Мешіттің ашылу салтанаты Мәшһүр Жүсіп ортылық мешітінің имамы Дәулет Рүстемовтың Құран оқуымен басталды. Одан кейін айтыскер ақын Абзал Қабдраш жаңа Алланың үйіне арнау жырын айтты. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасынан арнайы келген Сағитхан қажы Дәуледияр павлодарлықтарға Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жеткізіп, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
Ал ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілі, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас Имамы Нариман Исенов өз кезегінде осы мешіттің бой көтеруіне қолдау білдірген қала әкімі Нұржан Әшімбетовке алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Алла үйіне демеушілік жасаған жергілікті кәсіпкерлер Берік және Серік Омархандарға ризашылығын білдіріп, үлкен Құран кітап сыйлады.
«Қасиетті жұмада ашылған Алланың үйі зәулім мешітіміз құтты болсын. Бұл өмірге келген әрбір адам осындай сауапты іс жасауды армандайды. Адам баласы тірісінде осындай зәулім пешіт салса, ана дүниеге барғанда Алла оған зәулім сарай салып береді екен. Сондықтан осындай сауапты іс жасаған бауырларымызға барша жамағат атынан алғыс айтамын. Жаңа құлшылық үйінің атауы әйгілі төрт халифаның бірі, Омар хазреттің құрметіне «Омар әл-Фарух» деп аталған», - деді Нариман имам.
Алла үйінің құрылыс сәулеті ұлттық нақышпен тұрғызылған. Мешіттің үлкен намазхана залы, кітапханасы, екі дәрісханасы, бір үлкен әйелдер залы, неке және имамдар бөлмесі бар. Сонымен қатар, жамағаттарға арналған 150 орындық автотұрақ бөлінген және мешіт ауласына асхана салу қарастырылған. Айта кетейік, жаңа мешіттің бас имамы болып ҚМДБ бұйрығымен Хасан Аманқұлов бекітілді. Ашылу салтанатынан кейін жиналғандарға уағыз айтып, алғашқы жұма намазын өткізді.