Қазіргі таңда ғалымдар мия өсімдігінің тамырында емдік дәрумендердің мол екендігін анықтап, тәжірибеге енгізуді қолдап отыр. Сонымен қатар аталған өсімдіктің тамырынан да мол табыс түседі. Бұл еліміздегі жаңа индустрияландыру саясатына да оң әсерін тигізіп, халықты жұмыспен қамтуда да ерекше рөл атқармақ. Бүгінде Шу ауданындағы «ҚазМия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мия өсімдігін қажетіне жаратып, одан өнім өндіру жұмысын бастады.
Аталған өндіріс орнының құрылыс жұмыстары 2014 жылы мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында басталған еді. Жобалық құны 900 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны жылына 2500 тонна мия тамырын өңдеуге қауқарлы. Аталған жоба жапон инвесторларының қолдауымен жүзеге асып, бүгінде кәсіпорын дәрі-дәрмектік шикізат – глицирризин қышқылының 22,4 тоннасын өндірген. Бүгінде жұмысы жоспарға сай жүргізіліп жатқан кәсіпорын алдағы уақыттарда әлеуетін арттырып, бұдан да жоғары табысқа қол жеткізуді көздейді. «ҚазМия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Олжас Әбдешов негізінен мұнда жаңа қондырғылар орнатылып, бірқатар шикізат өңделгенін айтып отыр. «Бір айта кетерлігі, қажетті шикізатты жергілікті жерде дайындауға мүмкіндік мол. Алайда, бұл іспен айналысып жүрген кәсіпкерлердің ешқайсысында рұқсат қағаз жоқ. Сондықтан әзірге шикізатты Оңтүстік Қазақстан облысынан сатып алуға мәжбүрміз. Ал келесі жылдан бастап оны өз жұмысшыларымыздың күшімен жинау жоспарлануда. Осыған байланысты қосымша 30-40 маусымдық жұмыс орындарын ашу ойымызда бар», дейді серіктестік басшысы.
Сонымен қатар кәсіпорынның иелігінде кептірілген мия тамырын сақтауға арналған сыйымдылығы 400 тонналық арнайы қойма да бар. Мұнда өндірілген өнімнен бөлек, 200 тоннаға жуық шикізат сақтаулы тұр екен. Аталған өндіріс орны алғашқы өнімін Жапония мемлекетіне ағымдағы жылы қазан айында жөнелтетін болады. Ал өнімнің келесі тобы жыл соңына қарай дайын болады деген жоспар бар. Сондай-ақ кәсіпорын биылғы жылғы 45-50 тоннаға дейін өнім шығаруды жоспарлап отыр. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, өндіріс орны өз мүмкіндігін көрсетіп қана қоймай, ел экономикасымен қатар, денсаулық сақтау саласына да өз үлесін қосатын болады.
Өнім мия тамырының ұнтағы түрінде шығарылады. Одан бөлек мия тамыры экстрактісінің қоюланған түрі еліміздің дәріханаларында жөтелге қарсы дәрі ретінде сатылуда. Енді мұндай өнім өзімізден шығу үшін 2015 жылы жапондар өнімді өңдейтін зауыттарын Жамбыл жеріне көшіру туралы облыс әкімдігімен мәмілеге келген болатын. Алайда серіктестік басшылығы екінші зауытты мұнда әкелу үшін әуелі біріншісін аяғына тұрғызып алу керектігін айтып отыр. «Егер жоспарымыз толықтай жүзеге асып, екінші кәсіпорын бой көтеретін болса, В гепатиті, көз аурулары сияқты дерт түрлеріне қарсы емге қолданылатын моноаммониум глицирризинат деген бағалы өнім шығаруға мүмкіндік туатын еді. Ал әзірге келісілген меморандумға сәйкес, жапондар шикізатымызды дәріге айналдырып, тұрғындарға қолжетімді бағамен сатуға уәде беріп отыр. Одан кейін мұндай дәрі түрлері өзімізде шығарылатын болады», дейді Олжас Әбдешов.
Бүгінгі таңда қолға алынып отырған жоба алдағы уақыттарда өңір экономикасын дамытуға серпін береді деген сенім бар. Дегенмен, мұнда жұмысты заңды түрде атқару бірінші мәселе болып отыр. Бұл тұрғыда Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев өзінің ойын айтып берді. «Ең бірінші мия тамырын өңдеуде адамға, қоршаған ортаға зиян келмеуі керек. Сонда ғана мұндай жобалар елге, жерге керек болады. Бүгінде «ҚазМия» өндіріс орны 15 тоннаға жуық өнім өндірді. Енді бұл көрсеткішті жыл соңына дейін арттыру жоспарда бар. Сондай-ақ қазір 30 шақты жергілікті тұрғын мұнда жұмыспен қамтылып, отбасын асырап отыр. Егер зауыттың қуаттылығы толықтай іске қосылатын болса, жұмыс орны да көптеп ашылады», дейді әкім.
Айта кетейік, биылғы жылы зауытта 24 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 21-не «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жергілікті жердің мамандары тартылған. Алдағы уақытта шикізатты Жамбыл өңірінен жинау мәселесі оң шешімін тапса, жергілікті тұрғындардың біразы жұмыспен қамтылып, Шу ауданында жұмыссыздық мәселесі де біршама ретке келер еді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы