Қазір Павлодарское ауылы облыс орталығы аумағы құрамынан шығарылды. Ауылды Павлодар ауданының орталығына айналдыру мәселесін қала, аудан басшылығы, облыстық мәслихат депутаттары талқылап, нүкте қойғандай болды. Енді облыстық мәслихат пен әкімдік бірлескен қаулы қабылдап, Үкімет қарауына жіберіледі. Бұл ауданның орталығы осы күнге дейін облыс орталығында орналасқан-ды. Ендігі мәселе аудан орталығын ауылға көшіру.
Мәселенің мәнісіне келсек, егер Павлодарское ауылына аудан орталығы мәртебесі берілсе жоба-жоспар үлкен: орталықтандырылған су жүйесі, жылу беретін орталық қазандық құрылысы, мәдениет үйі, автовокзал, денешынықтыру-сауықтыру кешені, жаңа балабақша, энергия қуатын ұлғайту үшін қосымша станса салынады. Жаңа аудан орталығын құру кезінде халыққа қызмет көрсету орталығы, жергілікті атқару органдары, аудандық ішкі істер бөлімі, прокуратура, сот орналасатын әкімшілік қалашық бой көтереді. Ауылдағы 97 шақырым жолға асфальт төселіп, саябақ жобасы жүзеге асырылады. Климаттық жағдайларға бейім ағаштар мен өсімдіктер егіледі, гүлзарлар жасалады. Кәсіпкерлер бастамасымен аквапарк салу жоспарлануда. Ертіс өзенінің жағалауында туристік қызметтер көрсететін инфрақұрылымдары бар демалыс үйлері салынады.
Осы өзгерістер барысын естіп, біз де аудан әкімі Александар Бабенкомен кездестік. Әкімнің айтуынша, электр қуатының қосалқы стансасын салуға 3-4 млрд теңге, су құбырына 2,5 млрд теңге, көшелерді асфальттауға шамамен 800 миллион теңге және тағы сол сияқты шығындарды ескерсек, алдын ала есептеу бойынша, барлық жоба-жоспарларды жүзеге асыруға 10 млрд теңгеден астам қаражат қажет екен.
Жеке аудан орталығының болуы ауданды бөгде аумақтан басқарудан бас тартуға жол ашады. Ауданның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына қыруар инвестиция құйылады. Өсу болашағы зор, ауылдықтардың өмірін сапалық тұрғыдан жақсарту үшін аудан орталықтарының белгіленген стандарттарына сәйкес жасамақпыз, дейді аудан әкімі.
Аудандық конференция қорытындысы бойынша аудан тұрғындарының басым бөлігі, яғни 87 пайызы бұл өзгеріске оң көзқараста, 4 пайызы қарсылық танытса, 9 пайызы дауыс беруден қалыс қалыпты. Ал 2009, 2010, 2014 жылдары біз әр тақырыпта «Егеменде» «ауданның тұрғандары – ауылдықтар – ауылда, ал, аудан әкімдігі басшылары – қалада, аудандық әкімдік құрылымдары облыс орталығында орналасқан, қалада қызмет етеді. Аудан орталығы ауылға көшсе, Красноармейка ауылы лайықты болар...», деп жаздық. Жазған ойларымыз ой салды ма, әр жылдары аудан орталығын біртіндеп Красноармейкаға көшіруге дайындық жұмыстары да басталған-ды. Қазір неге екені белгісіз, жоспар күрт өзгерді. Аудан орталығы облыс орталығына қарайтын Павлодарское ауылына көшпекші.
Павлодарское ауылының тұрғындарының біразы аудан орталығы болсын деген шешімге қарсылық білдірсе, ара-арасында қолдағандар да кездесті. Ауылдың бұрынғы әкімі В.Забегалина болса бұл өзгеріске күмәнмен қарайтынын жасырмады.
– Ұсынылған даму жоспары жақсы-ақ. Бірақ оның орындаларына сену қиын. Жылдар бойы орталықтандырылмаған су мен жылу жүйесі енді қалай қолға алмақшы, – дейді. Тағы бір мәселе, облыс орталығынан ауылдың 162 тұрғын тұрғын үй алу кезегінде тұрса керек.
Бізге де, басқа ауылдарға да аудан орталығын ауылға көшіру туралы конференция өтетіні жайлы айтқан да жоқ. Аудан әкімімен кездестік, ауданда осы мәселе бойынша референдум өткізу керектігін айттық. Көшу жайын қарапайым халықпен ақылдаспай басшылар қалай шешеді? Біздің де айтарымыз бар.Үкімет те біздің жазғанымызға, өтінішімізге құлақ салар, дейді Красноармейка ауылының тұрғындары, Жоламан Қыстаубайұлы бастаған белсенді топ мүшелері.
Бұған дейін жыл сайынғы әкімдердің есеп беру кездесулері Красноармейка ауылында өтіп, жалпы, аудан жұртшылығы алдағы уақытта аудан орталығы болады деп, күтіп жүрген еді. Бұл жерде «ҚазАгроИнновация» АҚ құрамындағы ауыл шаруашылығы институты жұмыс істейді. Әлі күнге дейін Красноармейка аталып тұрған агроколледжде 540 студент, Красноармейка аталатын мектептің 400-дей оқушысы бар. Жатақханада 150 бала тұрады. Екіншіден, колледжде «Серпін» бағдарламасымен оқып-білім алып жатқан оңтүстіктен келген 100-дей жас бар. Орта толтыратын болашақ тұрғындар деуге болар. Ауыл облыс орталығына жақын, Шарбақты ауданы арқылы Ресейдің аудандарына баратын халықаралық маңыздағы жолға жалғасады. Бұрын қала типтегі кент болып есептелді. Келесі жылы орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Шеттен келген ағайындар, шалғайдағы ауылдардағы отбасылары жер алып, үй тұрғызуда.
Мәселенің мәнісі сол, аудандық әкімдік қызметкерлерінің Красноармейка ауылына барғылары келмейтін сияқты. Аудан орталығын қала іргесіндегі ауылға көшіріп, қалыптастыру үшін республикалық бюджеттен 10 млрд теңге бөліну керектігін, оның іске асу-аспауын қызметкерлер есепке алып көрсе, аудан орталығы болуға Красноармейка ауылының лайықты екенін түсінер еді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы,
Павлодарское ауылы