Енді міне, сол мәселе шешілді. Қазақстан Республикасының басшысы Н.Назарбаев пен Ресей Федерациясының басшысы В.Путиннің былтыр болған кездесуі кезінде қол қойған келісіміне сәйкес 2017 жылдың 26 қыркүйегінен, яғни бүгіннен бастап «Астана-Орал» және «Алматы-Орал» бағытындағы алғашқы «Тұлпар-Тальго» типінде жасақталған жүрдек жолаушылар пойызы жолға шықты.
«Астана-Орал» бағытындағы пойыз «Астана-Нұрлы-жол» бекетінен 26 қыркүйек күні сағат 11:33-те (Астана уақыты) шығып, Орал қаласының теміржол бекетіне 27-ші қыркүйек күні сағат 11:42-де (жергілікті уақыт) келіп тоқтайды.
Ал «Алматы-Орал» бағытындағы пойыз «Алматы-2» бекетінен 26 қыркүйек күні сағат 20:17-де (Астана уақыты) қозғалып, Орал қаласының теміржол бекетіне 28 қыркүйек күні 09:37-де (жергілікті уақыт) тоқтайды.
«Орал-Астана» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 26 сағат 14 минутты құрап, 14 сағат 33 минутқа қысқарады. Ал «Орал-Алматы» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 37 сағат 11 минутты құрап, 22 сағат 29 минутқа қысқарады. «Саратов-Алматы» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 40 сағат 47 минутты құрап, 10 сағат 9 минутқа қысқарады.
«Орал-Астана» бағытындағы пойыз тақ күндері, «Орал-Алматы» бағытындағы пойыз жұп күндері жүреді.
Жолаушылар билетінің бағасы: «Орал-Астана» – 9 102 теңге (купе), 17 623 теңге (люкс), «Орал-Алматы» – 16 232 теңге (купе).
Әр пойыз 27 вагоннан тұрады. Оның 22-сі жолаушылар, 2-уі мейрамхана, 3-уі қызмет вагоны.
Айта кету керек, жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыру мақсатында Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік шекараларынан өту кезіндегі тексерістер алып тасталды.
Рас, билет бағасы сәл қымбаттағаны байқалады. Алайда «ең қымбат нәрсе – уақыт» деген заманда алысты жақындатып, уақытты үнемдейтін бұл жаңалықты оралдықтар қуана қабылдап жатыр.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»