Хоккей • 26 Қыркүйек, 2017

«Құлагер» – Қызылжардың мақтанышы

122 реткөрсетілді

Елімізде шайбалы хоккейдің дамуы өткен жылдардың 50-ші жылдарынан басталады. Осы кезеңде Петропавл қаласында «Металлист», «Авангард» командалары жасақталып, ел біріншіліктерінде өнер көрсетті. Топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінбесе де, маңайына спортқа бейім жастарды топтастырып, шеберліктерін ұштауға, тәжірибе жинақтауға айтарлықтай ықпал етті. Олардың арасынан жасындай жарқылдағандары Ресейдің мұз айдындарында атой салды. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты командалар тарап кеткеннен кейін хоккей десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер отыз жылға жуық спорттың осы түрінен көз жазып қалды.  Тек 2015 жылы мамырда облыстың сол кездегі әкімі Ерік Сұлтановтың тікелей қолдауымен құрылған «Құлагер» хоккей командасы солтүстікқазақстандықтардың су сепкендей басылған үміт отын қайта тұтатқандай болды. Расында да сенім алдамапты. Айналасы екі жылдың ішінде биік белестерді бағындырды. Ол жайлы команданың бас бапкері Вячеслав БЕЛАН бізге әңгімелеп берді.

– Командамыз жас болса да, «ә» дегеннен ел чемпионаты мен кубок жарыстарында жақ­сы қырынан танылды. Биыл құрамның тең жартысына жуығы жаңаланып, жастар­мен толықты. Мәселен, «Астана» хоккей клубынан 19 жас­тағы шабуылшы Әмір Әлібаев қабылданды. Команда намысын сайдың тасындай ірік­телген 28 хоккейші қорғай­тын болады. Ильгиз Нуриев, Дмитрий Исма­гилов, Денис Стасюк секілді тәжірибелі ойын­шыларға арқа сүйейміз. 

Қазақстан чемпионатының 2017-2018 жылғы маусымының салтанатты ашылу рәсімінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов екінші рет ел кубогының жеңімпазы атануымызбен құттықтап, жеңіске деген сенімімізді жігерлендірді. 

– Десек те, жанкүйерлер тек жеңіс күтіп, қанша қолдағанмен, көкейлерінде өкініш табы қалған сияқты.

– Кез келген жарысты кібір­тіктей, қобалжыған көңілмен бас­тау заңды құбылыс дер едім. Бұған дейін Рудныйдың «Гор­нягынан» 11 рет басым түске­німіз­бен, олар өзіндік ойын өрне­гі қалыптасқан команда саналады. Бірінші кездесуде 3:1 есебімен ұтқанымызбен, екінші кездесуде 1:2 есебімен есе жіберіп алдық. Бәлкім командалық ойын машығы, жекелеген шеберліктер жетіспеген болар. Оның үстіне команда капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ильгиз Нуриевтің ауыр жарақат алып, қарымта кездесуге қатыса алмауы матч тағдырына әсер еткен тәрізді. Алдағы уақытта тактикалық тұр­ғы­дан ойласатын мәселелер жоқ емес. 

– Ел біріншілігіне 2015 жылы тұңғыш рет қатысып, алғашқы ой­ынды елорданың «Номад» ко­мандасына қарсы өткіз­ген­деріңіз, онда да итжығыспен тарас­қандарыңыз есімізде... 

– Бір ұтылыс, бір ұтысты айтып тұрсыз ғой. Оның алдында ғана Көкшетау қаласында елор­даның «Астанасын», көкше­таудың «Арланын», Рудныйдың «Горняк» және Қарағандының «Теміртау» командаларын тізе бүктіріп, «Жеңіс кубогы» маусымалды турнирінің жеңімпазы атанған болатынбыз. Қазақстан чемпионатын көтеріңкі көңіл-күймен бастағанмен, бірден азулы қарсыласқа тап болдық. Хок­кей­шілеріміздің ерекше толқып тұрғаны байқалды. Қанша айт­қанмен, бәсі жоғары додада бі­рінші рет күш сынасу оңай емес. Тәжірибенің аздығы білініп тұрды. Дегенмен, тең тарқасуымыздың өзі неге тұрады?!

– Алғашқы кубокты қан­жығаға байлаған кездегі сәт­ті айтыңызшы? Солтүс­тік­қа­зақ­стандық спорт сүйер қау­ым команданы төбелеріне тік кө­теріп әкеткендей болды ғой?!

– Әрине! Өз тобымызда өткізген төрт ойында да оза шауып, финалдық бәсекеде Павлодардың «Ертісімен» жолығыстық. Матч аяқталуға санаулы секундтар қал­ғанда Илья Ахметовтің соққан шайбасы бізге жеңіс сыйлады. Биылғы Кубок жарысының соңғы сайысында Қазақстанның бірнеше дүр­кін жеңімпазы Атыраудың «Бей­бары­сын» 3:2 есебімен ұтып, екінші рет жеңістің ең биік тұғырына көте­рілдік.

– Ұлттық біріншіліктің 2015-2016 маусымында қо­ла ме­даль­­ды жеңіп алғанда­ры­ңыз­бен, биылғы турнир қо­ры­тын­­­­­ды­сында төмен сыр­ғы­ған­дары­ңыз­ды қалай түсін­діресіз? 

– Плей-офф кезеңінде елі­міздің екі дүркін жеңімпазы аты­раулық «Бейбарысқа» есе жіберіп, үшінші орынға табан тіреуіміз құрылғанына әлі жыл тола қоймаған команданың ерен ерлігі десе де жарасады. Ал би­ылғы біріншілікті «бес­тік­те» түйін­деуіміздің бар сыры тәжі­рибелі хоккейшілердің ойын­дарға толыққанды қатыса алмауында. Мысалы, қорғаушы Александр Нурек Дүниежүзілік Уни­версиа­даның күміс жүл­дегері атанды. Шабуыл­шылар Ильгиз Нуриев пен Максим Волков Азия ойындарынан алтын тағып оралды. Бұл – ақталу емес, мәселенің мәнісін түсіндіру. Құрамға легионерлермен қатар қазақстандық және жергілікті жас­тар іріктеліп алынғанын жоға­рыда айттым. Алға қойған мақсатымыз биік. Командалық тартымды ойын өрнегін көрсете отырып, топ жару. Оған қай жағынан болсын мүм­кіндігіміз толық жетеді. 

Әңгімелескен 
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар