Саясат • 26 Қыркүйек, 2017

Гендерлік саясат мәселесін талқылады

689 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат ұлттық комиссияның отырысы өтті. 

Гендерлік саясат мәселесін талқылады

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Қазақстанның үшінші жаңғыруды іске асыруға кірісіп кеткенін атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздің барлық аймақтарында Елбасы белгілеп берген негізгі үш саланы – экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы жаңғырту бойынша алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру басталып кетті.

«Елбасы Н.Назарбаев экономикалық, саяси және рухани жаңғыру бағыттарында реформаларды бастап берді. Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтті. Осы шараның аясында «Әйелдер болашақ энергияны қолдайды» атты әлемдік форум болғаны өздеріңізге мәлім», – деген Г.Әбдіқалықова комиссия мүшелерінің шараны өткізу барысында атқарған жұмысына тоқталды.

Мемлекеттік хатшы рухани жаңғырудың озық үрдістерін іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың бойында рухани құндылықтарды, бәсекеге қабілеттілікті, прагматизмді қалыптастыру, ұлттық ерекшелікті сақтау, білімге құштарлықты артыру ісінде отбасының, әсіресе, өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырған әйелдердің басты рөл атқаратыны сөзсіз.

Отырыс барысында Г.Әбдіқалықова еліміздегі әйелдер қауымын Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген 6-шы бағытты ілгерілету үшін барынша күш жұмылдыруға шақырды.

Сонымен қатар, жиында Қазақстанның БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде Сыртқы істер министрлігінің баяндамасы тыңдалды. Министрдің орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, елімізде кез келген саладағы әйелдердің үлесін 40 пайызға жеткізу көзделген.

«2015 жылы БҰҰ-ның бас ассамблеясы кезінде ұйымға мүше елдердің бәрі 17 орнықты даму мақсатын бекіткен болатын. Соның бірі гендерлік саясатқа қатысты. Меженің басты мақсаты қоғамның жартысын құрайтын әйелдер қауымының мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, тепе-теңдік сақтауға көңіл бөлу», – деді Е.Ашықбаев.

Жиында мемлекеттік қызметті жаңғырту және мансап тұрғысынан ілгерілеу барысында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жөніндегі мәселе қаралды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің арасында әйелдердің үлесі – 55,5 пайызды құрап отыр. Бұл – былтырғы көрсеткішке қарағанда 0,5 пайызға жоғары.

«Биылғы қаңтардан бастап 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру басталып кетті. Соған сәйкес, бүгінгі комиссия отырысында мемлекеттік қызмет деңгейінде әйел жұмысшылардың пайыздық мөлшерін арттыру мәселесі қаралды. Басты бағыттардың бірі – мансаптық тұрғыдан көтерілуге мүмкіндік беру», – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов.

Аппарат басшысының деректеріне сүйенсек, 2016 жылы «Б» корпусындағы әкімшілік лауазымдарды иеленуге арналған конкурстарға қатысқан әйелдердің мөлшері 48 пайызды құраған. Жұмысқа алыну бойынша да нәзік жандылардың ара салмағы 48,5%-ға жетіпті. Былтыр басшылық қызметке тағайындалған әйелдердің үлесі 34,8 пайызға жетіп жығылған. С. Ахметжанов 2030 жылға дейін басшылық қызмет атқаратын әйелдердің ара салмағын 30 пайызға дейін көбейту жоспарланғанын айтады.

«Былтыр мемлекеттік қызметкерлер арасында аттестациядан өту жүргізілді. Сонда нәзік жанды азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында балалы, аяғы ауыр болуын және отбасылық жағдайына қарап кейбір әйелдерді еңбек құқықтарына сәйкес аттестациядан босатылды», –деген С.Ахметжанов келешекте әйелдердің отбасына көңіл бөлуіне мүмкіншілік беру мәселесі жоспарланып отырғанын айтады.

Бұдан бөлек, отырыста өмірде күрделі жағдайларға тап келген тұлғаларға қолдау көрсету жөніндегі «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының жұмыс тәжірибесі таныстырылды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың сөзіне сүйенсек, аймақта гендерлік саясат мәселесі тиімді жолға қойылған.

«Облыста азаматтық қоғам мен мемлекеттік мекемелердің өзара байланысы аясында гендерлік саясат, әлеуметтік қорғау деңгейі төмен тұрғындарға көмек көрсету, жастарды қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен белсене жұмыс істеп келеді. Былтыр ҮЕҰ-лармен 375 миллион теңге көлеміндегі қаржыға жоба жүргізсек, биыл 400 миллион теңге қаражат игерілді», – деді Ә.Нүсіпова.

Мемлекеттік хатшы жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Айта кету керек, Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдармен реттеледі. Былтыр Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы сәтті іске асырылып, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»