Жуырда өңірдегі осы қанатты жобаға алынған Успен ауданының орталығындағы № 3 қазақ тілінде жалпы білім беретін орта мектепте «Сандық Қазақстан» жобасы шеңберінде арнайы кабинет ашылды. Мектеп оқу ісінің меңгерушісі Зәуреш Рымханқызының айтуынша, жобаның мақсаты - Аппараттық жаңа технологиялар ауыл мектептердегі білім деңгейінің жоғары болуына әсер етеді. Қыркүйек айында кабинеттің ашылуы болып, жаңа технологиямен білім алуға барлық оқушылар қатты қызығушылық көрсетіпті. Қазір 8-ші сыныптың 18 оқушысы осы жаңа жүйе бойынша білім алуда. Кабинетте интербелсенді тақта, 18 сенсорлық ноутбук-трансформерлері бар сейф-шкафтары бар.
Bilimbook-те қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 4 білім беру ресурсы бар. Бұл BilimLand– әмбебап білім беру платформасы, iTest – ҰБТ және ТКТ-ға даярлайтын виртуалды тренажер, iMektep – қазақ тіліндегі бастауыш мектеп бағдарламасының толық курсы, Twig-Bilim – 1500-ден астам қызықты танымдық фильмдерінен тұратын кешен. Қазір мектеп оқушылары жаңашылдық технология жүйесімен сабақтарын бастап та кетті. BilimBook дегеніміз - білімді беруді арттыру және танымдық белсенділікті ынталандыру мақсатында оқушының жеке қолдануына арналған. Мұғалімге сабақ беру барысында инновациялық педагогикалық технологияларды, әдістер мен модельдерді енгізу мүмкіндік береді. BilimBook ноутбугі контентінде 40 000 мыңнан астам интерактивті сабақ, миллион бейнеролик және 30 000 тестік сұрақ бар.
Фарида Бықай
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы