ЭКСПО-2017 • 03 Қазан, 2017

Ержан Бабақұмаров: ЭКСПО-2017 – жаңа жаһандық жобалардың бастамасы

438 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі кеңсесі жетекшісінің орынбасары Ержан Бабақұмаров ЭКСПО-2017 көрмесі туралы пікірін білдірді. 

Ержан Бабақұмаров: ЭКСПО-2017 – жаңа жаһандық жобалардың бастамасы

Фото: Total.kz

"ЭКСПО-2017 – бұл Елбасымыздың тікелей қатысуымен және бақылауымен іске асқан жаһандық жоба. 

Нұрсұлтан Назарбаев биыл табысты өткен көрмені Астанада өткізу жөніндегі бастаманы осыдан тоғыз жыл бұрын, яғни 2008 жылы Сарагосада көтерген болатын. Ал 9 маусымда Қазақстан бүкіл әлемге болашақтың энергиясы туралы ұстанымын таныстырды. Сонымен бірге Еуразия кіндігінде орналасқан ел ретінде тәуелсіздік алған 26 жыл ішіндегі даму жетістіктерін алға тарта отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуге ниетті екенін мәлім етті.

Бүгінгде әлемде жаһандық энергетикалық нарықтың жаңа моделіне көшу үдерісі жүріп жатқанын ескерер болсақ, көрменің тақырыбы өзекті болып есептеледі.

Әрине, бүгінде көптеген жаһандық проблемалар бар. Ал Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі әлемдік қауымдастықтың сол проблемаларға қарсы шешімі бар екенін көрсетті. Шамамен 200-ге жуық қатысушы мемлекет, халықаралық қауымдастықтар және корпорациялар көрме барысында болашақ энергиясы тақырыбында жаңарған технологияларын таныстырды. Бұл өз кезегінде жаһандық энергетиканы дамыту үшін жаңа үлгілердің пайда болуына серпін береді", деді ол. Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, мұның бәрі ЭКСПО-2017 көрмесінің бүкіл адамзатқа пайдасын тигізетін бай зияткерлік мұрасын құрайды. 

Сонымен қатар Ержан Бабақұмаров Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен біріге отырып, ғаламшарымыздағы ең өзекті саналатын «Болашақ энергиясы» тақырыбын ашуы елімізді ғаламдық мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне атсалыса алатын дамыған мемлекеттердің қатарына қосатынын жеткізді. "Мұндай рөл 21 ғасырда бізге мол мүмкіндіктер береді. ЭКСПО-2017 көрмесінің арқасында Қазақстан ғаламшарымыздың орнықты дамуына қажетті бірегей технологиялық және экономикалық шешімдерді табу жөніндегі әлемдік процеске қатысушы мемлекет ретіндегі әлеуетін күшейтті.Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің көрмеміз жаңа жаһандық жобалардың бастамасы болады", деп түйіндеді сөзін ҚР Премьер-Министрі кеңсесі жетекшісінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.