Түсінген адамға артық та емес, кем де емес, екеуі де бір жерден шығып, жүрек сазы, жүрек сөзі болып қана бөлінетіндей көрінеді.
Шадыман көңілді, қасірет-қайғыны, қабырғаға батар қазаны, жауға қайрат қылар рухты күймен жеткізген баба өнерін бүгін шын ұға аламыз ба? Ертеректе бір ақсақал күйдің сазына беріле отырып, бір тұсына жеткенде: «бала кетті, бала кетті» дейтін көрінеді. Бұл әлдеқандай бір отырыста күйді түсінуден қалғанымызды өзек етіп, қамығып отырғанда айтылған сөз болатын. Артық ауыз мақтансыз, «біттік, тоздық» дейтін гөй-гөйсіз сөзіміздің шындығы ақиқатқа жақын ба деп алаң қыламыз. Жошы ханға хабар жеткізген Кетбұғаның қобызы қорғасын жұтса да түсінетін тыңдарманын тапқан бақытты аспап екен ғой. Күймен құсын ұйықтатқан, нарын идірген, жауын жеңген баба өнері ұмыт қалмай бүгінге жетіпті. Енді соны түсініп, түйсініп, ертеңге жеткізу күйші, орындаушы қауымға – мұрат.
«Сай-сүйегіңді сырқыратып, қабырғаңды қайыстырар азалы саздары зар заман сырларының шерменде әуенімен, жігеріңді жанып, намысыңды қайрар серіппелі серпер саздары ереуіл әдебиеттің уытымен, уайыммен қоса қуанышты да бейнелейтін ой-толғам саздары ағартушы кезең әдебиетінің парасат-пайымымен терең қабысатын» шығармашылықтың иесі Құрманғазының өзі алай-дүлей күндерді бастан өткере жүріп, шәкірт көріп, өнерін өнеге, мұра етіп қалдырыпты. Құрманғазының күйшілік мектебі – неше заман өтсе де қазақ күй өнерінің азығы. Дина, Мәмен сияқты шәкірттері сол өнерді бізге жақындатып әкелсе, одан бері Қали Жантілеуов болып жалғасыпты.
1902 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Қамыссамар ауылында дүние есігін ашқан Қали Жантілеуовтің туғанына 115 жыл. Кеңес үкіметі орнап, темір құрсаулы билігін бекіткен тұста «қайткенде қазақ қалады қазақ болып» деумен шерменде күйге түскен, онысын сыртқа білдірмей, жүрегімен ғана езіліп, жоғын түгендеп, барының берекесін табу үшін күш жұмсаған асыл перзенттердің еңбегі зая кетпепті. Онсыз да жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш үкіметін құрып, қазақты дербес ел етеміз деген қаймақтарымыз жаппай қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін аса сақтықпен қимылдаған аз ғана қайратты топ енді ол қақпанға түспеуге барынша тырысыпты. Қазақ музыкасының жауһарларын жинап, ғылыми түрде жүйелеген Ахмет Жұбанов енді ұлттық оркестр құру үшін қазақ жазирасынан өнер жүйріктерін іздепті. Өткен ғасырдың екінші ширегінде қазақ руханиятының үлкен жаңалығы болған сол слетті Ахмет Жұбанов былай деп еске алады: «1934 жылы саратан айының ішінде Алматыға қазақтың халық көркемөнер қайраткерлерінің бірінші тобы шақырылды. Жайықтан, Електен, Сырдан, Есіл, Нұра, Ертістен, Іле, Шудың бойынан әнші, биші, тақпақшы, ақын, домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, сырнайшы жиналды. Бір жұмадай өнер жәрмеңкесі болып, топтың қорытынды концертінде жоғарыда айтылған өнерпаздардан өз бетімен құрылған кішкене домбыра оркестрі шықты. Қазақ тарихында бірінші рет домбыраның бас қосып күй тартқанын көрген халық мәз-мейрам болды. Ду қол шапалақтап, соңғы күйді қайта тартқызды. «Домбыра, қобыздан ешнәрсе шықпайды, бұларды жиып қойып, балалайка, мондолиналарға көшу керек» деп жүргендердің аузына құм құйылды...».
Қали осы слетте бас бәйгені иелініп, Құрманғазы оркестрінде концертмейстер болып құрмет демалысына шыққанша қызмет етті. Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаевтармен қатар Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін құруға ерекше атсалысты. Жамбыл атындағы филормонияның да негізін қаласты.
* * *
Байдың малын бағып жүріп, Кенжеғара деген досы екеуі алма кезек күй тартысады екен. Ұзақ-сонар шабысқа кетіп, күйдің ләззатына беріліп, тіпті, малдарынан айырылып қала жаздайды. Ашуға мінген бай біреуін қуып, екіншісінің домбырасын сындырып тынады. Мәменнің шәкірттері Тоғабай мен Жұматай ең алғаш күйге баулып, домбыраның қыр-сырын үйретеді. Кейін Мәменнің өзімен танысып, сабақ алады. Ол туралы Қали Жантілеуов өз естелігінде: «Мәмен күйші әр үйдің қадір тұтар, сыймен қарсы алар қонағы болатын. Бірде жолы түсіп, біздің үйге келгені бар. Мәмен келгесін көрші-қолаң, тума-туыстар да жинала қалады. Олардың арманы – күй тыңдау. Өзі де қолқа салдырмайтын адам екен, бір мезгілде ағыл-тегіл күй нөпірі басталып кетті. Бар ынтам ауып, дүниенің бәрін ұмытып, ерекше бір хәлге түстім. Тұңғыш рет күйдің жәй ғана дыбыс қосындысынан тұратын дүние емес, адамның жан жүрегімен тілдесетін өзгеше бір құдірет күштің бар екенін түсіндім. Осыдан кейін менің көңілімде күрт өзгеріс пайда болды. Мәменнің күйлері күндіз есімнен, түнде түсімнен шықпайтын күйге тап болдым. Басқа дүниенің бәрін еш қызықтамай, тек қана Мәменнің домбыра тартысын көксеп тұратын күйге душар болдым. Не мал суарып, не түздің басқа бір шаруасын жайғап жүргенде Мәменнің күй тартқан сарыны құлағыма келеді. Дегбірім қалмай дедектеп үйге жетемін, Мәмен жоқ болып шығады. Осы жайды әкем сезіп жүрген екен. Бір күні бір атын ерттеп, мені мінгестіріп, Мәменнің үйіне келдік. Мән-жайды естіп білген соң Мәмен: «Е, баланың домбыраға зейіні ауған екен, ынтасы суымай тұрғанда әкелгенің жөн болған» деді күйші» деп еске алыпты.
Алты жасында әжесі Айболсын тақтайдан үш бұрышты домбыра жасатып беріп, Нұртаза деген нағашысы өнерге баулиды. Тоғыз жасында Төлеш дейтін ағасы өзі үйреткен күйлерді жақсы тартқаны үшін қара домбырасын сыйға тартыпты. 12-13 жасында қазіргі Тайпақ ауылына, ол кезде «Андрей базары» деп аталған жерге Уақап екеуі тайлаққа мінгесіп барып, оны сол базарда сатып тұңғыш рес костюм киіпті. Сондай көңілді сәтте базарға ақ інген жеккен арба кіреді. Арбаның үстіндегі бидайық шөпке текемет жабылған, үстінде малдасын құрып, үкілі домбыра ұстаған Дина отырады. Арбаны жетектеген адам сондағы бір байдың үйінде Мәмен мен Динаның күй тартысы болатынын хабарлап, базарды айналып шығады. Сол кеште Уақап екеуі сол күй тартысқа куә болған екен.
Дариға, сонда тағдырдың өзі Қалиды қайта-қайта қара домбырамен қауыштырыпты. Әлсін-әлсін Құрманғазының шәкірттерімен жолықтырып, баба өнерін мирас етіп алуын нәсіп етіпті. Бүгін ойласақ, адам қанша қаласа да, орындалмайтын армандар Қалидың өзін қуып жүріп тауыпты. Пенде баласы қанша шыр-пыр болып іздесе де, таптырмайтын бақ құсы Қалидың басына іздеп жүріп қоныпты.
* * *
Ахмет Жұбановтың пікірінше, күйшілердің саны қандай көп болса, орындау әдістері де сондай көп. Қазақстанның батыс аймағының өзінде төрт түрлі орындаушылық дәстүр бар екен. Олар: Құрманғазыдан, Дәулеткерейден, Абылдан, Өскенбайдан қалған орындаушылық дәстүрлер. Құрманғазының өзі жиһангез адам болғандықтан шәкірттері де көп, орындаушылық дәстүрі де кеңінен тараған. Қали Жантілеуов осы орындаушылық дәстүрдің түлегі, шебері. «Құрманғазы дәстүрінде домбыраның барлық техникалық, дыбыстық мүмкіндігін түбіне дейін пайдаланды деуге болады. Дыбыстық деп отырғанымыз домбыраның өз дыбысын музыканың «жүрісіне» қарай аса үнемді пайдалану. Әсіресе бұл дәстүр легі оң қолдың шынтағын тек домбыраның түбін қысып отыру үшін емес, кей кездері фортепианоның педальдары есебінде пайдаланады. Күйдің боратқан дыбыс керек жерінде орындаушы шынтақты көтеріп жібереді де, ал дыбыстың баяу шығару керек кезінде жаңағы шынтақпен домбыраның түбін басқан кезде тұншыға, фортепианоның сол жақ педалі сияқты болады. Бұл әдіс тек Құрманғазы дәстүрінде бар, басқа ешкімнен біз осы күнге дейін көргеніміз жоқ. Шынтақтың бұлай пайдалануын бірінші рет Алматыға алып келіп көрсеткендер марқұм Уақап Қабиғожин, Төлеген Аршанов, Қали Жантілеуов болатын. Осы күнге дейін Қалидың домбыра тартысын зерттеген адам оның осы бір әдісті жақсы пайдаланатынын көреді» (Ахмет Жұбанов).
«Қалекеңнің ерекше бір қажетті жерінде болмаса, қолы домбыраның қақпағына тимейді. Қос ішектің дыбысын әлгідей таза, мөлдір, жұмсақ шығарады. Ырғағы өзгеріп отыратын «Ақпай», «Бұлбұл» сияқты күйлерді тартқанда, Қалекеңнің дауылды дабылдан жайма-шуақ майда сызылған сұлу әуенге шебер ауысқанын естігенде, жаның сүйсінеді» дейді Мұхамбет Елемесов.
Ал Қаршыға Ахмедияров: «Көбен көріп, қолмен ұстатқан бір жайтты айтқым келіп тұр. Ол Қалекеңнің оң қолының қағыс шеңберінің үлкендігі. Бірақ қанша қолын (ампулитудасы) жоғары, төмен сермегенде де күйдің желісінің бұзылмауы. Осы айтылған жағдайларды Қалекеңше меңгеріп ойнаса, күйдің болашағының жанғаны деп есептеген жөн» депті.
Қали Жантілеуовтің орындаушылық шеберлігін кәсіби түрде бағалағандардың пікіріне құлақ қойсаңыз, күй өнерінің, шеберлігінің шыңына ондай шыққан біреу бар ма деп күмәнданып қаласыз. Әлбетте, бар. Әбішше айтқанда, қазақ өзінде барды я көз тиеді деп, я сөз болады деп жарқыратып көрсете бермейтін халық. Сондықтан небір жүйріктерімізді кейіннен танып, тамсанып жатсақ, онымыз тани алмағанымыздан емес, мінезіміздегі ұяңдықтың бір жолы сияқты қасиетімізден екен.
Ахмет Жұбановша айтқанда: «Адай», «Терісқақпай» сияқты күйлерді әлі күнге дейін Қалидың өзіндей ешкім тарта алмайды десек, өтірікші болмайды екенбіз»;
А.Затаевичтің айтқанындай: «Оның орындауындағы «Жігер» күйі – бұл музыка терең тұңғиыққа малынған пафосты, қуатты мағыналы саз әлі күнге дейін домбыра мүмкіндігінің шынайы шыңы болып қалады» екен.
* * *
Ұлт пен ұлыс жаралғалы бері әрқайсысының өзіне тән діні, тілі, мінезі, өнері, салт-дәстүрі бар екен. Қазақты қазақ етіп тұрған осы асыл тіректеріміз болса, соның ішінде күй өнерінің де болашағын айқын еткен, қазіргідей рухани ашаршылыққа тап болудан сақтанып отырған сәтімізде бағытымыздан жаңылдырмайтын рухани тірегіміздің бірі болып Қали Жантілеуов тұр. Ұлтымыздың өмірінде өнер саңлақтары өтсе, кейінгі бізді тамсандырайын деп өткен жоқ. Ал біз ше, кейінгілер мұра етіп алып қала алатындай бір дүние тындырыппыз ба? Ендеше олардың өнерінің мұраты ұлтты сақтау, бізді баптау екен. Бабымызды еңбектен, бағымызды Құдайдан көрерміз. Ал ұлт мұраты жолында Қали Жантілеуов секілді даралардың өмірі бізге қашан да үлгі орнына жүрмек.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы