Аймақтар • 02 Қазан, 2017

Б.Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында

333 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты

Б.Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында

Алдымен Түркістан қаласында болған Премьер-Министр тек қалада ғана емес, көршілес аудандарда да табысты жұмыс істеп жатқан «Яссы нан» зауытында және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болды.

Түркістанның шығыс бөлігінде орналасқан, «Нұрлы жер» бағдар­ла­масымен салынған «Отырар» шағын ауданына барды. Мұнда қала әкімі Әліпбек Өсербаев «Аймақтарды дамыту» бағдарламасының қалай орындалып жатқандығы жайында баяндап берді.

Шымкент қаласында кәсіпкерлермен кеңес барысында қатысушылар мем­лекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру, Шымкент қаласын­да халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын жаңғырту және салу, сумен қамту жүйесін қалпына келтіру, өсімдік шаруашылығын субсидиялау, отандық тауарларды экспорттау кезінде кездесетін кедергілерді алып тас­тау, АӨК-ті жеңілдікті несиелендіру, облыс­тың экономика салаларын цифр­лан­ды­руға қатысуы, жаңа экспорт сая­сатын әзірлеу мәселелерін талқылады.

Бұл тақырыпта «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзах­метов, «Karlskrona LC AB» ЖШС бас директоры Уәлихан Ахметов, «SCAT» АҚ президенті Владимир Денисов, «Қайнар май» ЖШС президенті Хали Сарманов, «Визит» АССЗ ЖШС бас директоры Вельким Злавдинов, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайнар Абасов, «Стекло и К» АТ-тобының же­текшісі Юлдашев Хондамир сөз сөйледі.
Осы мәселелерге байланысты Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр, Ауыл шаруашылығының бі­рін­ші вице-министрі Қ.Айтуғанов, облыс әкімі Ж.Түймебаев түсініктеме берді.

Шымкенттегі «Көрме» орталығында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төраға­лы­ғымен туризм және кәсіпкерлік салаларының дамуы мәселелері бойынша жиын өтті.

Кеңеске еліміздің бірқатар ми­нистр­лері мен Астана және Алматы қала­ларының, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері мен басқарма жетекшілері қатысты.

Кездесуде Премьер-Министр сапар мәні­сінің Елбасы тапсырмаларының өңірде қалай орындалып жатқандығын бақылау, түйінді мәселелерді бірлесіп шешу екендігін айтты.

– Жалпы, Оңтүстік халқы еңбек­қор­лы­ғымен ерекшеленеді, – деді Бақытжан Сағынтаев. – Оларға былай істе деп үйретудің қажеті жоқ, мемлекет тарапынан жеткілікті көмек болса, өздері шаруаны дөңгелетіп алып кетеді.

Облыста бау-бақша шаруашылығы өте жақсы дамып келеді. Оның келешегі зор екендігін әлемдік мысалдардан білеміз. Біз дүние жүзіне бау-бақша өнімдерін шығарып отырған Польша кәсіпкерлерімен кез­дес­кенімізде олар мемлекеттік көмек­тің арқасында еңсе тіктеп, жақсы сұрып­тарды дүние жүзіне таратып жатқан­дығын айтты. Мемлекеттік көмек Үкі­метке олар төлеген салықтар есебінен мол кө­лемде қайтып жатыр. Біздің шаруа­лар да осындай мүмкіндікке ие болып келеді. Үкімет оларға тиісінше қолдау көрсетеді.

Осылай деп дихандардың көңілін бір тоғайтқан Премьер-Министр мем­ле­кеттік бағдарламалардың орындалу барысына талдау жасады.
– Оңтүстікте халық көп, жер көлемі аз. Ал солтүстік облыстарда жер қоры көп болғанымен, еңбек ресурсы жеткі­лікті емес. Сондықтан жағдайы келіскен шаруаға жайлы жерлерге көшуді одан әрі қолға алу керек. Осы жер ата-бабамның қонысы дейтін емес, қазақтың бар даласы қазақтың ұрпағыныкі. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыздар да өз жерлеріңіз, деген Премьер-Министр көшіп барған от­ба­сыларға жер беру, баспана және жұ­мыс­пен қамтамасыз ету жағдайын қозғады.

Жиында Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм және кәсіп­керлік салаларында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Мемлекет басшысының саясаты арқа­сында облыстың дамуы үшін бар­лық мүмкіндіктер жасалып жатқанын айт­қан аймақ басшысы өңір халқының тұр­мыс-тіршілігін жақсарту үшін алға қой­­ған міндеттер орындалуда деп мәлім­деді.

– Облысымызда индустриялық-ин­но­­­ва­циялық даму бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Бағдарлама аясында жалпы құны 208 млрд теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2017 жылы 5 жоба іске қосылып, 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94 пайызы жоспарлық қуаттылықты игеріп, 71 млрд теңгенің өнімін өндірді. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәти­жесінде өнім көлемі өткен жылдың тиіс­ті кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайыз­ға артып, 257,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде облыста қолайлы бизнес климатты қалыптастыру және кәсіп­керлік бастамаларды іске асыру үшін барынша жағдай жасалуда, – деді өңір басшысы.

Облыста «Агроөнеркәсіп кеше­нін дамытудың» мемлекеттік бағдар­ла­масының талаптарына сәйкес келетін 158 кооператив ашылған. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған инвес­тиция көлемі 21,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 5,5 есеге артқан.
Оңтүстік Қазақстан облысында туристік саланың да тұрақты дамып келе жатыр. Бүгінде туристік нысандар саны 195 бірлікті құрап, тиісінше 31 пайызға өскен. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі 1,7 млрд теңгені құрап, 43 пайызға артқаны байқалады. Биыл облысқа 128 мың турист келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,3 пайызға көбейген.

Жиында салалық министрлерге және «Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасына, Қостанай, Шығыс Қазақ­стан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген өкілдерге сөз беріл­ді. Атқарылып жатқан жұмыстар тара­зы­ланды.

– Біз Оңтүстікке келгенде бұрын тәп-тәуір ашылғанымен соңынан қиын­дыққа ұшыраған кәсіпорындарда болып, ондағы жағдайдың оңалғанына куә болдық, – деді Премьер-Министр қоры­тынды сөзінде. – Кәсіпорындар – Қазақ­станның келешегі. Кәсіпкерлікке кең өріс ашылады. Елбасы Үкіметке осы жағын нықтап тапсырып отыр. Өзекті мәсе­лелерді шешуде билік тарапынан батыл шешім күтіледі. Біз оны жасаймыз.
Кездесулер барысын қоры­тын­дылаған Премьер-Министр алға қойған міндеттерді мүлтіксіз орындаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы