Соның бірі Тәңірберген ауылдық округі аумағындағы «Керуен сарай» кемпингі деуге болады. Аталған кәсіпкерлік нысан жоғарыда аталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 44-шақырымында орналасқан. Аумағы 800 шаршы метрді алып жатқан қызмет көрсету орны өткен жылы пайдалануға берілген. Мұнда 180 орындық қоғамдық тамақтандыру және екі адамдық нөмірлерден тұратын қонақүй кешендері орналасқан. Бұған қоса монша, кір жуу комбинаты секілді қосалқы нысандар іске қосылған. Меншік иелері келесі кезекте кемпинг аумағында спорт алаңдарын ашып, бұл маңайды абаттандыру мен көгалдандыру мәселелерін ойластырып отыр екен.
Осы орайда «Керуен сарай» секілді кемпингтер 10-нан асатынын айтуымыз керек. Бұған қоса биылғы жылы тағы да 3 кемпинг пайдалануға берілмек. Ал біз журналистік іссапармен ауданға жолымыз түскен күні «Азия» атты инфрақұрылымдық нысанның ашылу рәсімі өткізілді. Алдағы жылы ауданда ірге көтеретін қызмет көрсету нысандары бірнеше есе өседі деп күтілуде. Бұл үшін халықаралық көлік дәлізі бойынан 83 жер телімі бөлінген.
Осы ретте «Біз ел аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысын аяқтау арқылы біртұтас инфрақұрылымдық жүйенің қалыптасуын қамтамасыз ете аламыз» деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі ойға орала береді. Шын мәнінде дәл солай болып отырғанына Ақтөбе облысы аумағында ашылған кәсіпкерлік бағыттағы нысандар мен инфрақұрылымдық жүйелер куә.
Мәртөктегі кәсіпкерлік нысандар қатарының екінші бір легін ауыл шаруашылығы бизнесіне қатысты құрылымдар құрайды. Мұның ішінде «Айс» ЖШС тауарлы сүт фермасының орны ерекше екені кәміл. Оның 110 бас аналық ірі қара малға арналған қос кешені бар. Мұнда әр күн сайын 20 тонна сүт өңделіп сауда орындарына жіберіледі. Шаруашылық өздерін жемшөппен және өзге де қажетті мал азығы түрлерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Мұның басты көзі судан шөбі және жүгері өсірілетін алқаптар болып табылады.
Бүгінгі күні республикамыздың барлық өңірлері мен ауыл-аудандарына тән көңілсіз көріністің бірі мал терілерінің пайдаға асырылмай, өңделмей аяқасты болып жатқаны десек шындықтан ауытқымаймыз. «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, бұл өзі қайта қайта айтылып әбден жауыр болған мәселе екеніне де ешкім талас туғыза алмайды. Алайда бұдан ешқандай нәтиже шықпай келгенімен де еріксіз келісуге тура келеді. Айтайын дегеніміз, осы олқылықтың орнын Мәртөк ауданындағы «Оптима-Капитал» ЖШС толтырыпты.
Осы жекеменшік кәсіпорынның басы-қасында жүргендер ірі-қара малының терілерін бастапқы өңдеуден өткізетін іргелі өндірістің құрылуына бастамашы бола біліпті. Бұл құптауға да, қолдауға да әбден лайықты қадам деп білеміз. Жалпы аумағы 924 шаршы метрді құрайтын өндіріс орны жеке кәсіпкерлік қаражаты есебінен салынған. Мұндай әрқайсының сиымдылығы 6 тонна болатын үш діңгек пен үш ділдек орнатылған.
Осы сипаттағы өңдеу өнеркәсібі бірінші кезекте ветеринарлық нормативтер мен талаптарды қатаң сақтауды қажет ететіні белгілі. Осы орайда компания жетекшілері ауа тазартатын қондырғыларды орнатуға баса көңіл бөлгені де жағымды жайт. Биыл «Кең дала» бағдарламасы бойынша қомақты несиеге қол жеткізген «Оптима-капитал» ЖШС-нің ірі қара малының терісін өңдеуді қолға алған жетекші мамандары алдағы жылы өз істерінің ауқымын одан әрі өсіруді ұйғарған. Олар тек биылғы жылдың өзінде 100 тоннаға жуық шикізат өңдеп, оның белгілі бір бөлігін өзара келісімге сәйкес Түркияға жіберіпті.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Мәртөк ауданы