бұл жәдігерлер 1960 жылы Шота Ыдырысұлынан алынған. Құжатта күміс қасық пен тұз ұнтақтайтын құралды сақтаған адам Макин Едрис (Мақин Ыдырыс) делінген. Қысқасы бұл заттарды музейге тапсырған төренің өз ұрпақтары.
Шыңғыс төренің өзі де Омбы әскери училищесінде білім алған көзі қарақты адам. Ол өз заманында ресейлік ғалым-саяхатшылармен жақын қарым-қатынас орнатып, Орыс географиялық қоғамына қазақ халқы жөнінде көп мәлімет берген және ел ішіндегі құнды жәдігерлерді жинап-сақтаған. Тіпті кейбір бағалы бұйымдарды Петерборда өткен шығыстанушылардың ІІІ конгресіне жолдап, көрмеге қойдырған. Осы заттардың жұрнағы қазір Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы және Гамбург музейлерінде сақтаулы. Ал жоғарыдағы жәдігер болса Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі қорында тұр.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ
«Егемен Қазақстан»