Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, көркемсөз өнерінің үлкен шебері Сайын Мұратбековтің қай шығармасының да деңгейінің төмені жоқ. 1950-жылдардың басында алғашқы шығармалары жариялана бастаған кезден бері оқырман қауым оның «Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Көкорай», «Отау үй», «Дос іздеп жүрмін», «Жабайы алма», «Ескек жел» секілді жинақтарын құмарта оқумен келеді. Оның шығармалары оқиға желісінің шынайылығымен, кестелі тілімен, кейіпкерлерінің биік адамгершілік қасиетті жоғары қоятындығымен ерекшеленіп тұрады.
Көзі тірісінде берген сұхбаттары мен естелік жазбаларында Сайын ағамыз күз мезгілін ерекше жақсы көретінін көп айтатын еді. Өзі де күз мезгілінде дүниеге келген-ді. Күз келгелі келбетін өзгертіп, сан түрлі бояуларға малынып тұрған Алматының тамылжыған күнінде қаламгерге арналған тақтаның орнатылуы қазақ әдебиетіне жасалған тарту сияқты қабылданды. Себебі төрт қабатты еңселі үйдің қабырғасы бұл ескерткіш-тақтаны он жыл бойы күтті. Талантты жазушының кейінгі өміріне байланысты атқарылар көп шаруаның бірі осы болатын, ол да орындауын тапқанда қуанбаған адам кемде-кем еді.
Зенков пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы үйдің қабырғасына орнатылған тақтаның шымылдығын ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және жазушының туған бауыры Әбіләкім Әубәкіров түсірді. Тақта алдында әдебиеттегі қатарластары мен жасы кіші інілері Сайын Мұратбековтің адами келбеті мен әдеби қарымын тең сөз етті. Өз кезеңінде Қазақстан Жазушылар одағын бірге басқарған, қанаттас, қаламдас құрдасы Олжас Сүлейменов бір сәт өткенді еске алып, досының аты тарихта қалатынына сенім білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақын Марфуға Айтқожина, бауыры мен балалары қарымы бөлек қаламгердің ерекше жаралған адами болмыс-бітімін тебірене тұрып еске алды. Бәрі де қаламгерге көрсеткен құрметі үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ