Аймақтар • 17 Қазан, 2017

«Алатау» театры кинозалында балаларға тегін мультфильм көрсетілді

723 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Алатау» дәстүрлі өнер театры кинозалының ашылғанына 1 жыл толды. 

 

«Алатау» театры кинозалында балаларға тегін мультфильм көрсетілді

Атаулы күнге орай балаларға арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, тегін мультипликациялық фильм көрсетілді. Қайырымдылық шарасына Алматы қаласындағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері, № 9 есту қабілеті нашар балалар мектеп-интернатының оқушылары, сондай-ақ Алатау ауданына қарасты жалпы білім беру орындары оқушылары және мектепке дейінгі мекемелерден 750-ден аса тәрбиеленушілер қатысты.

Шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамдық ортаға тартып, көпшілік назарынан тыс қалдырмай, қолдау көрсету, ұлттық дәстүрлі мәдениетімізді насихаттау. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Абилфас Хамедов, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Күрдтер Барбанг қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Саят Ағыбаев, Алматы қаласының психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған күндізгі орталығының директоры Нұрзия Әлімбекова, «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұханқали Алмасаев қатысты.

«Біз бір жыл көлемінде осы театрмен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Демеушілер тауып, балаларды тегін мультфильм, киноларымен қуантып жатыр. Сондықтан бұл театрға біздің алғысымыз шексіз», деп атап өтті өз сөзінде Алматы қаласының психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған күндізгі орталығының директоры Нұрзия Әлімбекова.

Кеш барысында дәстүрлі және эстрада әншілері өнер көрсетіп,  жеткіншектер киноконцерт залынан анимациялық фильмді тамашалады.

Әділет МҰСАХАЕВ,

журналист.

АЛМАТЫ