Әлем • 02 Қазан, 2017

Каталонияда тәуелсіздік референдумы өтті

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Каталонияда тәуелсіздік алу жөнінде референдум өткен болатын. Алайда, өңір билігі испаниялық полицейлермен қақтығыста 800 тұрғынның түрлі деңгейде жарақат алғанын мәлімдеді. Бұл туралы BBC хабарлады.

 

Каталонияда тәуелсіздік референдумы өтті

Фото: CNN

Тәртіп сақшылары референдумды болдырмас үшін демонстранттарға қарсы резеңкелі оқтар пайдаланған. Шамамен 2300 дауыс беру орнын ашу жоспарланған болса, полицейлер оның 319-ын күшпен жауыпты.

Жергілікті уақыт бойынша дауыс беру 20:00-де аяқталуы тиіс болатын. Бірақ қаладағы жағдай ескеріле отырып, ұйымдастырушылар кезекте тұрғандарға одан кейін де дауыс беруге мүмкіндік берді.

Ресми түрде дауыс беру уақыты аяқталғаннан кейін Испания премьер-министрі Мариано Рахой бұл референдумды мойындамайтынын, Барселона билігі қала тұрғындарын алдап, заңсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Испания ішкі істерінің ақпары бойынша қақтығыста 12 полицей жарақат алған. Сондай-ақ, ел билігі 92 дауыс беру учаскесі тәртіп сақшыларының күшімен жабылғанын хабарлады. Өз кезегінде Испания премьер-министрінің бірінші орынбасары Сорайя Саэнс Сантамария баспасөз конференциясында тәртіп сақшыларының күш қолданып, дұрыс қадамға барғанын жеткізді.

Қала тұрғындары мен полицейлер арасындағы қақтығыс жергілікті мектептердің бірінде орын алған. Белсенділер полицияның сайлау бюллетеньдерін салатын жәшіктердің тәркілеуіне жол бермеуге тырысқан.

Осыған дейін Испания премьер-министрі Мариано Рахой Каталонияның тәуелсіздік жөнінде референдум өткізуі заңға қайшы деп есептейтінін ескерткен болатын. Испания үкіметі Каталония тұрғындары 48 сағат ішінде райынан қайтпаса, арнайы шаралар қолданатынын мәлімдеген. Тиісінше, Мадрид қаласынан тәртіп сақтау және заңсыз референдумды өткізбеу мақсатында өңірге мыңдаған тәртіп сақшысы жіберілген болатын.

Каталония билігінің өкілі Жорди Турул бірнеше миллион адам дауыс беруге қатысқанын хабарлады. Өңірдегі 7,5 миллион адамның 5,3 миллионы дауыс беру құқығына ие. Ал референдум нәтижесі қашан жарияланатыны белгісіз.

Каталония – Испанияның солтүстік-шығысында орналасқан автономды облыс. Өзіндік тілі, дәстүрі бар.