Үкімет • 26 Қыркүйек, 2017

Үкіметте ауылды сапалы интернетпен қамту мәселесі қаралды

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барасында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды primeminister.kz

Үкіметте ауылды сапалы интернетпен қамту мәселесі қаралды

Отырыста Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтарды жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту бойынша бағыт қарастырылғанын баяндады.



«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, сіздің тапсырмаңызға сай министрлік болашағы бар 1700-ге жуық ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмысын қолға алуда. Яғни, бұл 2 миллоннан астам тұрғын сапалы интернетке қол жеткізеді деген сөз. Жобада қамтылатын ауылдардың тізімі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, анықталуда. Жалпы бұл жоба 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр», - деді ол.

Жоба электронды саудамен қамтуды, электронды үкіметтің қызмет көрсетулерін, интерактивті білім беру, денсаулық сақтау құралдарын кеңейту есебінен едәуір әлеуметтік-экономикалық әсерге ие болады деп болжанып отыр.

Бүгінгі таңда 122 қаланың барлығы және 1 200-ге жуық ауылдық елді мекен Интернет желісіне жоғары жылдамдықты қолжетімділікке ие. Одан кейін министрлік жалпы халқы 2 млн астам адам болатын 1 800 ауылға байланыс желісін тартуды жоспарлап отыр.

Нәтижесінде, 2021 жылға дейін ұзындығы 24 000 км болатын талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Бұл жергілікті атқарушы органдарды және мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерін Интернетке қосуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаны 13 жылдың ішінде (2018-2030 жж.) мемлекеттік органдардың байланыс қызмет көрсетулерін кепілдікті пайдалануды қамтамасыз етумен мемлекеттік-жекешелік әріптестік сызбасы бойынша іске асыру жоспарланған.

Нәтижесінде Интернетке қолжетімділіктің секундына 20 мегабитке дейін жылдамдығын қамтамасыз ету жоспарланған, сондай-ақ денсаулық сақтау және жергілікті мемлекеттік органдардың мекемелерінде шамамен 2000 мектеп пен 1 200 нүктені қосу жоспарланған.

АКМ жобасын іске асыру үшін іс-шараларды және оларды орындау мерзімдерін көрсете отырып, жол картасы әзірленді және бекітілді. Байланыс операторлары тарапынан жекеменшік серіктестерді анықтау бойынша байқау өткізу үшін құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды.

Ұсынылған Жобаны іске асыру 2018-2020 жылдарға жоспарланған.