Латын қарпінің дүние жүзінде кең қолданыста екені баршаға аян. Әсіресе ағылшын тілінің, ғылыми кітаптар мен материалдардың, ғаламтордың қолданысы дегендей. Бұл жерде жастарымыздың бүгінде еш қиналмай латын қаріптермен жұмыс істейтіні хақ. Үлкендеріміздің де біразы 1929-1940 жылдары тілімізде қолданыста болған латын қаріптерімен таныс екені белгілі.
Егер өзіме қатысты айтар болсам, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының бірінде Ұлттық қауіпсіздік органдарының архивіндегі 1937 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының 65 азаматын «халық жаулары» деп жауапқа тартқан қылмыстық іспен танысқаным бар еді. Сонда 8 томдық істің материалдары бойынша қолданыста төрт түрлі графикамен жолықтым: орысша, қазақша кирилл, латын және араб (төте жазу) қаріптері. Арабша жазудан басқасын оқып-білу қиындық туғызбаған еді. Одан бөлек аға буын ақын-жазушыларымыздың ертеректегі шығармаларын, Ұлы Отан соғысы майданынан елге жеткен аталарымыздың хаттарын оқығаным да бар.
Тіліміздің жалпы латын қарпіне көшуі туралы алғаш Парламентке ұсынылған нұсқаны ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төралқа отырысында қарап, қатысқандар негізінде қолдаған болатынбыз. Бұл нұсқаның әлі пісіп-жетілетініне сенімді болғанбыз.
Кейінгі ғалымдар мен мамандар ұсынған түрлі нұсқаларымен БАҚ таралымдары арқылы жалпы жұртшылықпен бірге өз басым мұқият танысып жүрдім. Осы мәселенің көпшілік талқысына салынғаны өте орынды болды деп есептеймін.
Диграфпен берілетін 8 дыбыс туралы нұсқаны мен де қабылдай алмай жүр едім. Ғалымдар мен тіл мамандарынан тұратын комиссияның Елбасымызға 9 қазанда жаңа жобаны ұсынғанын, оны Нұрсұлтан Әбішұлының негізінен құптағанын ризашылықпен қабылдадым. Өйткені жан-жақты пікірлердің бәрін саралап, туысқан бауырлас елдердің оң тәжірибесін, жіберген қателіктерін, т.б. көптеген тілдік мәселелерді жан-жақты ескеріп ұсынды деп ойлаймын. Мұндағы 32 қаріп тіліміздің барлық қажеттілігін қамтып отыр деп білемін. Осы жаңа нұсқаны негізінен мақұлдап, қолдауға ардагерлер қауымын түгелдей шақырамын.
Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,
республикалық ардагерлер
ұйымы Орталық кеңесінің
жауапты хатшысы