Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өткен бокс кешінде Дон Трелла, Дейв Моретти және Аделаида Берд төрелік етті. 12 раундтың қорытындысы бойынша айқастың жеңімпазы анықталмай, тең аяқталған болатын.
Аделаида Берд 118-110 есебін тіркеп, жеңіске Альварес лайық деп таныған. Оның бұл шешімі көрермендер мен әлемдік деңгейдегі сарапшылардың наразылығын тудырған еді. Ал Дейв Моретти 115-113 есебімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті деп есептеді. Өз кезегінде Дон Трелла 114-114 есебімен тең аяқталды деген шешім шығарды.
Daily Mail-дің хабарлауынша, әр төреші бұл кездесуден 100-500 мың доллар аралығында ақша тапқан. Алайда, чекті Golden Boy промоутерлік компаниясы бергеннен кейін нақты сомасы әзірге белгісіз.
Аталған басылым осыған дейін Головкин мен Альварестің табысын да жария еткен. Мәліметтер бойынша қазақстандық боксшы 25 млн доллар тапса, мексикалықтың үлесіне он миллион артық тиген.
Ал Испанияның беделді Marca.com басылымы PPV ақылы трансляция арқылы қанша пайда түскенін жариялаған. Басылымның ақпары бойынша ұйымдастырушылар 100 млн доллар пайда тапқан. Бұл тиісінше 1,25 млн PPV сатылымына тең. Алайда, HBO бұл көрсеткіш екі млн-нан асады деп болжам отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, Головкин-Альварес жекпе-жегі T-Mobile аренасында көрермендер саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Los Angeles Times тілшісі Лэнс Пагмайердің айтуынша, ұйымдастырушылар билет сату арқылы 30 млн доллар қаржы тапқан.