Қазіргі күні цифрландыру мәселесі денсаулық сақтау саласында да өте өзекті екені мәлім. Осыған орай Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгінгі таңда еліміздің денсаулық сақтау желісін 6 030 нысан құрайтынын, сонымен қатар қалалар мен аудан орталықтары деңгейінде интернетке 100 пайыз қосылғанын, дегенмен шалғайда орналасқан елді мекендерде интернетке қолжетімділікке қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар екенін мәлімдеді. Қазақстанда 166 аудандық және ауылдық аурухана мен емхана бар, олардың 85 пайызы желіге қосылған, ал 50-ден 800-ге дейінгі адам тұратын елді мекендерде медпунктердің интернет желісіне қосылуы 4 пайызды құрайды.
Осылайша, денсаулық сақтау жүйесінде желіге қосылмаған нысандар саны 3 715-ті құрайды. Сондай-ақ ұсынылған жоба аясында кең жолақты интернетке 1 700 нысанды қосу жоспарда бар. Осыған орай қалған нысандарды қосу үшін байланыстың өзге тәсілдерін, соның ішінде телефон операторлары қызметтерін қарастыру көзделген.
Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісіне қосуды қамтамасыз ету Жобасы қаралған болатын.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»