Министрдің дерегінше, жалпы республика бойынша 6 956 мектеп немесе 98 пайызы желіге қосылған, алайда секундына 4 мегабитпен кең жолақты интернетке тек 34 пайызы қосылған. Соңғы екі жылда аталған көрсеткіш 9 пайызға ұлғайтылған.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қазіргі таңда интернет білім беру жүйесін дамытудың маңызды элементі екенін атап өтті.
Бүгінде Қазақстан мектептерінің басым бөлігінде цифрлы оқыту ресурстары қолжетімді, яғни бұл ретте 80 мыңнан астам материал бар. Олардың ішінде үш тілде интерактивті және мультимедиялық сабақтар, видеоларды айтуға болады, деді министр. Олар оқыту процесін толықтыратын материалдар, әсіресе шағын жинақты мектептер үшін өте қажет. Сондай-ақ электронды күнделіктерді тұтастай пайдалануды қамтамасыз ету маңызды. Осының барлығы үшін жоғары жылдамдықты интернет керек.
Айтқандай, бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісіне қосуды қамтамасыз ету Жобасы қаралды.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»