Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігі Кәсіптік және техникалық білім департаменті директорының орынбасары Ғалия Дәулетова мәлімдеді.
Спикердің сөзінше «WorldSkills Kazakhstan» жобасы – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру мен дәріптеуді көздейді.
«Жобаның маман тапшылығын азайтып, бәсекеге қабілетті, инновациялық даму жолындағы еліміз үшін аса қажетті кадр дайындауда қосатын үлесі зор. Ағымдағы жылдың мамыр айында Астана қаласында «Worldskills Kazakhstan» ұлттық чемпионаты өткізілді. Аталған шараға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам студент жастар, жас мамандар қатысты», деді Ғалия Дәулетова.
Сонымен қатар спикерлер екі жылда бір мәрте ұйымдастырылатын «WorldSkills Competition» әлем чемпионатына біздің еліміз 2014 жылдан бастап қатысып келе жатқанын атап өтті.
«WorldSkills Competition» 44-әлем чемпионаты құрылыс, өндіріс және машина жасау технологиялары, роботты техника, көлік пен логистика секілді бағыттарды қамтиды. Бұл жарыс жастардың өздерінің шеберлігін, кәсіби деңгейін дәлелдеуіне көмектеседі. Сонымен қатар оларға біліктілігін, білімін жетілдіру үшін және болашақта қызмет таңдауда кәсіби мамандардан ақыл-кеңес алуға үлкен мүмкіндік беріледі. Еліміздегі «WorldSkills» чемпионатын «Кәсіпқор» холдингі ұйымдастырып келе жатыр. Олар аймақтық, ұлттық деңгейде өтуіне өз үлестерін қосуда», деді Ғалия Дәулетова.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»