Форумға қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев цифрлы технологияларға қатысты күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның пайымдауынша, қазіргі таңда цифрлы технологияның жағдайын бағамдау өте қиын. Қазақстан тарапының осы жаһандық үдеріске ілесуі және ондағы келелі мәселелерді талқылауы еліміздің бағыты дұрыс екендігін көрсететінін айтады министр.
Ведомство басшысы қалалар мен ауылдар арасындағы цифрлы айырмашылықты жою керектігіне тоқталды. Министрдің сөзіне сай, шалғай ауыл тұрғындарының цифрлы технологияға еркін қол жетуі бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
«Интернет аясы кеңейіп, әлеуметтік желілер дамып, цифрлы технологиялар дәуірі келді. Оған ауысудың жедел жүргені соншалықты, бәсекеге қабілетті болудың маңызы да арта түскен. Цифрлы Қазақстанның бірінші бағыты – оның іргетасы саналатын «Цифрлы жібек жолын» құру. Яғни елді мекендерге қажетті инфрақұрылым салып, сапалы оптикалық-талшықты кабельдер орнатуымыз керек. Қазіргі таңда ауылдар мен қалалар арасында цифрлы айырмашылық бар. Бәсекеге қабілетті болу үшін бізге жылдам интернет, сапалы теле және радио хабарлары керек. 2021 жылға дейін тағы екі миллионнан астам тұрғынның интернетке қосылуына жағдай жасаймыз», деді Д.Абаев.
Форум барысында интернеттегі мемлекеттік тілге қатысты мәселелер де сөз болды. Қазақша Уикипедияның негізін салушы Нұртай Әшім биыл ана тіліміздегі контентке сұраныс көбейгенін келтірді. Аталған жоба алғаш басталған уақытта қазақша сегменттің қамтитын көлемі қолданушылардың 0,2 пайызын ғана құрайтын. Н.Әшімнің сөзіне сүйенсек, бүгінде қазақша Уикипедияны оқитындар саны жалпы қолданушылардың 35 пайызын құрап отыр. Сондықтан қазақ тіліндегі контентті көбейту уақыт күттірмейтін мәселе деп есептейді ол.
«Егер оқушы Google-ден немесе басқа іздеу жүйесінен ақпарат іздесе, ең әуелі Уикипедиядағы ақпарат шығады. Егер ол қазақ тілінде керегін тапса, сол бетті оқиды. Егер оған мүмкіндік болмаса, басқа тілге ауысып кетеді», деді ол.
Медиа апталық аясында қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына арналған біліктілік семинарлары өтті. Екі бөліктен құралған шарада ақпарат тексеру, жаңа медианың тиімді құралдары және конвергенттік журналистика секілді мәселелер төңірегінде сөз болды.
Семинарды «Ұлан» газетінің редакторы, Factcheck.kz сайты қазақ бөлімінің редакторы Жұлдыз Әбділда, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай, Бас редакторлар клубының вице-президенті және Сенат төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, журналист әрі блогер Өркен Кенжебек жүргізді.
Семинарлар барысында журналистердің жалған ақпаратпен қалай күресуі керек екені де айтылды. Youtube, Google секілді сайттарды пайдаланып фейк жаңалықпен күресудің жолдары таныстырылды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»