26 Қыркүйек, 2017

Ұзақбай ҚАРАМАНОВТЫҢ жақындарына көңіл айтты

1368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан жұртшылығы ауыр қайғыға ұшырады. 81 жасқа қара­ған шағында Қазақстан Рес­пуб­ликасының белгілі сая­си және мемлекет қайраткері Ұзақбай Қараманов дүние салды. 

Ұзақбай ҚАРАМАНОВТЫҢ жақындарына көңіл айтты

Ұзақбай Қараманов 1937 жылы 29 тамызда Қызылорда облысындағы Арал ауданының Ұялы ауылында туған. 1959 жылы А.И.Микоян атындағы Куйбышев инженерлік құрылыс институтын тәмамдап, 1961 жылы КСРО Сәулет және құры­лыс академиясы жанын­дағы Жоғары инженерлік курстың тыңдаушысы болды.

Еңбек жолын 1959 жылы Ақтөбе облавтотресінің Шұбар құдық автобазасында прораб ретінде бастап, 1961 − 1964 жыл­­дары «Қызылордақұрылыс» тресінің өндірістік-техникалық бөлі­мінің аға инженері, Арал қаласында құрылыс басқар­масының бастығы болып еңбек етті. 1965 – 1980 жылдары «Ал­ма­ты­­өнеркәсіпқұрылыс» меке­­месінде, «БасАлматы­Құрылыс» Қазақ КСР Ауыр индус­трия кәсіп­орындары құрылысы минис­трлігінің Бас басқармасында бас­шылық қызметтер атқарды. 

1980 – 1986 жылдары Қазақ КСР жеңіл өнеркәсіп минис­трінің орынбасары, Қазақ КСР құрылыс министрінің бірінші орын­басары лауазымдарын атқарды. 1987 жылғы сәуірде Қазақ КСР материалдық-техни­калық жабдықтау мемлекеттік комитетінің төрағасы болды.
1989 жылғы шілдеде Ұзақбай Қараманов Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төр­ағасы, 1990 жылғы қарашада Қа­зақ КСР-інің Премьер-Ми­нистрі болып тағайындалды.  

Ұзақбай Қараманов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII, XIII ша­қы­рылымдарының, екінші ша­қырылымдағы (1999-2004 жылдар) және үшінші шақы­рылымдағы (2004-2007 жылдар) Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжі­лісінің депутаты болып сайланды. 

Ұзақбай Қараманов ІІ дәре­желі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медаль­дармен, құрметті атақтар­мен марапатталған. 
Ұзақбай Қараманов қазіргі Қазақстанның қалыптасуына, республиканың құрылыс сала­сының дамуына елеулі үлес қос­ты. Ол өз елінің шынайы пат­­риоты, білікті басшы және жо­ға­ры деңгейдегі кәсіби маман болды.

Ұзақбай Қарамановтың жар­қын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады. 

Қазақстан Республикасының Үкіметі