Спорт • 02 Қазан, 2017

Спорттағы патриотизмнің парқы

549 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Осыдан алты жыл бұрын, яғни 2011 жылы Астанада Қазақстанның тұңғыш спорттық форумы өтті. 

Спорттағы патриотизмнің парқы

Алқалы жиын аясында спорттағы патриотизм тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылған болатын. Сол шарада спортшыларымыздың Қазақстан Республикасы әнұранының мәтінін жатқа білмейтіндігі өз алдына, гимн шырқалғанда кейбіреулерінің қолын кеудесіне қоймайтындығы қатты сынға алынған еді. Осының бәрін естіп отырып, республикадағы беделді спорт басылымдарының бірінде жауапты қызмет атқаратын бір әріптесіміздің: «Онда тұрған не бар? Ең бастысы, нәтиже көрсетіп жүлде алса, сол жетпей ме?», – дегені бар. 
 

Анығында, бұл «білгіштің» ұлты басқа болатын. Осы сөздерімен-ақ ол нәсілінің ғана емес, ішкі ниетінің де көктемір бөтендігін көрсеткен еді. Сол кезде әлгінің әнұранымызға деген немқұрайды пікірі намысқа тиіп, жек­көрініштік сезімін тудырғаны рас-тын...

Иә, мемлекеттік рәмізге құрметі жоқ спортшының қандай деңгейдегі жа­рыс болсын жеңіп алған алтын жүл­десінің құны көк тиын. Ол, ол ма, дәл осындайлардың чемпиондық атағын бұлдап, мемлекеттің қаржысын аямай қарпып қалуға талпынған ашкөздік әрекеттеріне талай мәрте куә болып та жүрміз. Әсіресе, мұндайлар қара­көз­дері­міз өте сирек кездесетін спорт түрле­рінде жиі байқалады. Амал жоқ, өзіңнен шық­пағаннан кейін көп дүниеге осылайша көз жұма қарайсың...

Осындайда еске түседі. Кезінде КСРО-ның әйгілі спорт жұлдызы, мұзда мәнер­леп сырғанаудан Олимпиаданың үш дүркін чемпионы Ирина Роднинаның жеңіс тұғырының ең биік сатысында тұрып жылаған сәтін жырлаған Жұмекен Нә­жімеденовтің мынадай жыр жолдары бар:

Ұлы елдің 
Ұлы гимні ойналды осы қыз үшін,
Туы төбеде айналды осы қыз үшін –
Неткен бақыт!
Ұлы еліңнің ұлы гимні алдында,
Жүрегіңнің қызыл туы алдында,
О, құдірет, тап осылай, құдірет,
Жыласаң ғой ғұмырыңда бір рет!

Иә, дәл осындай бақытты сәтті бастан кешіп, қуаныштың көз жасына ерік беретіндер қазір де бар. Заман алмас­қанмен, адам баласының табиғи түйсігі түбірімен өзгеріп кетпейді ғой. Бірақ кейбір жерлестеріміздің жеңіс тұғырында тұрып ерін жыбырлатқаны әнұранды айтқаны емес, алатын ақшасын санап тұрған амалындай әсер беретіні бар. Неге десеңіз, бүгінгі спортта патриотизмнің аясы тарылып, пұлдық, яғни ақшаға та­бын­ған психология атқа мінген заман туды. 

* * *
Таяуда республикалық БАҚ-тарда Атырау облыстық әкімдігінің спортшыларды ынталандыру төлемдері туралы жобаны мақұлдаған отырысы өткені жайында ақпарат тарады. Бұдан былай халықаралық және республикалық чемпионаттарда жүлде алған жергілікті спортшылар ай сайын ынталандыру төлемақысын алып отыратын көрінеді. Мысалы, егер де Атыраудан Олимпиада чемпионы шыға қалса, ол жергілікті бюджеттен ай сайын 700 мың теңге көлемінде төлемақы алып тұрады екен. Ал Қазақстан чемпионатын жеңіп алған спортшыға 200 мың теңге ай сайын төленіп тұрады. 

Кеңес заманында мұндай ақша спортшылардың түсіне де кірген жоқ. Бірақ мемлекет мені маңдайымнан сипамады деп өкпелеген олар болмады. Додаға түскенде алдымен намысты, елдің абыройын бірінші орынға қойғаны рас. Мұны біз аға буын өкілдерінің айтқанынан жақсы білеміз. Қазіргі спорт­шыларда бұл жағы кемшін деп кесіп айтуға болмас. Егемен еліміз үшін қоң етін кесіп беруге даяр өрендеріміз, құдайға шүкір, баршылық. Бірақ қу ақша бәрібір де адам баласының санасына өзінің әсерін тигізбей қоймайды. Кешегі жалаңаяқ бозбала бір күннің ішінде бай балаға айналып шыға келгенде, ең алдымен оған сана берсе екен деп тілейсің. Әйтпесе, жеңіл ақшаның буы талайды теріс жолға түсірген. Алдағы уақытта да оның алғадай жастың талайын әзәзілдің қылкөпірінен өткізері айдан анық. Ал бұл сынақтың жанында спорттағы сынағыңыз тезек теріп кетеді.

Әлбетте, материалдық тұрғыда ынта­ландырудың спортшы үшін өмірлік маңызы зор. Пенде болған соң кімнің бақуатты өмір сүргісі келмейді дейсіз. Дегенмен, үлкен ақша жүрген жерде талас-тартыстың да қоса еріп жүретіні заңдылық. Құрама команда сапында жүріп, мол ақшаның дәмін татып қалған кейбір спортшылардың өзімен деңгейлес немесе өзінен әлдеқайда әлділеу бәсе­келесін шын сайыста жеңбесе де, басқа бір амалын тауып сүріндіргісі келіп тұратын сұм әрекетіне қарап қарның ашады. Бұл– әрине спорттық қағидаттарға қай­шы, спортшылар арасындағы адал бәсекелестіктің тамырына балта шабатын құбылыс. 

* * *
Күні кеше Германияда өткен әлем чемпионатында Куба боксшылары бес бірдей алтын медальді жеңіп алды. Ал енді осы «Бостандық аралының» бүгінгі жағдайын үлде мен бүлдеге оранған деп айта алмаймыз. Эмбарго шөміштен қысқан елдің экономикалық мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан Куба мемле­кеті әуесқой бокстың аузынан ақ май ағызып, жағдайын түгел жасап қойған деп те айта алмайсыз. Сонда бұл ел боксының әлемдік аренада көшбасшы болып отыруының сыры неде? 

Міне, осы сұрақты біз 2009 жылы Қарағандыда өткен Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған турнирге арнайы келген Кубаның еңбек сіңірген жат­тықтырушысы, профессор Алсидес Сагаро мырзаға қойғанымыз бар-тын. Әйгілі бапкер сонда өз еліндегі жағдай­ды жасырмай айтқан еді. «Бокс, – деген еді ол, – кубалық әрбір бозбала үшін ең алдымен күнкөріс көзі». Яғни, кедейліктің қамытынан құтылғың келсе, өз тағдырыңа жұдырықпен жол аш деген сөз бұл. Бір салмақтың өзінде бәсекенің жоғарылығы сонша, бірінші нөмірлі боксшы сүрініп кетсе үстінен таптап өтуге дайын тұрғандардың кезегі ұзын-сонар дейді әйгілі бапкер... Сондайда мынадай ой келеді: алдындағы таудай мақсатқа жету үшін адам баласы әйтеуір бірдеңеден таршылық көруі керек пе? Тоқ мысықтың тышқан ауламайтыны сияқты, қанағы қарқ, сағанағы сарқ спортшының бәрі бірдей жаттығу залында, жарыс жолында жанын қинай бермейді-ау. 

Таяуда Ресейдің әйгілі спорт комментаторы, кәсіпқой бокстың білгірі Владимир Гендлин «Әуесқой бокста алдына жан салмайтын Кубаның кәсіпқой боксқа келгенде неге атағы шықпайды?» – деген сұраққа былайша жауап бергені бар. «Кубада кәсіпқой бокспен айналысу үшін елден қашып кету керек, – деп еді ол. – Ал нартәуекелге барып, Америка асқан әуесқой боксшылары көп ұзамай босаңсып кетеді. Өйткені олар жайлы өмірдің құшағына күмп бергеннен кейін кешегі күнін тез ұмытады...». 

Құдайға шүкір, біздің елдегі жағдай мүлдем өзгеше. Әлемде спортына аямай ақша құйып, спортшыларын алақанға аялай салып отырған үш мемлекет бар дейтін болсақ, соның бірі Қазақстан деуге әбден болады. Атлеттеріміздің алаңсыз жаттығуына жасалған жағдайды айтпағанның өзінде, оларыңыз ай сайын алатын, қарапайым еңбек адамының түсіне кірмейтін қомақты жалақымен қамтамасыз етілген. Мұның бәрі әрине, дұрыс. Әлемдік спорт қауымдастығы алдында зор абырой-беделге ие елдің игі ісі. Дегенмен, спорттағы асқаралы мұраттар ақшамен ғана өлшенбесе екен дейсің. Қу дүниеден басқа да құндылықтардың барлығы спортшыларымыздың бойына бала кезінен сіңдірілсе деп тілейсің...

* * *
Әлі есте. 2009 жылы дзюдошы Максим Раков Қарағандыға әлем чемпионы болып оралғанда жергілікті меценат Талғат Аханов спортшыға жол талғамайтын қымбат көлік мінгізді. Осы шараға арнал­ған салтанатты жиынға қатысқан бұрынғы боксшы, Әлем кубогының иегері Аркадий Топаевтың күрсінгені бар еді. «Кезінде біз халықаралық жарыстардан жеңіспен оралғанда қолымызға бір жапырақ қағаз ұстатып, арқадан қағатын. Соған мәз болушы едік...», – деген бір түрлі мұңайып. 

Қазір біздің елде Олимпиаданың алтын жүлдесін жеңіп алған спортшыға мемлекет тарапынан 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі. Күміс медаль иегері 150 мың доллар алса, ал қола жүлде алғанға 75 мың доллар төленеді. Басқа мемлекеттердегі дәл осындай мақсаттағы төлемақы мөлше­рімен салыстырғанда бұл аз ақша емес. Яғни Қазақстан халықаралық аренада көк байрағымыздың желбіреуіне, әнұранымыздың шырқалуына тікелей себепші болып, елімізді танытып жүрген сайыпқыран спортшыларымыздан аянып отырған жоқ.

Бірақ кей жағдайларда спортшы­ларымыздың елдің абыройы мен намысынан гөрі қалтасының қамын көбірек ойлайтыны қабырғаға шаншудай қадалады. Бұған былтыр Ресейде өнер көрсететін бір топ жерлесіміздің Қазақстанның хоккей құрамасы сапында ойнаудан бас тартқанын мысал ретінде келтірсек те жеткілікті. Себебі белгілі, олардың жүрегінде отаным дегенде отқа түсемін деген сезімге орын жоқ. Олар үшін одан гөрі клубта жүріп, күреп ақша тапқаны әлдеқайда олжа емес пе?!

Биыл біз Олимпиаданың бес бірдей алтын медалінен айрылдық. Бұл біздің спорттағы аузы іріңдеген жараның бірі болып тұр. Көбіне айналып өтеміз, жауырды жаба тоқимыз. Ал шындығына келсек, допинг деген дертке қарсы күресте ұстаған жерімізден сынуымыз керек еді ғой. Сондағы айтайын дегеніміз, әлгі алтын жүлделер үшін төленген есіл ақша, пәтерлер мен темір тұлпарлар көзден бұл-бұл ұшты-ау. Елдің алдына шығып, ең болмаса кешірім сұраған біреуі болмады. Егер елім деген ер болса, ар сотының алдында түбі бір ақталар еді-ау... 

Қазақтың эпостық жырында «Ақша бір жауған қар екен, Ғаріптің көңілі тар екен» деген жолдар бар. Спорттағы пен­денің көңілі тарылып, пұлдық психо­логияға біржолата мойынсұнса, мемлекет абыройының аяқасты болуы оп-оңай екен-ау...

Жалдамалы спортшы еліміздің жақсы атын шығарып жатса, оның жамбасқа басқанына көз сұғын қадағаннан аулақпыз, әрине. Бірақ мұндай дақпырттың дәурені келте, түбі баянсыз. Одан да, өзіңнен шыққан өреннің қорасы малға толса екен деп тілейсің. Тентегін түзеп аласың, қыл аяғы тиын-тебені қыр асып кетпей, өзіміздің салыққа түседі емес пе?!

Рас, патриот та адам баласы. Оның да нанға сары май жағып жегісі келеді. Бірақ мәселе ол нан жеу үшін спортта жүр ме, әлде спортта жүру үшін нан жей ме? Міне, гәп осында!

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»