Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Жеңіл өнеркәсіпті жандандыруға мүмкіндік бар

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мен қазақ баспасөзінің көш­басшысы – «Егемен Қазақстан» газетінің ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырманымын. Газеттің әрбір санын асыға күтіп, үзбей оқып тұрамын. 

Жеңіл өнеркәсіпті жандандыруға мүмкіндік бар

Бірақ пікір біл­діріп, өз атымнан мақала жазу­ға талпынып көрген адам емес­пін. Алайда газет тілшісі Жыл­қы­бай Жағыпарұлының үс­ті­міздегі жылдың 24 тамызында жарық көрген «Жеңіл өнеркәсіп: ізде­ністер мен іркілістер» атты мақаласы қолыма еріксіз қалам алдырды. Бұл соңғы 15-20 жыл көлемінде еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласында қалып­тас­қан ащы шындықты алғаш рет терең талдап, шынайы жазған мақала деп санаймын. 
Қазақстан жеңіл өнеркәсібі саласының тынысы мен тірші­лігін бір кісідей білемін. Мен бұл салаға өзімнің 30 жылдан астам саналы ғұмырымды арна­дым. Ұзақ жылдар бойы Жам­был облыстық халыққа тұрмыс­тық қызмет көрсету басқар­масының бастығы болып, зей­неткерлікке шықтым. «Еңбек Қы­зыл Ту», «Құрмет белгісі» орден­дерімен марапатталып, «Қазақ КСР тұрмыстық қызмет көрсету саласының үздігі» құр­метті атағына ие болдым. Сон­дықтан Қазақстан жеңіл өнер­кәсібі саласының күрделі проблемалары тілге тиек етілген бұл мақалаға үнқосуды өзімнің парызым деп санаймын. 
Мақалада халықтың әлеу­меттік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз екені орынды атап көрсетілген. Бір ғана мысал келтірейін, сонау бір жылдары тек Жамбыл облысы бойынша 28 халыққа тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорны жұмыс істеді. Міне, осы кәсіпорындарда 9 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылып, тұрақты түрде жалақы алып тұрды. Атақты Жамбыл тері комбинаты жылына миллиондаған пар сапалы тері аяқ киімдерін шығарып, ел тұрғындарының аяқ киімге деген сұранысының басым бөлігін қанағаттандырды. Отан­дық кәсіпорындар шығарған өнім­нің сапасы қандай десеңізші! Бүгінде сол нағыз теріден тігілген отандық өнімдер көзден бұл-бұл ұшты. Оның орнына Қытайдың жасанды теріден тігілген не сапасы, не жылуы жоқ өнімдері қаптады. 

Бүгінде елімізде тері өңдейтін, жүн жуатын кәсіпорындар құрып кетті. Миллиондаған мал терісі мен тонналаған жүн арзан бағамен шетке шығарылады немесе шіріп кетеді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз осындайдан шықса керек. 

Отандық жеңіл өнеркәсіп саласын қалпына келтірудің мүмкіндігі баршылық. Ол үшін ең алдымен осы салаға ие болатын мемлекеттік орган құрылу керек. Мәселен, кешегі кеңес дәуірінде біздің республикамызда Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсібі министрлігі, Қазақ КСР Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрлігі, Қазақ КСР Жергілікті өнеркәсіп министрлігі сияқты бірнеше министрлік жұмыс істеп, жеңіл өнеркәсіп саласының өндірісін дамытты. Екінші бір мәселе, жеңіл өнеркәсіп өндірісі саласының нағыз маман жұмысшыларын даярлайтын орталықтар ашылуы керек. Іс тетігін қашанда маман кадрлар шешеді. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында ауылдарда ең құрметті де қажетті адам колхоз басқармасының бастығы да емес, ауыл кеңесінің төрағасы да емес, қарапайым етікші болатын. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастар кезеңінде бұл сала мамандарының қажеттілігі орынсыз төмендетілді. 

Еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамытудың мүмкіндіктері баршылық. Ол үшін бүгінгідей нарық заманында бұл саланың кәсі­п­орындары аяқтарынан тұрып кеткенше, жеңілдіктер жасау керек. Мәселен, өткен ға­сыр­дың 80-ші жылдары мен арнайы жұмыс бабымен Фран­цияда болып, осы елдің ха­лық­қа тұр­мыс­тық қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының жұмысымен таныстым. Бұл елде жергілікті тұр­мыстық қызмет көр­сету кәсіп­­орындарының ғима­рат­тары муни­ца­палитеттер­дің қаржысына салы­нып, кәсіп­кер­лерге жалға беріледі екен. Жеңіл өнер­кәсіп және тұрмыстық қызмет көр­сету кәсіпорындары салықтан боса­тылған. Сонымен бірге жаңағы ғимараттардың жа­рық және жылуға төленетін ком­му­нал­дық ақысы да муница­палитет есе­бінен жабылады екен. Біз елге келгеннен кейін осы тәжіри­бені Жамбыл облы­сының жеңіл өнер­кәсібі мен тұр­мыстық қызмет көрсету саласының кәсіпорын­дарында пайдаландық. Бұл тәжіри­бенің нәтижесі де өте жоғары болды. Өкінішке қарай, 90-шы жыл­дардағы жаппай жекеше­лен­діру науқанына тап келіп, облысымыздағы кәсіпорын­дар­дың барлығы дерлік жеке­ше­лендіріліп кетті. Бірақ сол кездегі жекешелендіру жөніндегі шарттарда жеңіл және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары жекешелендіргеннен кейін де өздерінің негізгі қызмет түрін сақтауы қажет екендігі атап жа­зыл­ған. Ендеше мемлекет сол шарт­қа байланысты бұл кәсіпорын­дардың қызметін қай­тадан жан­дандыруға толық құқы­сы бар. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту арқылы біз еліміздің экономикасын әртараптандыруға барынша үлес қосамыз. 

Жұматай ЛАЙЫҚОВ,
Жамбыл облыстық тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының бұрынғы бастығы, зейнеткер