Отандық және шетелдік қаражаттар ел экономикасын дамытуға неғұрлым көбірек тартылса, тұтастай мемлекетіміз де солғұрлым қуатты, тұғырлы бола түспек. Қазіргі кезде Мемлекет басшысы тарапынан жергілікті атқарушы органдар жетекшілеріне қойылып отырған басты талаптар мен тапсырмалардың бірі де осы арнадан бастау алады.
Бұл жөнінде ел өңірлері арасында Ақтөбе облысының бәсі биік тұр. Бәрінен бұрын мұнда бизнесті дамытуға жан-жақты әрі қолайлы мүмкіндіктер жасалғаны инвестициялық тартымдылықтың тереңдей түсуіне оң әсерін тигізген. Өзге өңірлермен салыстыра қарағанда облыста инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік және аймақтық қолдау түрлерінің көптігі де қосымша қаражаттар тартуға жол ашқан. Аталған фактор жаңа инвестициялық жобалардың тұсауы кесілуіне және жаңа экономикалық дамуды қалыптастыруға негіз қалауда.
Жоғарыда айтылғандай, өлкеде инвесторларды қолдаудың басты бір тетігі – «Ақтөбе» индустриялық аймағы. Қазір 200 гектар аумақ қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен жабдықталған. Оның «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойында орналасқаны, оңтайлы темір жол қатынасының бойында орын тепкені тағы бір артықшылығы. Қазіргі күні индустриялық аймақтың 49 пайызы жаңа өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындар үшін пайдалануға берілген.
Ақтөбе тек кен өндірісімен шектеліп қалған аймақтар қатарына кірмейді. Сонымен бірге мұнда мұнай-газ шикізатын өндіру мен қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесі жоғары. Осыған орай шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа көкжиектері ашылған.
Ақтөбенің экономикалық және жағрафиялық жағынан ұтымды орналасуы – шетелдік және отандық инвесторларды еріксіз жетелейтін бағдаршам іспеттес. Соңғы жылдары өңірдің негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі бойынша облыстар арасында бірінші орында келе жатуының сырын да осыдан іздеген жөн. Сонымен бірге негізгі капиталға салынған сыртқы инветициялар көлемі бойынша да жақсы нәтиже бар. Бұған дейінгі тәжірибелер стратегиялық шикізат өндірілетін өңірлерде оның көлемі төмендесе, бұл жағдай тұтастай өңір экономикасына теріс әсерін тигізетінін көрсетеді. Ақтөбеде де биылғы жылдың өткен 8 айында мұнай өндіру ісі біршама төмендеген. Соған қарамастан өнеркәсіптегі өңдеу қарқыны көш басында тұр. Нәтиже 104,9 пайызға жетіп, көрсетілген межеден асып түсіпті. Ал осы мерзім ішіндегі тартылған инвестиция көлемі 130 пайызға өскен. Мұның бәрі Ақтөбенің инвестициялық тартымдылығы мол өңір екенінің айқын айғағы. Ақтөбеде өткізіліп жатқан «AKTOBE Invest-2017» халықаралық форумы жоғарыда айтылып өткендей, инвестициялық тартымдылықты тереңдете түсуге қызмет етеді. Оған қатысушылардың қатарында Италия, Армения, Польша және Тәжікстанның төтенше және өкілетті елшілері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Польша, Словакия және Ауғанстан секілді елдердің өкілдері болуы – басқосудың мәртебесін биіктете түседі.
Келісті келісімдер арқасында облыста өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік салаларына қатысты біршама жобалар жүзеге асады деп күтілуде.
Өңірдегі ет өндірісіне қатысты осындай түйін жасаудың жөні бар. Осы орайда Иран және Біріккен Араб Әмірліктерінің өнімді сатып алуға айрықша ықылас танытуы форумның тағы бір олжасы болмақ. Форум кезінде аймақтың «жасыл экономика» жобаларын түбегейлі орнықтыру мәселелеріне қатысты шешімдер қабылданды. Ол ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынылған жаңа технологияларды қолдану үрдістерімен тығыз үйлесім тауып отыр. Өңірде өндірілген сапалы тауарларды шетел нарығына шығару әрі осы арқылы шетелдік қаржы салымдарын көбейту форумнан кейін атқарылатын сан-алуан істердің еншісінде.
Форумға қатысушылар «ЭКСПО-2017: өңірлердің даму серпіні» тақырыбында өткізілген пленарлық отырысқа да қатысты. Әрі облыстағы инвестициялық жобалар көрмесін тамашалады. Сонымен бірге олар «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі: тәжірибе және даму перспективалары» атты панельдік сессиядан өздеріне қажетті ой түйгендерін, тұтастай форум жұмысы толыққандылығымен ерекшеленгенін айтып берді. «AKTOBE Invest-2017» V халықаралық форумында Үкімет мүшелері, облыс әкімдіктерінің, қазақстандық және халықаралық қаржы институттарының өкілдері, отандық және шетелдік кәсіпкерлер шоғыры бас қосты.
Түйіп айтқанда, Ақтөбеде инвестициялық әлеуетті одан әрі көтерудің жаңа моделі барлық бітім-болмысымен көрініс тапты.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ