Форумға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың жетекшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, әйгілі спортшылар, әлемнің 20 елінде тұрып жатқан ақтөбелік жерлестер қатысты.
Г.Әбдіқалықова форумға қатысушыларға арналған Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Онда «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі – «Туған жер» жобасы екені айтылған. Жалпыұлттық патриотизм қағидаттарына негізделген «Туған жер» бағдарламасы осындай шараларды жүйелендіріп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді.
«Қазақстан қастерлі Тәуелсіздігінің үшінші мүшелін зор рухани жаңғырумен бастады. Менің бағдарламалық мақаламның аясында еліміздің барлық аймақтарында кең ауқымды жұмыстар қолға алынды. «Рухани жаңғырудың» негізінде жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі – «Туған жер». Әркімнің кіндік қаны тамған туған жері қайда жүрсе де жүрегінің төрінде.
Біздің әрқайсымыз туған өлкемізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасаймыз. Туған жерге іңкәрлік Туған елге сүйіспеншілікпен ұласады. Туған жерге қамқорлық Туған елге жанашырлықпен астасады. Жалпыұлттық патриотизмнің өзегі іспетті «Туған жер» бағдарламасы осындай ізгі ниеттер мен шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді.
Форумға еліміздің барлық өңірлерімен қатар, 20 мемлекетте тұрып жатқан ақтөбеліктердің арнайы келуі – біздің ұлттық бірегейлігімізді, туған елге деген шынайы патриоттық сезімдерімізді айшықтай түседі. Бүгін Ақтөбеден бастау алған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табарына сенімдімін. Сіздер шынайы патриотизм – «Мәңгілік Елдің» мызғымас тұғыры екенін бек түсініп, осынау патриоттық сезімді барша замандастарыңызға жеткізулеріңізді тілеймін!
Сүйікті Қазақстанымыз гүлдене берсін! Мерейіміз асып, бірлігіміз таси берсін! Мәңгілік Елдің көк байрағы әрқашан асқақ желбіресін!» – делінген Президенттің құттықтауында.
Ал Мемлекеттік хатшы өзінің сөзінде саясат пен экономикадағы ауқымды өзгерістердің өзегі – қоғамдық сананы жедел жетілдіретін «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасы екеніне тоқталып өтті. Бүгінде елімізде осы мақсатқа жету үшін 6 бірегей жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – жалпыұлттық патриотизмнің маңызды тірегіне айналған «Туған жер» бағдарламасы.
Жалпы, Физика ғылымының заңдылықтарына сүйенсек, дөңгеленген дүниеде орын алатын әртүрлі тартылыс күштерінің қалай пайда болатындығы жөніндегі сан алуан мысалдарға кезігеміз. Бүгінгі орта және аға буын ұрпақтың санасында әсіресе жердің тартылыс күші жөнінде айтылған деректер ұмытылмастай сақталып қалғанына да күмән келтіру қиын. Жер жер ғой. Әйтсе де осы жұмыр жердің бетінде туған өлке мен туған топыраққа деген тартылыс күшіне тең келетін бірде-бір құдірет-күш жоқ екеніне бәс тіге аламыз.
Өз елінде, туған топырағында жүргенде адам оның қадір-қасиетін терең түсініп, қажетті деңгейде бағалай білмеуі де мүмкін. Әрине бұл үшін ешкімді айыптауға да, ғайбаттауға да болмайды, туған жерге деген іңкәрлік сезім мен перзенттік парыз, аңсау мен сағыныш одан жыраққа кеткен кезде көбірек көрініс беретіні дәлелдеуді қажет етпейді. Осынау заманда өмірдің болжаусыз бұралаңы мен қалтарыстарында кім қайда кетпей жатыр, кімнің қай елге жолы түспей жатыр? Оларды ең алдымен сағыныш сезімі туған топыраққа қарай жетелеп, тарта түсетіні жаратылыстың жазылмаған заңы емей, немене?
Осы орайда еліміздегі іргелі өңірлердің бірі Ақтөбеден жан-жаққа шашырап, тарап кеткен жерлестеріміз жүздеп, мыңдап саналады. Республикамыздың аймақтарын айтпағанда, олардың берісі кешегі кеңестік кеңістіктің аумағынан келсе, әрісі әлемнің әр шалғайынан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Ұлыбританиядан, Түркия мен Моңғолиядан, АҚШ пен Германиядан, Малайзия мен Оңтүстік Кореядан, Египет пен Қытайдан сағыныш жетегінде келіп, туған жердің топырағына табандары тигенде көз жастарына ерік бергеніне куә болдық.
Әрине мұның үлкен мәні бар. Сөзбен айтып жеткізе алмас сыры бар. Гәп мынада. Биыл Ақтөбе облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Бұл өңірдің өсіп-өркендеуі мен дамуындағы айшықты асу, бедерлі белес. Әрі мұның өзі Ақтөбе сонау 1932 жылы республикамызда құрылған ең алғашқы облыстардың бірі екенін көрсетеді. Биылғы жылдың басында осы дара датаны «Ақтөбе – құтты мекен» деген атаумен атап өтіп, оған бір кезде осы өңірде туып-өсіп, кейін әртүрлі жағдайлармен өзге өңірлерге қоныс аударып кеткен елдің елеулі ұл-қыздарын шақыру шаралары белгіленген болатын. Сөйтіп жүргенде 2017 жылдың 12 сәуірінде баспасөз беттерінде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі кең тынысты, кемел ойлы мақаласы жарияланды. Осы ойлы дүниені мемлекетімізді рухани тұрғыдан жаңғыртудың кең ауқымды бағдарламасы десе де артықтық етпейді. Бір сөзбен айтқанда, болашаққа бағдар жөніндегі Мемлекет басшысының мақаласы тұтас бір аса ауқымды жоба рөлін атқара білген.
Осы рухани жаңғыру аясында Елбасы өңірлердегі атқарушы органдарға «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды тапсырды. Міне, осы бағдарлама Ақтөбе облысында биылғы жылдың басында «Ақтөбе – құтты мекен» атты атаумен белгіленген облыстың 85 жылдығы шеңберіндегі ақтөбелік жерлестер форумының мәні мен маңызын одан әрі тереңдете түсті. Яғни 2017 жылдың 12 сәуірінен бастап, «Ақтөбе – құтты мекен» іс-шарасы мүлдем жаңаша сипат алды. Оның Мемлекет басшысы белгілеп берген «Туған жер» бағдарламасымен үндестігі әрі тұтастығы ескеріліп, о бастағы «Ақтөбе – құтты мекен» бағдарламасы іргесін кеңейтіп, елімізде тұңғыш рет өткізілетін «Туған жер» республикалық форумына айналды.
Бір сөзбен айтқанда, рухани жаңғыру жөніндегі Президент тұжырымдары туған жерін қастерлей білетін ақтөбеліктерге жаңа серпін берді. Бұдан олар ойына ой, жігеріне жігер қосып, «Туған жер» бағдарламасында қойылған міндеттер бойынша жаңа ізденістер мен талпыныстарға құлаш ұра бастады. Сөйтіп арада тағы да 4-5 ай өткен кезде мұнда «Туған жер» бағдарламасын іске асырудың барлық тетіктері іске қосылды деп сеніммен айта аламыз. Туған жерге көшелі көзқарас тұрғысынан келіп, оның көркеюі мен гүлденуіне қол соза білу, бір күннің немесе бір айдың ісі емес, осы орайда өңірде бүгінгі күні туған жерді тұғырландыра түсу жөнінде сөз тыйылып, нақты істер мен қадамдар қолға алынған. Сонымен бірге Елбасы белгілеп берген «Туған жер» бағдарламасы бойынша базалық бағдарлама байыпталған. Қазір Ақтөбеде әзірленген осы жарқын жобалар өзге өңірлер өнеге аларлықтай деңгейге жеткені де таласы жоқ мәселе.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің сөзінде соңғы жылдары атқарылған өңірдегі өрелі өзгерістерге тоқтала келіп, экономикалық өсім жыл сайын жоғарылап келе жатқанын атап өтті. «Бұл жағдай өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне де жол ашты. Мемлекет басшысы келешек ұрпаққа жан-жақты дамыған қарышты Қазақстан қалдыру керектігін ұдайы ұғындырып келеді. Осы ұлы міндетті іске асыруға үлес қосу бәріміздің ортақ парызымыз. Бұған жетудің басты қағидатының бірі туған жерге деген сүйіспеншілік, оның өсіп-өркендеуіне қызмет жасау. Бүгінгі форумды өткізудегі басты мақсатымыз да осы» деп түйіндеді өз сөзін өңір басшысы.
Егер нақты деректер келтіре кетсек, биыл өңірде артық-кемі жоқ 555 жоба іске асырылып, оған миллиардтаған теңге қаражат жұмсалған болса, осы қомақты соманың негізгі салмағын көтергендер – өңірге жанашыр азаматтар, мұндағы орта және ірі бизнес өкілдері. Айталық, Ақтөбе қаласы соңғы жылдары адам танымастай өзгеріп, мұнда еліміздің бірде-бір өңірінде кездеспейтін айрықша архитектуралық ансамбльдер бой түзеген болса, бұған қомақты қаржы қосқандар да осы елдің төл перзенттері. Агломерациялық аймақ орталығында тек биылғы жылдың өзінде шығармашылық академия мен өнер, офтальмология және «Мейірім» әлеуметтік-бейімдеу орталықтары, жекпе-жек және мұз сарайлары, хоккей модулі, денсаулық саяжайы және Жұбановтар әлемі музей үйі, қалалық жедел жәрдем стансасы секілді тамаша нысандар тұрғызылды. Облыстың тарихи-өлкетану мұражайының ғажайып ғимараты салынды. Форум кезінде Ақтөбенің ажарын одан әрі аша түскен осы қайталанбас сәулет туындыларының ел игілігіне пайдаланылуы үшін қомақты қаражат аударған Исламбек Салжанов, Всеволод Щегельский, Кеңес Рақышев, Қайрат Майтеков секілді өңірдегі меценат азаматтардың есімдері ілтипатпен аталды. Олардың алды өңірдің одан әрі дамуына миллиард теңгеден астам қаражат ұсынса, соңы 260 миллион теңгені туған жердің түлеуі үшін төлеген. Мұндай жомарттықтың арғы астарында туған жерге деген терең жанашырлық пен сүйіспеншілік сезімі, ел мен жерге адал қызмет жасау ұстанымы тұрғаны талассыз.
Түйіп айтқанда, Ақтөбеде өткізілген «Туған жер» форумынан алар тағылымның бірі – өңірде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсіне білген оның сайдың тасындай өкілдерінің көбейіп келе жатқаны. Бір кезде жас мемлекетіміз шағын және орташа бизнестің өркендеуіне барлық қолайлы жағдайларды туғыза білген болса, енді оның өкілдері сол қамқорлыққа сәйкес, тиісті қайтарым бере бастағаны да Ақтөбе форумының басты олжасының бірі болмақ.
Өскен өңірде халықаралық деңгейдегі «Туған жер» форумын өткізудегі басты мақсаттың бірі инвестиция тарту болғаны да жасырын емес. Бұл тұрғыда әлемнің 20-дан астам елінен бас қосқан Ақтөбе аймағында кіндік қаны тамғандар туып-өскен жерінің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуға әзір екендіктерін айтқаны алқалы жиынның тағы бір олжасы деуге болады. Егер форумға қатысушылардың шамамен 60-70 пайызы ірі бизнес өкілдері, холдинг, инвестициялық құрылымдар мен құрылыс компаниялары жетекшілері екенін ескерсек, құтты мекен аталған Ақтөбеге келетін инвестиция мөлшері көбейе түсетініне шек келтіруге болмайды. Форум шеңберінде олардың тарапынан балалар бақшасы, мектеп, тұрғын үй кешені, өзге де инфрақұрылымдық нысандар мен сервистік орталықтар салуға ниет пен тілек білдірілуі – алдыңғы пікіріміздің айғағы. Сонымен бірге форум шеңберінде құны 76 миллиард теңге құрайтын 20 меморандумға қол қойылуы да айта қаларлықтай жоғары нәтиже.
Форум кезінде елге, туып-өскен жерге тигізер шапағатын алға қарай ысыра сөйлемей, осынау жүрек пен жан толқытарлық күнге дейін тигізіп үлгерген отандастарымыз да аз болған жоқ. Солардың бірі АҚШ-тағы ортопедия және травматология қауымдастығының мүшесі – Сент Луис университеті ортопедиялық госпиталінің директоры Жолдас Құлжанов 15 миллион доллардың медициналық құрал-жабдықтарын бұған дейін сыйға бергенін, бұл игіліктер қазіргі күні өңір медицинасының алға басуына септігін тигізіп үлгергенін мәлімдеді.
Туған жерге деген тағзым, оған деген құрмет тек бірыңғай қаржылай қолдау көрсету деңгейімен өлшенбейді. Елге деген жанашырлық пен аялы алақан жылуын сездірудің сан алуан жолдары бар. Осы орайда бүгінде дүниенің төрт бұрышында тұрып жатқан ақтөбелік тұғырлы тұлғалар денсаулық сақтау, спорт, білім беру, мәдениет, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, индустриялы-инновациялық даму және туризм салалары бойынша шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізді. Тегін лекциялар оқыды. Ақысыз оталар жасады. Бұдан өзге де көл-көсір пайдалы кеңестер берді. Сондай-ақ олар кездесулер мен экскурсиялардың бел ортасынан көрініп, туған жерге деген сыр-сандықтарын ақтарды. Бұл сан алуан іс-шаралар үш күнге созылған форум қызметін мазмұн жағынан да, түр жағынан да байыта алғандығын айтудың өзі бір мерей.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Туған жер» тұңғыш республикалық форумы жөнінде тағы да қандай ой түюге болады? Бұл тұрғыда халықаралық деңгейдегі басқосу тұтастай еліміздің әлеуметтік мекемелерінде бұған дейін шешімін таба алмай жүрген кейбір әлеуметтік түйткілдердің түйінін тарқатып, оның кілтін қолға ұстата алуымен құнды болды деп айтуға толық негіз бар. Бұл қадам жетім балалардың мектептен кейінгі тағдырына қатысты оңтайлы шешім қабылдаудан бастау алады. Жасыратыны жоқ, дүниеге келгеннен кейін тағдыр тәлкегіне ұшыраған тастандылар еліміздің әлеуметтік орындарында тәрбиеленіп, ер жетіп, бой жетіп, мектепті аяқтағаннан кейін қайда барарын білмей бастарын тауға да, тасқа да соғады. Өйткені оларға бұған дейінгі балалар үйінің есігі енді қайтып ашылмайды.
Сонда олар не істеуі керек? Ақтөбе форумы кезінде осы басы ашық сауалға «Мейірім» атты жастарды әлеуметтік тұрғыдан бейімдеу орталығы мысалында айқын жауап қайтарылды. Әңгімені қысқа қайырып айтқанда, орталықта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар 29 жасқа дейін тұрып, еңбек етіп, еркелікті көтермейтін өмірдің қатаң да қатал сынына бейімделе алады.
«Сәби» қайырымдылық қорының қаржылай қолдауы арқылы іске асқан әлем елдері арасында ешқандай баламасы жоқ жарқын жоба республикамыздағы өзге де әлеуметтік мекемелерге сіңісті болса игі. Қазақстаннан өзге бірде-бір елде, бірде-бір жерде жетімектерге дәл осындай шексіз қамқорлық жасалмаған сыңайлы. Мұндай сөзбен айтып жеткізе алмас ізгілік көрінісіне форумға қатысушылардың көпшілігі таң-тамаша қалып, бастарын шайқасты.
Халықаралық деңгейдегі басқосудың шоқтығын биіктетіп, өрісін өсірген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Ақтөбе: кеше, бүгін және ертең» атты тақырыпта кеңінен ой-пікір қозғалған конференция болды. Расында Ақтөбе кеше қандай еді? Бүгін қандай?
йырмашылығы жер мен көктей. Кешегі Ақтөбе бірінен бірі айнымайтын, бірөңкей сұрғылт үйлер, ыбырсып айқұш-ұйқыш, бір-бірімен тіркесіп жатқан көріксіз көшелер болса, бүгінгі Ақтөбе әлемдік деңгейдегі қала құрылысына сай жыл сайын емес, ай сайын өсіп-өркендеп, құлашын кеңге жайып келе жатқан республикамыздағы сәні мен сәулеті келіскен қала. Елімізде баламасы жоқ көлік-логистика орталығы.
Ал оның ертеңі ше? Сөз жоқ, Ақтөбенің ертеңі бұдан да жарқын, бұдан да биік, ертегідегідей өзгеріске пара-пар. Ақтөбе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, ел экономикасын өрге тартуға әлеуеті жете алатын қуатты локомотив. Елбасымыздың Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа өңір экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін елу пайызға дейін жеткізу жөнінде тапсырма бергені үлкен сенім, мол жауапкершілік. Қазіргі күні мұндай биік белесті бағындыру өзге өңірлер үшін алынбайтын тас қамал іспеттес. Биылғы жылы ақтөбеліктер Елбасы тапсырмасының 50 пайыздық мөлшерін игергені де елеулі іс. Сонымен бірге Ақтөбе агломерациялық даму жолына түскен еліміздегі үш өңірдің бірі. Соған сәйкес өндірісі өркен жайған өңірде таяудағы жылдарда тұрғындар санын бір миллион үш жүз мыңға дейін жеткізу белгіленген. Жоғарыда аталған конференцияда Ақтөбенің ертеңі жөнінде ой-пікір алмасқан ғалымдар мен әлеуметтанушылардың түйіні осыған тоқайласты.
Ақтөбедегі рухани жаңғыру аясындағы халықаралық деңгейдегі басқосу кеше Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткізілген «Туған жер» атты республикалық форуммен аяқталды. Мұнда қойылған театрландырылған көріністерді 13 мыңнан астам адам тамашалады. Стадиондағы көпшілік көріністер мен қойылымды әзірлеп, әлемнің 20-дан астам елінің өкілдері назарына ұсынуға бес мыңға тарта жастар және шығармашылық пен өнер өкілдері қатынасты. Ақтөбенің арғы-бергі тарихында дәл осындай деңгейдегі патриоттық рухпен суарылған үлкен шара болған емес деп тұжырымдайды байырғы тұрғындар.
Осы форум кезінде белгілі ресейлік жазушы, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ақтөбе өңірінде туып-өскен тұлға Мир-Хайдаров Рауль Мирсайдовичпен аз-кем ой-пікір алмасып қалудың сәті түскен еді. Туған топырақтан Мәскеуге қоныс аударғаннан кейін талай елге жолым түсті. Талай жердің дәмін таттым. Талай елді араладым. Алайда туған жерін, өз бауырларым қазақтардай сүйетін, оның сынық сүйем тілігін қорғауға дәл қазақтардай әзір тұратын бірде-бір елді, бірде-бір жерді кездестіріп көрмеппін. Сондай-ақ еріксіз түрде болмаса, өз елінен қоныс аударуға құлқы соға қоймайтын да – қонақжай, құшағы кім-кімге де айқара ашық дархан көңіл қазақ халқы өз отанын ешқашан өзгертпейтін, оны өзгеге айырбастамайтын мәрт халық. Олардың бойындағы осындай қасиеттер мен туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдері менің кіші отаным Ақтөбеде өткізілген форум кезінде де айқын көрінді деп ағынан жарылды ол.
Сондай-ақ Г.Әбдіқалықова мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған «Жекпе-жек спорт сарайының» ашылу рәсіміне қатысты. Рәсімнен кейін дзюдодан Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін халықаралық турнир басталды.
– Биыл елімізде үшінші жаңғыру басталды. Оның бір бағыты рухани жаңғыру болып саналады. Біздің «Рухани жаңғыру» бағдарламамыз бен «жайлы жол» деп аударылатын дзюдо ұғымы ортақ мәнге ие. Ол – сананың кемелденуі, – деді Г.Әбдіқалықова.
Сапары барысында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынған әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап көрді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ