Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Астанадағы «Алау» айдынында конькиде жаппай сырғанау маусымы басталады

810 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Алау» мұз сарайында қысқы маусымға дайындық қызу жүруде, деп хабарлдайды қала әкімдігінің сайты. 

Астанадағы «Алау» айдынында конькиде жаппай сырғанау маусымы басталады

400 метрлік жолға, хоккей кортына мұз қатыру процессі озық технология мен жоғары сапалы материалдарды қолдану арқылы жүргізіліп жатыр. Аренаға «Алау» логотипі мен мұз айдынының тұмары Алаулика суреті әр бермек. Мұз айдынның жалпы аумағы - 9 200 шаршы метр, мұндай ауқымды аумақ үшін 460 тонна су қажет.

Мұз құю жұмыстары бір аптадан соң аяқталады. Ал 2017 жылдың 30 қыркүйегінде сарай жаппай сырғанау әуесқойлары үшін есігін айқара ашады.

Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар мен студенттер және зейнеткерлер үшін кіру бағасы кез келген сеансқа 500 теңгеге дейін арзандатылған. Бұдан бөлек 7 жасқа дейінгі балаларға, көпбалалы отбасы балаларына, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, I және II топтағы мүгедектер үшін кіру тегін.

Жаппай сырғанау алты күндік режімде өтеді: жұмыс күндері үш сағаттық бір сеанс 19:00-ден 22:00-ге дейін, демалыс күні - 5 сеанс жоспарланған. Дүйсенбі - техникалық демалыс күні.

Айта кету керек, жылдан-жылға «Алау» мұз сарайында жаппай сырғанау танымалдылығы артып келеді. 2016-2017 жыл маусымы кезінде жаппай сырғанауға 160 мың адам келген. Бұл жоба жүзеге асырылғаннан бері ең жоғары көрсеткіш болып табылады.