Бақсақ, астаналық жүргізушілердің әп-сәтте жолда жүру ережелеріне ерекше мән беруінің сыры бар болып шықты. Елордада 15 қыркүйектен бастап жолда жүру ережесін бұзғандарды сертификатталған суретке және бейнежазу құрылғысы арқылы таспаға түсіру басталды. Енді Астана көшелерінде жылдамдықты асырғандар мен жол қозғалысы тәртібін бұзғандарға заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен әкімшілік жазалау шаралары қолданылады. Әсіресе жүргізушілер көше қиылыстары мен бұрыштарында өте сақ болғаны жөн. Өйткені жан-жағыңыздың бәрі фотобейнебақылау. Жол ережесін бұзсаңыз, әп-сәтте таспаға түсіп қалу қиын емес. Бұл «Сергек» іс-шарасы бойынша тәулік бойы жүзеге асып жатқан жұмыс. Мамандардың айтуына қарағанда, «Сергек» жүйесі іске қосылғалы Астана көшелерінде құқық бұзушылық мүлде азайған.
Жалпы, осы жылдың соңына дейін Астана қаласының аумағындағы 13 000 сурет және бейнежазу камералары біртұтас жүйеге біріктірілетін болады. Астананың сауда-ойын-сауық орталықтары мен театрларында, спорт ареналары мен мұражайларында және басқа да жұртшылық көп жиналатын орындарда орнатылған 3 000 бейнекамера да осы жүйеге енеді. Сондай-ақ жыл соңына дейін адамдар көп шоғырланатын орындарда – 4 000, жол бойлары мен қиылыстарында 6 000 «Сергектің» фотобейнекамералары қойылмақ. Демек қаланың қай бұрышы болсын бақылауда болады деген сөз. Ал қазіргі уақытта жаңа жүйеге қосылған 3 000 бейнекамера тәулік бойы жұмыс істеп, түсірілген фотобейнежазбалар арнайы құрылған тиісті орталықтарға жіберіле бастады.
Арнаулы жазба камералары орнатылатын орындар Астана қаласы ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасы және жергілікті полиция қызметі мамандарының қатысуымен алдын ала кеңінен талқыланған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің жол-көлік оқиғасы мен қылмысқа байланысты электронды картасындағы мәліметтер де ескерілген.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жасалып жатқан кешенді жұмыс арқылы Астана «ақылды қалаға» айналады. Елорданың көшелері қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз болады деген үлкен үміт бар. Жасыратыны жоқ, «Сергек» іс-шарасы қолға алынғанға дейін Астана көшелерінде жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен болатын. Әсіресе жаяу жүргіншілердің көлік жүргізушілерінің кінәсінен жапа шегіп, тіпті мерт болғандары да аз емес. Балалардың да жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шегуі көбейген еді. Қазір Астанадағы оқу-білім орындарының маңында жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау керектігін айғақтайтын белгілер жасалды. Сонымен бірге бейнебақылау камераларының да қатары артты. Осының бәрі Астана көшелерінде құқық бұзушылықты азайтуға сеп болмақ.
Қала көшелерін жарықтандыруды жақсарту мақсатындағы жұмыс та осы «Цифрлы Астана» бағдарламасының аясында, «CISCO», «PHILIPS» және «LEDSolutions» компанияларының қатысуымен жүзеге асып отыр. Бұл бағытта екі қанатқақты жоба қолға алынды. Бұл «Ақылды көше жарықтандыру» жобасы. Осы жоба арқылы қала көшелерін жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясының мөлшерін 60 пайызға дейін азайтуға, шамдарды ұстауға кететін шығынды 30 пайызға дейін кемітуге, оның қызмет көрсету мерзімін алты айдан 15 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік болады. Жоспарға сәйкес шамамен 25000 нысандағы шамдар ауыстырылады.
«Цифрлы Астананың» әлеуетін арттыру бойынша қарастырылған тұжырымдама «Ақылды қалалардың» еуропалық үлгісі бойынша жасалған. Қазіргі уақытта қалада инфрақұрылым мен басқару әдістерін жетілдіру бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар Астананы «ақылды қалаға» айналдыратын болады. Бұл ретте «ақылды экономика», «ақылды қоғам», «ақылды басқару», «ақылды өмір салты», «ақылды көлік», «ақылды қоршаған орта» секілді жобаны іске асырудың негізгі бағыттары белгіленді. Кешенді бағдарлама осы бағыттардың барлығын қамтып, Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, кезең-кезең бойынша жүзеге аса бастайды. Қазір алғашқы нәтижелері де көріне бастады.
Астанадағы ең көкейкесті мәселенің бірі пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы болатын. Бұл жөнінде тұрғындардың тарапынан талай арыз-шағым айтылып, қала билігі бел шеше араласқанымен, жағдай айтарлықтай жақсара қоймаған еді. Енді бұл сала да «Цифрлы Астана» бағдарламасына енді. Негізі елордада 436 пәтер иелері кооперативі бар. Соның 250-і «е-КСК» жобасына қамтылып отыр. Бұл шамамен 1200-дей көп қабатты үй. Енді осы үйлерге қызмет көрсететін кооперативтердің жұмысы автоматтандыру жүйесіне қосылды. Келешекте Астанадағы басқа үйлер де осы қанатқақты жобаға қосылатын болады.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»