Бұл қағиданы, әсіресе қала тұрғындары қаперінде ұстаса жөн болар. Аулаға яки, көшеге шыға қалсаңыз, қоқыс қорабының қасында шашылып жатқан заттар көп. Бұл – жауапкершілік пен жанашырлықтың жоқтығы немесе салақтықтың салдарынан орын алып жатқан әдепсіз әрекет. Иә, сіз тастаған жерден қоқысыңызды алып кететін қызметкерлер бар. Дегенмен, қол созым жерге жетіп, қолыңыздағы қоқысыңызды арнайы ыдысқа салып кетсеңіз бір жағынан тазалық, екінші жағынан азаматтық болмысыңыздың көрінісі болмай ма?!
Сіз қажетсіз деп есептеген заттардың барлығының жалпылама аты қоқыс болғанымен, бәрінің заты қоқыс болмауы мүмкін. Қазіргі таңда қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер баршылық. Мұның түрлі себебі бар, біріншіден, тұрмыс қалдықтарын өңдейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтар көлемінің үлкендігі, сонымен қатар адамдардың қоқыстан болатын залалды, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуі. Күнбе-күн қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын көпшілігіміз бұның бәрі қайда кетеді деп ойланбаймыз да. Пакеттерге тамақ қалдықтары, қағаз, пластик аралас салынып, толассыз төгіліп жатыр. Күн сайын Астана аумағынан 1200 тонна қатты қалдықтар шығарылады. Оны кәдеге жарата алып жатырмыз ба? Осы орайда ТМД төңірегінде және Орталық Азияда баламасы жоқ «KazRecycleService» зауытының атқарып жатқан жұмысына назар аударған едік. Олар пластмассаны қайта өңдеп, қоқысты пайдалы затқа айналдырып, оны құрылыста, синтетикалық киімдер өндірісінде, асфальт салуға пайдалануға жарамды етеді.
Кешеннің құрылысы испаниялық технология бойынша салынған. Қайта өңдеудің жобалық қуаты жылына 250 мың тонна қалдық өндіруге есептелген. Сұрыптаудың орта деңгейі 10 пайызға дейін қамтылса, зауыттың жалпы аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. Онда бес цех орналасқан. Дәлірек айтсақ, сұрыптау, өндірістік, көліктік, жону және экомақта цехы. Кешенде «Имабе Иберика» фирмасының технологиясы бойынша сұрыптау желісі орнатылған. Қатты тұрмыстық қалдықтар алдын ала сұрыпталған соң арнайы процеске жіберіледі. Одан кейін күшпен сығымдалады да бірнеше қатар сыммен автоматты түрде оралады. Бүгінде зауытта 100-ден астам адам еңбек етеді.
Баршаға белгілі, пластик 500 жылға дейін шірімейді екен. Сол себепті кейбір дамыған елдерде сауда кезінде полиэтилен пакеттерді қолдануға шектеу қойылған.
Айта кететін тағы бір жайт, еліміздегі 6325 елді мекенде 4525 арнайы қоқыс төгетін полигон бар екен. Солардың ең ірісі Алматыда орналасқан. Оның аумағы – 220 гектар.
Әлемнің дамыған елдері теретін қоқыс таппай жатыр деген ақпарат естиміз. Жарамсыз қоқыстан жарыған пайда көре ме дейміз де қоямыз. Мысалы, Жапонияда қоқыстың 90 пайызы қайтадан қалпына келтірілсе, өңдеуге келмейтін қалған 10 пайызын электр энергиясын алу үшін өртейді екен. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп қатаң сұрыпталады. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады.
Мәселен, көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады. Егер қоқыстар аралас тасталса, сол үшін қателескен тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан жетекші орында келе жатқан. Францияда қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Мәселен, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіргенде улы заттар толық ыдырап, күлге айналады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Франция селекциялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек пен газет қағазын өндіреді. Көршілес Қытайда да қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Бейжің іспетті ірі қалаларда қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Түркияның қалалары тазалығымен тамсандырады. Оны бір сапарымызда өзіміз де байқаған болатынбыз. Түркияда қоқыс тазалаушы деген мамандық беделді әрі жалақысы жоғары кәсіп екен. Қоқыс тазалаушының жалақысы орта буынды банк менеджеріне қарағанда қомақты көрінеді. Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған. Мысалы, медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор.
Бүгінде «Астана Тазарту» компаниясы елордадағы контейнер алаңдарына пластикті бөліп жинауға арналған 500 контейнер орнатты. Сонымен бірге 2017 жылдың екінші тоқсанынан бастап қағазды бөліп жинауға арналған 700 контейнер орнатуды жоспарлап отыр. Жалпы қоқысты қайта өңдеу жұмысын жеңілдету үшін алдымен сұрыптау қызметіне назар аударған абзал. Бұл үшін ең алдымен қоғам санасына қоқысты бөліп төгу процессін сіңдіру керек. Сонда ғана қоқыс жинау мәдениетін қалыптастырып, артық жұмыстан арыларымыз сөзсіз.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»