Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2017

Қостанайлықтар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болды

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайлықтар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде бірінші болып үйдің кілтіне ие болды

Қостанайлықтар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болды

Қостанай облысында он төрт отбасы баспаналы болды. Оның ішінде он отбасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары болып табылады.  Он төрт адамның барлығы да жер теліміне кезекте тұрған болатын.  «Нұрлы жер» бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған қанатқақты жобасының аясында мемлекет салымшыларға тиесілі 10 сотық жерді ғана беріп қоймай,  сол жер телімінде тұрғын үй салуға да көмектесті.

Қостанай қаласының іргесінде орын тепкен Қостанай ауданындағы Заречный ауылының «Северный» шағын ауданында алғашқы болып үй алған қуаныш иелерін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова құттықтап, баспана кілтін табыс етті.

«Елбасының тапсырмасымен елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Қазақстанда бірінші болып, біздің қостанайлықтар осы бағдарлама аясында баспаналы болды. Инфрақұрылымына 600 миллион теңге кетті. Оған су мен газ құбырлары жүргізілді. Енді 1 миллиард 900 миллион теңге келесі жылы жол салуға және 250 миллион теңге канализация құбырларын салуға жұмсалатын болады. Баспана салуға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Ол 2015 жылмен салыстырғанда 5 есе көбейді. Тағы да 400 миллиард теңге қарастырып отырмыз, мұнымен әрине тоқтамайды, алдағы жылдары қосымша тағы да қаржы қарастыратын боламыз» деді Архимед Бегежанұлы.

Тұңғыш рет республикада адамдар мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер емес, жер учаскесі бар, коттедж алып отыр.

«Біз әкімдік, құрылыс жүргізуші компаниялар, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және Қазақстан ипотекалық компаниясы бірлесіп, қазақстандықтарға қолжетімді жолмен, артық салмақ түсірмей баспаналы болуға көмектесіп жатырмыз» деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Қостанай қаласының тұрғыны Серік Қабиев он жыл бұрын жер теліміне жазылған еді, банкке ақша жинаған болатын. Ол 115 шаршы метр үйдің әр шаршы метрін 115000 теңгеден алды. Үй бағасының 30 пайызын төлеп, қалғанын төлеуге банк  5 пайыздық үстемемен несие берді.  

«Қуанышымызда шек жоқ. Мердігер компания үйді 3,5 айда салып бітті. Іші кең, үш бөлме, есіктің алдында  жері бар, осындай үй өзіміздің арманымыз болатын» дейді Серік Қайырбекұлы.

Жыл соңына дейін тағы да 60 отбасы осы жерден баспаналы болады. Шағын тұрғын ауданнан 270 үй салынбақ.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ