Руханият • 09 Қазан, 2017

Қожықов әліппесі

1060 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Рухани жаңғыру жаппай қолға алынған қазіргі таңда бұдан 105 жыл ілгеріде, 1912 жылы, ұлтымыздың ар-ожданы, ұлы ғалым және ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың «Оқу құралымен» бір уақытта жарыққа шыққан мына «Әліппені» де айрықша еске түсіріп қойған абзал. 

Қожықов әліппесі

Ол патшалық дәуірдегі ағарту жұмыстары ауқымында мұқият қарастырылып, жан-жақты талдауға алынуы тиіс. 

Әліппе мұқабасында орысша: «Букварь для киргизских школ в Тур­кестанском крае. Составил заведующий русско-туземным училищем Конгр Ходжа Ходжиков» («Түр­кістан өлкесіндегі қазақ мектептері үшін әліппе. Құрастырған Қар­нақ орыс-тузем учи­лищесінің мең­­герушісі Қоңырқожа Қожықов») деп жазылып, «бірінші басылым»­ екені, «Түркістан оқу бас­шылығының рұқ­сатымен басылып отыр­ғаны» атап көр­сетілген. «Әліппе» («Әліф­бә») Орынборда «Ка­­римов, Хусаинов және баспа» серіктестігінің типолитографиясынан басылып шыққан. Осы кітап Түркістан өлкесіндегі оқу ісінде қалай пайдаланылды, оның жұртты сауат­тандырудағы рөлі, жалпы, сол шақтағы жәдидтік қозғалыста алған орыны қандай болды, міне, бұ­лардың бәрі әлі де зерт­теушісін тосып тұр. 

Аталмыш алғашқы «Әліппе» кітабын Түр­кіс­тан мұғалімдер семи­на­риясының түлегі, ұстаз әрі қоғам қайраткері, Алаш қозғалысына белсене қа­тысушы, Қоқанда жа­рия­ланған Түркістан автономиясы Халық кеңе­сінің жауапты хатшысы Қо­ңыр­қожа Қожықов ХХ ға­сыр басында ұстаздық құ­рып жүргенінде рухани саладағы мұқтаждықты те­рең түйсінгендіктен жаз­ған. 

Ол оқулыққа берген­ кіріспе сөзінде құран мен­ оның ұғымдарын оқы­­татын молдалардың (мұ­ға­лімдердің) назарын ба­лалардың, мектепте екі-үш жыл оқыса да, хат та­ну­ларының нашар­лы­ғына аударады. Мұның себебі қазақ тілінде сауа­т ашу кітабының жоқ­ты­ғында жатқанын айтады. Сөйтіп, өзінің «Әліп­песінде» қазақы бір дыбысты араби бір әріппен белгілеу әдістерін жүйелеп көрсетеді. Мұғалімдер әже­­тіне ұсынып отырған осы «қазақ әліппесінен соң құран әліппесін» оқы­­­са, балалардың «басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі артатынын ай­тады. «Әліппенің» хрес­томатиялық бөліміне әр­кім білуге тиіс мағлұ­мат­­тарды топтап, олар­ға шағын әңгіме, өлең­дер­­ді қосып береді. Өзі­нің жазған әліппесін «тә­жірибе-дүр» деп атап, сол себепті, мұғалімдердің оқулықты «жатсынатын жер­лері» болса, сол жа-й­ын­­дағы ескертпелерін тың­дауға әзір екенін ескер­теді. Уақыт талабына орай «...алашқа ұсынған жә­дидіміздің не артық, не жетпеген жерлері болса, ой-пікірлерін тікелей, не хат арқылы білдіргендерге көптен көп алғыс айтамыз» дейді. 

Жәдидтік қозғалысқа тұсау сала отырып, орыс-тузем мектептерін көп­­­­теп ашып жатқан заманда Түркістан өлкесі оқу басқармасының қа­зақ әліппесін жасауға һәм­ қолдануға ресми пұр­­сат беруі, импе­рия­ идео­логтарының «бұ­ра­­та­наларды кәдімгі орыс мұжығына айнал­дыру» саясаты тұр­ғы­сы­­нан қарағанда, таң­ғал­дырады. Сон­дық­тан да бұл алғашқы «Әліп­пе­нің» өлкедегі ағар­ту­­шылық тағдырын те­­ре­ңі­рек зерттеу жөн бол­мақ.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ 

Суретте: Қо­ңыр­­­­­­қо­жа­ Қожықов «Әліп­­­­­­пе­сі­нің» орысша мұқаба бет­­­­­­­­­­тері