Орталық саябақта қала әкімі Ермак Сәлімов зауыттар мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін еңбекқор отбасыларға сый-сыяпат тапсырды. Мәселен, Нұрахметовтер отбасы «Семей инжиниринг» АҚ-ында 52 жыл бойы жұмыс істейдім екен. Тіпті олардың немерелері осы кәсіпті атадан балаға мұра етіп алған. Ал орыс ұлтының өкілдері, Слухай отбасы «Қазполиграф» ЖШС-інде жұмыс істегендіктеріне 97 жыл болыпты. Осылайша қаладағы Орталық саябақта қала күнін атап өту шарасы күн суықтығына қарамастан қызып жатты. Бірақ та, осында ашық кинотеатр ашылады деп күтілгенмен бұл ауа-райының қолайсыздығына орай біраз кейінге шегерілді. Өйткені қар жауып кетті. Ал қалалық Мәдениет үйінде Алаштың 100 жылдығына арналған «Аламан айтыс» өтті. Қалалық «Арбат» көшесінде суретшілер мен мүсіншілер қала көшелерін бейнелеген жеке туындыларын халық назарына ұсынды.
Арбатқа жалғас қаланың 72 квартал ауданы оң жағалаудың Орталық бөлігіне жатады. Мұндағы «Революционерлер алаңында» қаладағы айтулы №3 мектептің ұжымы көрме ұйымдастырып, қала тұрғындарын қолөнер туындыларымен ерекше тәнті етті.
-Біздің мектеп орналасқан 72 квартал аумағы үнемі жаңалықтардың жаршысы, небір қызықты шаралардың ордасы деуге болады,-деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Мейрамғалиқызы,-біздің жанымыздан міне, Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ашылды. Алашорда үкіметінің 100 жылдығын атап өтудеміз. Соған орай, мектеп ұжымы бір ауыздан басшымыз Нұржан Ахметқалиевтің бастамасымен Семей қаласының 299 жылдық мерейтойына ерекше атсалысуды жөн көрдік. Қарап отырсаңыздар Астана қаласындағы Бәйтерек, Үкімет үйі, алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтардың фотосуреттерін де халық назарына ұсынып отырмыз.
-Біз бүгін қала күнін атап өтудеміз, бұл қаланың тағдыры тарихқа толы,-деді қаладағы қадірменді әрі үлгілі ұстаздардың бірі Баян Нұрғалиева,-әлемге Абайдай ұлы адамды сыйлаған, осы топырақта Шәкәрім мен Мұхтар даналар өмірге келген. Мен өз оқушыларыма біздің Семейде Абайдың досы Евгений Михаэлис, Шоқан Уәлихановтың жолдасы Федор Достоевскийлер де өмір сүріп, осы қалада өздерінің небір тамаша туындыларын жазғандықтарын үнемі айтып отырамын. Семей қаласы өркениеттің, озық мәдениеттің қаласы. Қала күні құтты болсын демекпін!
Ертіс жағалауында ақ халатты абзал жандар, дәрігерлер де ән салып, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Осында әкелінген «Юнис» шұлық-нәски фабрикасының өнімдерін қала жұртшылығы жаппай сатып алды. Ал «СемАЗ» ЖШС-інің тракторлары мен Силикат зауытының түрлі-түсті кірпіштері де келушілердің көзайымына айналды.Біздің қаламызда да осындай іргелі өндіріс орындары ұлғайып, жанданып келе жатқандығының көрсеткішіндей болды. Халық осы өндіріс өнімдеріндегі «Made in Semey» деген жазуды көріп, ризашылықтарын жеткізді. Ал саяжай тұрғындары да мерекеден қалыс қалмады. «Шығыс» саяжайының тұрғыны Нұрбол Айшуақов мерекеге 15 килограмдық асқабақ әкеліпті. Кешке қарай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қала күні түн ортасына дейін мерекеленді.
Раушан Нұғманбекова, суреттер автордыкі
Семей қаласы.