– Командамыз жас болса да, «ә» дегеннен ел чемпионаты мен кубок жарыстарында жақсы қырынан танылды. Биыл құрамның тең жартысына жуығы жаңаланып, жастармен толықты. Мәселен, «Астана» хоккей клубынан 19 жастағы шабуылшы Әмір Әлібаев қабылданды. Команда намысын сайдың тасындай іріктелген 28 хоккейші қорғайтын болады. Ильгиз Нуриев, Дмитрий Исмагилов, Денис Стасюк секілді тәжірибелі ойыншыларға арқа сүйейміз.
Қазақстан чемпионатының 2017-2018 жылғы маусымының салтанатты ашылу рәсімінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов екінші рет ел кубогының жеңімпазы атануымызбен құттықтап, жеңіске деген сенімімізді жігерлендірді.
– Десек те, жанкүйерлер тек жеңіс күтіп, қанша қолдағанмен, көкейлерінде өкініш табы қалған сияқты.
– Кез келген жарысты кібіртіктей, қобалжыған көңілмен бастау заңды құбылыс дер едім. Бұған дейін Рудныйдың «Горнягынан» 11 рет басым түскенімізбен, олар өзіндік ойын өрнегі қалыптасқан команда саналады. Бірінші кездесуде 3:1 есебімен ұтқанымызбен, екінші кездесуде 1:2 есебімен есе жіберіп алдық. Бәлкім командалық ойын машығы, жекелеген шеберліктер жетіспеген болар. Оның үстіне команда капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ильгиз Нуриевтің ауыр жарақат алып, қарымта кездесуге қатыса алмауы матч тағдырына әсер еткен тәрізді. Алдағы уақытта тактикалық тұрғыдан ойласатын мәселелер жоқ емес.
– Ел біріншілігіне 2015 жылы тұңғыш рет қатысып, алғашқы ойынды елорданың «Номад» командасына қарсы өткізгендеріңіз, онда да итжығыспен тарасқандарыңыз есімізде...
– Бір ұтылыс, бір ұтысты айтып тұрсыз ғой. Оның алдында ғана Көкшетау қаласында елорданың «Астанасын», көкшетаудың «Арланын», Рудныйдың «Горняк» және Қарағандының «Теміртау» командаларын тізе бүктіріп, «Жеңіс кубогы» маусымалды турнирінің жеңімпазы атанған болатынбыз. Қазақстан чемпионатын көтеріңкі көңіл-күймен бастағанмен, бірден азулы қарсыласқа тап болдық. Хоккейшілеріміздің ерекше толқып тұрғаны байқалды. Қанша айтқанмен, бәсі жоғары додада бірінші рет күш сынасу оңай емес. Тәжірибенің аздығы білініп тұрды. Дегенмен, тең тарқасуымыздың өзі неге тұрады?!
– Алғашқы кубокты қанжығаға байлаған кездегі сәтті айтыңызшы? Солтүстікқазақстандық спорт сүйер қауым команданы төбелеріне тік көтеріп әкеткендей болды ғой?!
– Әрине! Өз тобымызда өткізген төрт ойында да оза шауып, финалдық бәсекеде Павлодардың «Ертісімен» жолығыстық. Матч аяқталуға санаулы секундтар қалғанда Илья Ахметовтің соққан шайбасы бізге жеңіс сыйлады. Биылғы Кубок жарысының соңғы сайысында Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Атыраудың «Бейбарысын» 3:2 есебімен ұтып, екінші рет жеңістің ең биік тұғырына көтерілдік.
– Ұлттық біріншіліктің 2015-2016 маусымында қола медальды жеңіп алғандарыңызбен, биылғы турнир қорытындысында төмен сырғығандарыңызды қалай түсіндіресіз?
– Плей-офф кезеңінде еліміздің екі дүркін жеңімпазы атыраулық «Бейбарысқа» есе жіберіп, үшінші орынға табан тіреуіміз құрылғанына әлі жыл тола қоймаған команданың ерен ерлігі десе де жарасады. Ал биылғы біріншілікті «бестікте» түйіндеуіміздің бар сыры тәжірибелі хоккейшілердің ойындарға толыққанды қатыса алмауында. Мысалы, қорғаушы Александр Нурек Дүниежүзілік Универсиаданың күміс жүлдегері атанды. Шабуылшылар Ильгиз Нуриев пен Максим Волков Азия ойындарынан алтын тағып оралды. Бұл – ақталу емес, мәселенің мәнісін түсіндіру. Құрамға легионерлермен қатар қазақстандық және жергілікті жастар іріктеліп алынғанын жоғарыда айттым. Алға қойған мақсатымыз биік. Командалық тартымды ойын өрнегін көрсете отырып, топ жару. Оған қай жағынан болсын мүмкіндігіміз толық жетеді.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы