Мұнда отандық картиналар 8 аталым бойынша, ал түркітілдес елдер және көршілес мемлекеттерден қатысқан фильмдер бір аталымда бақ сынады.
Биылғы «Тұлпардан» үміткерлердің ішінде Нұртас Адамбайдың «Тараз», Катерина Суворованың «Ертең теңіз», Гауһар Нұртастың «Тоқал», Светлана Фортунаның «А.Л.Ж.И.Р» фильмдері де болған еді. Әдеттегідей, кино мерекелерінде қызыл кілемнің үстімен қуаныш құшағында жүріп өтетін режиссер Ақан Сатаевтың жеңісті жолы бұл кеште де жалғасын тауып, ол түсірген «Аудандардың» төбесінен жүлде жауған күн болды.
Сонымен «Үздік фильм» де, «Үздік режиссерлік жұмыс» та, «Үздік сценарий» де, «Фильмге жазылған үздік музыка» да, «Үздік ер адам» да режиссер Ақан Сатаевтың «Аудандарында» болып шықты. Тимур Жақсылықов үздік сценарийдің иесі атанса, үздік композитор Әлім Заиров пен үздік актер Елтеріс Нұржанов осы «Аудандардың» ішінен табылды. А.Сатаевтың фильмінен кейін ең көп жүлдені иеленген фильм «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» болды. «Алмас қылышта» жарқылдаған Қайрат Кемалов та Елтеріспен бірге «Үздік ер адамның рөлін» бөлісті. Бұл тарихи туындыдағы Сапар Койчуманов, Александр Плотников «Үздік операторлық жұмыс», Сәбит Құрманбеков пен Өмірзақ Шманов «Үздік қоюшы-суретші жұмысы» үшін марапатталды. «Ғаламторда» ойнаған Айсұлу Әзімбаева «Үздік әйел рөлін» жеңіп алды. Асанәлі Әшімовке «Қазақстан кинематографиясына қосқан үлесі үшін» жүлдесі табысталды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ