Қазақстан • 17 Қазан, 2017

Зайырлылық қағидаттары: танып-білу – заман талабы

9321 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің зайырлы мемлекет екендігі, біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір ұстанымдар мен нормаларды түрлі жолдармен тықпалайтын әрекеттерге жол берілмейтіндігі атап көрсетілген болатын. Бұл – қоғамымызды зайырлылық қағидаттарына негіздей отырып дамыта түсу барысында басты қаперге алатын мәселе. 

Зайырлылық қағидаттары: танып-білу – заман талабы

Діннің қоғамды жақсылыққа үндеудегі, ізгілікке шақырудағы рөлін ешкім жоққа шығара ал­майды. Дегенмен қазіргі таң­да біз­дің ұлттық салт-сана­мыз бен заңдарымызға кереғар келе­тін, үйлеспейтін діни көзқарас­тары өмірлік қағидалары мен өл­шем­деріне айналған азаматтардың радикалды бағыттағы талғамсыз талап-тілектері ойландырмай қой­майды. Бұл жағдай мемлекет пен діннің қарым-қатынасын рет­теу­г­е, зайырлылық ұстанымдарын нақ­тылауға, оны терең ұғындыруға сергек қарауды талап етеді. Сон­дай-ақ діннің қоғам өміріндегі ық­палы барынша ескеріле оты­рып, мемлекеттің дін саласына қатыс­ты ұстанымдарының басты ерек­шеліктері қоғамдық санадан берік орын алуы қамтамасыз етілуі тиіс. Мұның барлығы сайып келгенде зайырлы мемлекеттегі діннің ор­нын белгілеуде өте маңызды.

Халықаралық қоғамдастық­та зайырлылық ұғымына қатысты түрлі түсінік бар. Бұл өз кезегінде мем­лекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың ортақ сипа­тын танытатын нақты үлгінің жоқ­тығын білдірсе керек. Десек те, кейбір елдерде «зайырлы­лық діни мем­лекеттің қарама-қарсы піші­мі» деген мазмұн­дағы ұғым қа­лыптасқан. Осы орай­да «зайырлы» атауын түсіну­де, зайырлы елдің болмысын сөз еткен­де біртекті пікір­дің орнық­пағаны аңғарылады.

Негізінде зайырлы мемлекет­тер дінді мемлекеттен бөлу идея­сын ұстанатыны белгілі. Бұл мәсе­леге қатысты сөз қозға­ған­да за­йырлылық қағида­ты бо­йынша діни догманы мемле­кет заңдарынан алыстату көзде­летініне, бірақ дін­ді қоғам­нан бөліп тастау қарас­ты­рыл­май­тынына, оның діни бос­т­ан­дық­ты айқындайтынына мән берілуі тиіс. Дегенмен кей­біреулер зайыр­лылықты атеизм бағыты деп түсінеді. Шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым сал­са, зайырлылық дінді ұстану, ұстан­бауда таңдау құқығын бере­тінін ескерген абзал.

Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды рет­теуде, бейбітшілікке үндеуде, отба­сы­лық құндылықтарды ны­ғай­ту­да және басқа да мәселе­лер­де негізгі идеологиялық құрал­дардың бірегейі. Сондықтан əрбір мемлекет өзінің дінмен қа­рым-қатынас орнатудың тиімді мо­делін құруға мүдделілік таны­тады. Мәселен, бірқатар мем­лекеттер өздерінің қоғамында берік орныққан дəстүрлі дінінің мəртебесін конституцияларында атап көрсеткен.

Жалпы, әлемде зайырлылық тұр­ғысында нақты бір ортақ пікір қалыптаспағанымен, мемле­­кет­тердің басым бөлігі заң, қар­жы, экономика, денсаулық, бі­лім, мәдениет және басқа да са­­ла­­лар­дың, сондай-ақ ар-ож­дан бос­­тан­дығының дін мен діни ұс­та­нымдардан тəуелсіз болу қажеттігін жақтайды. Бұл сайып келгенде зайырлы елдер­дің аталған мәселеге қатысты көз­қарастарының бір-біріне жа­қын екендігін көрсетеді. Осы көзқарастар сәйкестігі мемле­кет­тердің сыртқы саяси бай­ланыс­тарына, сауда-экономикалық әріп­тестіктеріне оң әсерін тигі­зеді. Мәселен, көпвекторлы бағыт ұстанған Қазақстанның әлем түсі­ністікпен қарайтын зайыр­лы­лық қағидаттарына қатысты оң көз­қарастары түрлі діндерді тұтына­тын көптеген елдермен сенімді серіктес болуына жол ашып отыр.

Соңғы зерттеулерге қара­ған­да, әлемде 12 діни, ресми діндері бар 60, зайырлылық қағидаттарын орнықтырған 120 және дінге қарсы 5 мемлекет бар екен. Бұл дерек­терден біз жаһан бойын­ша за­йырлылық бағытты ұста­на­тын елдердің басымдығын көре­міз. Демек, зайырлылық құн­ды­лық­­тарының адамзат өміріндегі ор­ны айқындалып, оның басты ұс­танымдары, артықшылықтары жоғары деңгейде мойындалып отыр­ғаны сөзсіз. Яғни, зайыр­лы­лық қоғамдардағы қа­рым-қа­тынастарды, әртүрлі дү­ние­таны­мдар мен наным-се­нім­­дерді үйлестіруші бірегей институт.

Бүгінде мамандар зайыр­лы мемлекеттің төрт түрі бар деп есептейді. Олардың алғашқысы мемлекеттік билік тарапынан бір немесе бірнеше конфессияға жеңілдіктер, ерекше мүмкіндіктер беруімен сипатталады. «Префе­рен­циалды» деп аталатын бұл түрде діннің рөлі заңмен бекі­тіл­генімен, діни мекемелер мен бірлестіктердің өкілдері саяси құқыққа ие бола алмайды. Ал «эквипотенциалды» деген екінші түрі бойынша, мемлекет діни мекемелер мен ұйымдарды елдегі әлеуметтік, саяси, құқықтық сала­лардан барынша алыстатуды көздейді. «Контаминационды» деп аталатын үшінші түрінде мемлекет пен діни мекемелердің қызметтері тығыз байланыста болуы қарастырылады. Соңғысы, яғни төртіншісі мемлекет пен дін арасындағы қолайлы ынты­мақтастықты жақтайды. «Иден­тификациялық түр» деген атауға ие бұл түрде мемлекет пен дін саласы арасындағы байланыстың тиімділігін арттыра отырып, қос тараптың тепе-теңдігін сақтау мәселесі басты назарда болады. Нақтылай айтқанда, мұнда за­йыр­лылықтың бірнеше түрі қа­жет кезінде қатар қолданылып, өз­гермелі заман ыңғайына, уақыт талаптарына сай зайырлылықтың өзіндік үлгісі қоғамға ұсынылады. Бұл амалды бүгінде Қазақстан тиімді пайдалануда.

Қазіргі таңда мемлекет пен дін арасындағы үйлесімді бай­ланыс, орнықты қарым-қатынас қоға­мымызда татулық пен тыныш­тықтың сақталуына, рухани және мәдени тұрғыда дамуымызға, радикализмнен қорғануымызға өзіндік оң ықпалын тигізіп отырға­нын айта кеткеніміз жөн. Бұл өз кезе­гінде мемлекетіміздің халық тала­бы негізінде азаматтардың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, Конституциямызға сәйкес зайырлылық қағидаттарының оңтайлы үлгісін ұсына білгенін ұқтырады.

Тағдырдың талайымен біздің еліміз көп ұлтты мемлекет бо­лып орнықты. Ал көптеген ұлт­тар­дың өкілдері өмір сүретін ай­мақта түрлі конфессиялардың, түр­лі дүниетаным, наным-се­нім­­дердің болатыны белгілі. Мә­се­лен, елімізде 18 конфес­сиян­ың өкілдері тұрады. Яғни көпкон­фессиялы ел болып табылатын Қазақстандағы діни жағдайлар «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» және басқа да заңнамалармен реттеледі.

Осы орайда ел Конститу­ция­сының 1-бабы, 1-тармағында «Қазақ­стан Республикасы өзiн де­мо­кратиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бос­тандықтары», деп атап көр­сетілгенін назарға ала отырып сөй­лесек, бұдан біз азамат­тары­мыздың өзі қалаған дінді тұты­нуы оның конституциялық құқы болып табылатынын ұғамыз. Алайда дінді ұстанушы жекеле­ген тұлғалардың, сондай-ақ діни бірлестіктердің іс-әрекеттері мемлекет заңдарына қайшы келмеуі тиіс. Егер діни бірлестіктер ел тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, кері әсерін тигізетін болса, онда олардың қызметі заңмен тоқтатылады. Мұндай тыйым салулар Қазақстан тәжірибесінде аз кездескен жоқ. Мәселен, Қазақстанда бірқатар террористік, экстремистік, ок­куль­ттік-мистикалық деп таныл­ған құрылымдардың қыз­метіне ты­йым салынған. Еліміз­де мың­даған адамдарды өз уағыз­дары­на иліктірген мұндай діни бірлес­тіктердің шын мәнінде қоғам үшін өзінің қауіпті екені дәлелденген болатын. Олардың ішінде ең көп таралған «Саентология», «Жаңа өмір» сынды басқа да бірлестіктердің іс-қимылдары талайлардың ашу-ызасын туғыз­ғаны да жасырын емес.

Жалпы, ел ынтымағы мен тұтас­тығына нұқсан келтіретін діни бірлестіктерге мемлекет тарапы­нан тоқтам салу зайыр­лылық қағидаттарының бұзыл­ғанын білдірмейді. Жұртшы­лық мұның ішкі мәнін ел қауіп­сіздігі мен тату­лығын сақтау мәсе­ле­лерімен қа­тыстыра оты­рып сара­лағаны жөн.

Қазіргі таңда діни фанатизмнің тәуелсіз еліміздің бейбіт өміріне төндіріп отырған қауіп-қатерін бар­шамыз ішкі түйсігімізбен сезі­ніп жүрміз. Біз кейбір бөтен пиғыл­дылар ойлап жүргендей, тео­кратиялық мемлекет бола алмай­мыз. Өйткені тағдырдың тала­йымен көпконфессиялы, көпэт­нос­ты мемлекет болып орныққан Қазақ­станда бір дінге барынша және барлық салада артықшылық беру ақылсыздық болар еді.

Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, зайырлы мемлекет қан­дай да бір дінге ресми мем­лекеттік мәртебе бермейді және оған ешкімді міндеттемей­ді. Десек те, кейбір демократия­лық елдерде мемлекет тарапы­нан кейбір, дәлірегі халық­тың басым бөлігі ұстана­тын діндердің қоғамдағы маңыз­ды орны ресми түрде айтыла­ды. Басқаны былай қойғанда, өз еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңын­да исламдағы Хана­фи мазха­бы және христиан діні­нің пра­во­славие­лік бағытының қо­ғам өміріндегі маңызды орны, тар­и­хи рөлі атап көрсетілген. Бірақ еліміз өз заңында Ханафи маз­­хабы мен православиенің маңызды орнын көрсеткенімен, өзі­нің зайыр­лылық бағытынан ажы­раған жоқ. Бұл жерде аталған заңда Қазақстан халқының рухани мұра­сымен үйлесетін басқа да дін­дерге құрмет білдірілетіні, діни тағаттылықтың және аза­мат­­тардың діни нанымдарын сый­­­лаудың маңыздылығы, кон­фес­­­сия­аралық келісімнің басты назар­да болатыны да жазылғанын қаперде ұстауымыз керек.

Қорыта айтқанда, халқының көпшілігі мұсылман болғандық­тан ислам әлемнің бір бөлігі бо­лып саналатын, құқықтық және зайыр­лылық тұрғысынан жетілген, өзі­нің мақсатын айқындаған елі­міз үшін зайырлылық қағидаттары­на заман сұранысына сай ақыл­мен жүгінуден өзге тиімді жол жоқ. Мұны бүгінде халқымыз дұ­рыс түсінеді деп ойлаймыз. Ал кері тартып, бөтен ниетін іші­не бүгіп жүрген ағайындар бол­са, оларға мәселенің мән-жа­йын жете түсіндіріп, ұғын­дыру­­дан жалықпауымыз керек. Ал деге­нінен қайтпай, жат пиғылды­лардың жетегіне еріп, екпін­д­еп жүрген бауырларымыз бол­са, олар­дың да санасына сәуле түсі­рер шараларды көптеп қолға алғанымыз абзал.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»