Қазір Ақсу қант зауытында қызу науқан қарқын алды. Қызылшаның алғашқы легі өткізіліп жатыр. Алғашқы қызылша қабылдау салтанатты түрде аталып өтті. Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров Ақсу қант зауытына арнайы барып, тәтті түбір өткізуді бастап кеткен көпшілікті құттықтады.
– Осыдан он жыл бұрын жұмысын тоқтатқан қант зауыты енді бір айдан соң қайта іске қосылып, жұмысын бастайды. Сол уақытта бұл жерде талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашылып, аудан тынысы одан әрі кеңейетін болады. Мұның сыртында мамандар да даярланды. Яғни бұл өңір экономикасының алға жылжып, өсіп-өркендеуіне айтарлықтай ықпал етеді деп сенеміз.
Зауытқа өнімдерін өткізетін Ақсу және Сарқан аудандарының әкімдері Әділбек Далбағаев пен Ерғазы Қошанбеков және ауыл ақсақалдары да ел қуанышын бөлісіп, құтты болсын айтты. Лента қиылып, ән-күй орындалған салтанатты шарадан соң көліктерге тиелген өнімнің алғашқы легі қант қызылшасын қабылдау пунктіне енгізілді. Өңір диқандарының қарқыны жоғары. Бастапқы күннің өзінде 200 тоннаға жуық қызылша қабылданды. Таяудағы 3 жылда тек Ақсу қант зауытына әкелінетін өнімнің жалпы көлемі 300 мың тоннаға жетеді. Аймақ жұртшылығы алдағы уақытта қызылша алқабын одан әрі ұлғайтып, өнім көлемін арттыруға күш жұмсамақ. Әкімшілік тарапынан жасалған қолдаудың арқасында ашылған «Ақсу» бұл шаруашылықты жандандыруға, егістік көлемін ұлғайтуға толықтай мүмкіндік береді.
«Ақсу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарушы Сәкен Мұратовтың айтуынша, көктем айынан бері ескірген құрылғылар түгелдей қайта жаңартылған. Қызылша жинақтау алаңы ғана емес, барлық цехтары жұмысқа дайын, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған, барлық технологиялық процестер автоматтандырылған. Осындай жұмыстарды жүзеге асыру үшін бүгінгі күнге дейін барлығы жеті жарым миллиард теңге қаражат салыныпты. Зауыттың мерзімінен кешіктірілімей іске қосылуына барлық жағдай қарастырылған. Қант қызылшасын қабылдап болғасын, зауыт толықтай іске қосылып, алғашқы өнімін шығаратын болады. Ал әзірге, егістік пен зауыт арасын қызылша өсірушілердің тасымалы жалғап тұр. Бұл жол – ең негізгі жол. Арғы меже берісі республиканы қамтамасыз етіп, әрісі шетелдерге экспорттау. Қазан айында жеті жүзге жуық адамды жұмыспен қамтитын зауытта тіршілік қайнап жатыр.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы