Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», деп атап айтқан болатын. Туған тіліміздің тамырына қан жүгіртіп, бабалардың аманат еткен тілін ұрпағына саф таза қалпында жеткізуге бастайтын ұлы бастаманы халқымыз сарыла күткен еді. Ел ішінде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша түрлі іс-шаралар өткізілді. Зиялы қауым өкілдерінің, тіл майталмандарының, тарихшылардың, ғалымдардың, сарапшылардың, жалпы бұқараның ой-пікірлері ортаға салынды. Латын әліпбиінің түрлі нұсқалары сараланды, әліпбиді жасау барысында қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің сақталуы, сонымен қатар ғылыми принциптер негізге алынды. Әліпбиді тіл мамандары әлі де зерттеу үстінде.
Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ. Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көп ұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айту керек.
Еліміздің үштілділікке көшу үдерісі жылдамдап, ғылымымыз қарыштап дамиды. Уақыт сынынан өткен өміршең латын графикасын қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы меңгерген екен. Әлемде көп таралған жазбаның бірі латын алфавиті екенін, әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге зор мүмкіндіктер туғызады. Латын жазуына көшу бүгінгі күннің кезек күттірмес қажеттілігі екенін, латын жазуы әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол болатынын қазақстандық әр азамат білуге тиіс.
Латын әліпбиіне көшу үрдісі бір күндік шаруа емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын, зор жауапкершілікті қажет ететін игі іс. Жаңа әліпби ағымдағы жылдың соңына дейін дайындалады, Келер жылдан бастап әліпбиді енгізу бойынша білім беру ұйымдарында арнайы кесте бекітіліп, жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Ең әуелі білікті кадрлар даярланады, оқулықтар басылып шығарылады, нормативтік сөздіктер әзірленеді. Білікті мамандар даярланып болған соң ғана латын жазуы барлық білім беру ұйымдарында жаппай оқытыла бастайды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Қарағанды мемлекеттік университетінде де мұқият оқылып, жан-жақты талдану үстінде. Әсіресе ғалымдарымыз, тіл мамандары, көзі қарақты, көкірегі ояу жастарымыз латын әліпбиі төңірегінде тұщымды ой-пікірлерін білдіруде. Студент жастардың латын графикасын енгізу мәселесін ықыласпен қабылдағанын атап өткен орынды. Бірнеше тілді еркін меңгерген студенттеріміз интернет кеңістігіне еркін енуде және латын графикасын қолданудың ешқандай қиындық тудырмайтындығын аңғарып отыр. Жеткілікті ұйымдастыру мүмкіндігін, кадр байлығын, сондай-ақ көп тілді білім беру саласындағы үлкен тәжірибесін қолдана отырып, университетіміз мақалалар мен түрлі кітаптарды жарыққа шығару, дәрістер оқу, көрмелер ұйымдастыру, мақалалар жазу, хабарлар жүргізу арқылы Президенттің бағалы бастамасын кеңінен дәріптеуді жүзеге асыруда. Латын графикасына көшу мәселесіне байланысты оннан астам материал аймақтық деңгейдегі басылымдарда жарияланды.
«Қазақ тілінен латын графикасына кезеңдік көшу» бағыты бойынша құрылған жобалық офисте университет ғалымдары облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқаруда. Латын графикасына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған спикерлердің кандидатуралары белгіленді. Олардың барлығы жоғары деңгейдегі мамандар және сапалы жұмыс жүргізе біледі. «Латын графикасы» пәні әдістемелік тұрғыдан толық қамтамасыз етіліп, филология, тарих, химия, философия және психология факультеттерінің оқу үдерісіне енгізілді. Математика факультетінің ғалымдары кирилше жазылатын қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыратын авторлық бағдарламаны дайындауда. Математик мамандар алгебра мен дифференциалды деңгейге байланысты үш оқу құралын мемлекеттік тілдің латын графикасы негізіндегі әліпби стандарты бекітілгеннен кейін жарыққа шығарады. Сондай-ақ біз латынша жазылатын қазақ тілінің орфографиясы мен графикасын оқытуға байланысты қашықтықтан үйрету курсын ұйымдастыруға, лингвистикалық және құқықтық сараптама өткізуге дайынбыз. Теориялық еңбектері бар және оқыту тәжірибесін жетік меңгерген университет ғалымдары жаңа ұрпаққа оқулықтар шығаруға, жаңа қоғамның мамандарын даярлауға, соның ішінде мұғалімдерді даярлауға қатысуға міндетті. Бұл үшін қазақ тілінің латын графикасына көшуі шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыру мақсатында республикалық деңгейде авторлар ұжымын құру қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өміршең бағдарламасындағы мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру ұсынысын көпшілікпен бірге университет қауымдастығы да толық қолдайды. Біздің ұжым осынау игі істің басы-қасында жүруге әркез дайын.
Еркін КӨБЕЕВ,
академик Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор