Қазақстан • 03 Қазан, 2017

Әскери-Теңіз күштері қызметінің мәселелері талқыланды

841 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған жоғарғы Палата комитеті Ақтауда көшпелі отырыс өткізіп, Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-Теңіз күштерінің қызметі мәселелерін талқылады.


Әскери-Теңіз күштері қызметінің мәселелері талқыланды

Д.Назарбаева комитет отырысын аша келіп, Елбасы еліміздің қорғаныс қабілеттілігі мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әскерлердің дайындық деңгейін арттыруға, әскери техниканың жаңғыртылуына ерекше назар аударатынын атап өтті.

Еліміздің Әскери-Теңіз күштерінің қолбасшысы Жандарбек Жанзақов, ҰҚК Төрағасының орынбасары-Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, Ақтау теңіз портының жай-күйі мен даму келешегі туралы «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» АҚ президенті А.Түрікпенбаев сөз сөйледі.

Көшпелі отырысты аяқтай келіп, Д.Назарбаева Батыс аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық маңызын атап өтті. Сенатор еліміздің шекара қызметі мен әуе қорғанысын нығайтудың үш жылдық бағдарламасын әзірлеу қажеттігін айтты.

Д.Назарбаеваның пікірінше, браконьерлікпен күрес, отандық кеме жасау, әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, Шекара қызметіне әскери бөлімше орналасқан жерлерден жер телімдерін беру мәселелері тезірек шешуді талап етеді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының қатысуымен Сенатта дөңгелек үстел өткізуді тапсырды.

Ақтауда болған кезінде сенаторлар әскери-теңіз базасында, теңіз жаяу әскері бригадасында, әуе қорғанысы нысандарында, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты мен теңіздегі солтүстік терминалда, Түрікменстанмен шекарадағы техникалық байқау бекетінде және «Құрық» портында болды. Депутаттарға Шекара қызметінің және Әскери-Теңіз күштерінің «Сарбаз», «Қарағанды», «Алатау», «Орал» кемелері, сондай-ақ теңіз бөлігіндегі мемлекеттік шекараны қорғау және күзетуде шекарашы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл тәртібі көрсетілді.

Сенаторлар Ақтауда «Дарын» бейімдеу мектебінің жұмысымен және материалдық-техникалық базасымен де танысты. «Самұрық-Қазына» қоры іске асырған «Менің елім» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысындағы зағип балаларға арналған 4 бейімдеу мектебі арнайы бейімдеу жабдықтарымен және әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілді.

2017 жылғы қазанда Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 25 мектепті жабдықтау жоспарланып отыр.