Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп еліміздің барша азаматтарын туған жерді қастерлеуге, Отанды сүюге, тамырлы тарихымызды, тағылымды дәстүрлерімізді дәріптеуге шақырған еді. Осы ретте өңіріміздегі жер-су, елдімекен атауларының тарихымен қатар облыстың ономастика саласындағы түйткілді мәселелерді де жетік білетін тілші-ғалым, Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Бердібек Бияровпен әңгімелескен едік.
Глубокоены Ақтас, Зырянды Алтай деп атауға болады
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ – жоқ іздеген халық» деген сөзі бар. Алаш ардақтысының бұл сөзі еліміздің ономастика саласына да қарата айтылғандай. Президенттің құндылықтарымызды құрметтеуге шақырған бағдарламалық мақаласы осы саладағы «жоғымызды» түгендеуге, барымызды түлетуге мүмкіндік беретін секілді.
– Елбасы өзінің мақаласында «Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар» деп бекерге айтқан жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ономастика саласына тікелей қатысты әрі осы саладағы көп уақыттан бері шешімін таппаған түйткілдердің тарқауына септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазір ұлттық топожүйемізде тыңнан топоним жасауға деген зәрулік бар және бола береді де. Оны ғылыми тұрғыдан жүйелеп, бір жолға қою қажеттілігі уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Негізгі себептер мыналар: біріншіден, кірме атаулардың орнын басатын тарихи топонимдердің табылмауы. Мәселен, қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысында ресми тіркелген 20 000 атаудың 3000-ы славян тілдерінен енгені анықталып отыр. Ол 3000 атаудың бұрынғы түркілік немесе моңғолдық түпнұсқалары ешқайда сақталмаған. Өйткені славян тілді атаулардың оларды ығыстырып шығарғанына 300 жылдай уақыт өтіп кеткен. Бұл мезгілде географиялық нысанның тарихи аты ел жадынан шығып кетуі – заңды құбылыс. Енді оларды қалайша жаңғырту керек? Тек жаңа атаулар жасау арқылы ғана. Тың атаулар жасаудың жолын білмегендіктен, атаусыз қалған нысаналарға Ақмарал, Береке, Бейбітшілік, Махаббат тауы, Өркениет, Ынталы, Бақыт, Шаттық тәрізді жер бедеріне қатысы жоқ атаулар беріле бастады. Бейілсіз байлар мен белгісіз батырлардың есімдерінен жасалған антротопонимдер қаптап кетті. Бұны жақсы үрдіс деп атау қиын. Жер мен су – атымен, затымен қоса – сол жерді мекендеген халықтың байлығы екенін ескерсек, ондай бей-берекеттікке жол беруге болмайды.
Геосаяси орнымызға, өзге ұлт өкілдерінің санының басымдығына байланысты Шығыс Қазақстанда жер-су атауларын ауыстыру, қайта жаңғырту мәселесі «жабулы қазан» күйінде қалып, тежеліп келгені белгілі. Бұл мәселеге батыл түрде кірісетін мезет жеткен секілді. Біздің облыстың солтүстік аудандарында ономастика мәселесі кіреуке мұздай сіресіп шешімін таппай тұр.
– Глубокое ауданының Ақтас, Зырянның Көктас деген тарихи атаулары бар деген қаншалықты шындыққа саяды?
– Зырянға өз басым Алтай деген атауды ұсынар едім. Өйткені Орыс Алтайында Горно-Алтайск, Моңғолияда бір Алтай, Қытайда бір Алтай атты қалалар бар. Ал Қазақ Алтайында ондай ірі ойконим жоқ. Алтайдың Қазақстанға тиесілі бөлігінде бір Алтай деген макротопоним тұрғаны жөн. Көктас атауы осы аудан аумағындағы цемент өндіретін Октябрск кентіне келетін секілді. Цементтің өзі көк тастан өндіріледі емес пе? Ал енді Глубокоеның бұрынғы атауы Ақтас екенін былтыр ғана дүниеден өткен белгілі жазушы, аудармашы, журналист Кеңес Юсупов ағамыз жазған болатын. Қаламгер бала кезінде әкесімен бірге осы маңды аралағанда «бұрын бұл жерді қазақтар Ақтас деп атаған» деп айтқан екен. Бұл – тарихи атау. Дау-дамайсыз-ақ ауыстыруға болады. Шемонаихаға жаңа атау табу керек секілді. Ол Шеманаев деген фамилиядан шыққан атау. Бір топ тілші ғалымдар Глубокое, Шемонаиха, Зырян аудандарының әкімдіктеріне: «жаз мезгілінде сіздер жаққа арнайы барайық, жер-су атауларын анықтап, белгілейік, тек көлік тауып беруге көмектессеңіздер болды» деп ұсыныс айтқанбыз.
Сол аудандардың бірде-бірі көлік тауып бере алмады. Құлықсыздық танытты. Біз ғалымдар аталған аудандар аумағындағы тауларды, төбелерді, өзендерді, бұлақтарды көріп, бәріне жаңадан қазақы ат қойып беруге дайынбыз. Арнайы көлік бөлінсе, бір айда бір ауданды аралап шығуға болады ғой. Қолымызда тиісті кітаптар бар, атаулардың сөздігі бар. Қараймыз да айтып береміз. Олар жер-су атауларын тізімдеп, жазып алса болғаны. Қазір болмай жатса, кейінгі ұрпаққа дайын тұрады. Осындай жоспарымыз бар. Бірақ оның қашан орындаларын бір Құдай біледі. Біздің тілегіміз – ономастика мәселесіне, жер-су атауларын өзгертуге қала, аудан, ауылдық округ әкімдері де мүдделілік танытса дейміз. Олар бұл істе батылдық танытып, тілші ғалымдармен бірлесе жұмыс істесе құба-құп. Мұның бәрі не үшін керек? Әр ұлттың жер-су атаулары да мемлекеттік рәміздер сияқты. Ұлттың бейнесін, болмыс-бітімін айқындап тұруы керек. Сондықтан бұл істі кейінге қалдырмай, орысша атаулардың барлығын біртіндеп ауыстыру қажет. Облысымыздың оңтүстік аудандарында жер-су атаулары біршама жүйеге келді деуге болады. Катонқарағайда бірен-саран орысша атаулар бар. Оған балама тауып та қойғанбыз. Кезінде кержақтар тұрған таудағы Коробиха ауылын Тұйық деп атауға болады. Ар жағында жол жоқ, тұйыққа тіреледі. Солдатова деген ауылды Күнгей деуге болады. Таудың күнгейінде тұр.
Оралхан Бөкей көшесінде бар-жоғы 4 үй бар
– Білуімізше, сіз жер-су атауларына кісі есімдерін беруге қарсысыз. Неге?
– Жер-суға кісі атын беруге болмайды, өйткені ол кейін картаға түседі. Жазылуы да қиын. Атақты адамдар дүниеге келе береді, бірақ жер енді өспейді ғой. Жер біреу-ақ. Күндердің күнінде, қаншама уақыттан кейін бәрі адам атына айналып кетеді. Сосын «Мараттан шығып, Қайратқа келдік, Қайраттан шығып, Талғатқа келдік» деп отыратын боламыз. Сайып келгенде, қандай атақты адам болса да жерден артық емес. Қоғамға, елге еңбегi мен ерлiгi сiңген адамдардың есiмiн тәрбиелiк мақсатта мәңгiлеу керек болса, ауыл, қала көшелерi, мектептер мен алаңдарға беруге болады.
– Көшелер демекші, Өскеменнің шетіндегі Ахмер ауылында Күләш Байсейітова, Ілияс Омаров атындағы көшелердің бар екенін білеміз. Бірақ ұзындығы бар жоғы – 200-300 метр ғана. Сол жақтың тұрғындарының өзі мұндай көшелердің бар екенін дұрыс білмейтін сияқты.
– Қазіргі уақытта Өскеменде көшелерге қазақша атаулар беру мәселесі тоқтап тұр. Сіз айтып отырған қаланың шет жағындағы көшелерге тұлғалардың есімі 2000 жылдары берілген. Өскемен қалалық мәслихаты үлкен көшелерге қазақы атауларды бергізбес үшін, шеткі көшелерге аямай қоя берген ғой. Қулықты көрмейсіздер ме? Мәселен, шаһардың шет жағындағы Күленов шағын ауданында Оралхан Бөкей атындағы көше бар. Бар-жоғы 4-ақ үй. Ешкім білмейді. Өкінішке қарай, есімі елге белгілі тұлғаларымызға бұйырғаны осындай шолақ көшелер болып тұр. Өскеменде Паровозная, Рабочая деген секілді уақыты өткен көше атаулары аз емес. Кейбірін айтуға тілің де келмейді. Қаладағы осындай мәнсіз-мағынасыз көшелерге Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк, Қозы Көрпеш-Баян сұлу немесе кезінде біздің өңірде қызмет атқарған Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов секілді тұлғалардың есімдері берілсе ғибратты іс болар еді.
– Бір сұхбатыңызда республикалық топографиялық карталарда өрескел қателіктер жіберілгенін айтыпсыз.
– Қазақстан картасын қазақша сөйлетемiз деп жүрген азаматтар тiлдi жетiк бiлмегендiктен және тiлшi-мамандармен ақылдаспағандықтан, көптеген өрескел қателiктер жiберген. Мәселен, бiр ғана Шығыс Қазақстан облысының топокартасында Үржар – Ұрыжар, Өрел – Өргiел, Берел – Бергiел, Шанағаты – Шанақатты болып заңсыз өзгерiске ұшыраған. Ал Листвяга тау жотасын Қоржынтау, Тарбағатай сiлемiн Таутекелi деп өзгерту – аймақты жақсы бiлмеуден туған қателiктер. Орыс саяхатшылары Листвяга түрiнде картаға түсiрмес бұрын және қазiр де ол тау жотасы Қоңыржон деп аталады. Таутекелi болса, Тарбағатай тау сiлемiнiң бiр ғана саласы екенi жергiлiктi тұрғындардың бәрiне аян. Топонимика бiрнеше ғылым саласымен тоғысатындықтан, географтарға да мамандықтың талабына байланысты топонимдермен айналысуға тура келедi.
Алайда атаулар арасында белгiлi бiр диалектiден, көне, кiрме тiлдерден жасалғандары кездесiп қалса, оны дұрыс транскрипциялау, мағынасын түсiну географ-мамандардың қолынан келе қоймауы мүмкiн. Қазақстан карталарында қаптап жүрген қателiктер дәл осыдан, яғни тiлшiлермен, тарихшылармен бiрлесiп жұмыс iстемеуден туындап отыр. Республикамыздың барлық аймақтарындағы топонимдер бiршама толық зерттелiп, қаншама ғылыми еңбектер жазылып жатса да, картограф-мамандар көз қырын да салмайтыны белгiлi болды. Мемлекеттiк карта – әлемге ұсынатын ұлттық маңызы бар құжат. Оны жасауды бiрер ғана адамға сенiп тапсыруға болмайды. Ономастикалық жұмыстарды үйлестiру, оны үнемi қадағалап отыру Қазақстан сияқты дамушы елдерге ғана емес, әлемдегi өркениеттi елдердiң барлығына тән болып келдi. Мәселен, АҚШ-та Географиялық атаулар бюросы, Канадада Географиялық атаулардың тұрақты комитетi, Германияда Географиялық атаулардың ұлттық комитетi, Англияда Бриятания география қоғамының географиялық атаулардың тұрақты комиссиясы, Ресейде Геодезия, Аэрофототүсiру, картография бас басқармалары жұмыс iстейдi.
Олардың барлығына да географиялық атауларды дұрыс пайдалануды бақылап, түзетiп, жүйелеп отыруға бағытталған түрлi құқықтар берiлген. Сонымен қатар әр мемлекеттiң картографиялық жүйесiн БҰҰ, Бүкiләлемдiк пошта одағы, Халқыаралық гидрографиялық бюро, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы, Халықаралық картографиялық бiрлестiк, Халықаралық стандарттау ұйымы т.б. iрi қауымдастықтар бақылап отырады. Сондықтан республикамыздың топокеңiстiгiн тәртiпке келтiру мемлекетшiлiк қана емес, халықаралық маңызы бар iс болып табылады.
Зайсан көлінің тарихи атауы – Бейнетеңіз
– Өрел, Берел деп қалдыңыз, осы атаулар қайдан шыққан?
– Өрел деген моңғолдың үріл деген сөзінен шыққан. Ешкім оны Өрел деп айтпайды. Бала кезден Үріл деп айтып өстік. Үріл деген моңғолша «екі ерін» деген мағынаны білдіреді. Қазақша үрлеу деген сөзбен төркіндес. Байқасаңыз, Катонқарағайдағы бұл ауыл шатқалда, яғни жырықта жатыр. Бұрын қазақтар Жырық деп атаған. Мұзтаудан басталатын Берел деген өзен бар. Қазақтар Ақбұлқақ дейді. Айран секілді әппақ болып ағады. Ағып келеді де Бұқтырмаға құяды, яғни бұлғайды. Содан Ақбұлғақ/Ақбұлқақ аталған. Соны орыстар картаға Белая Берель деп түсірген. Берел деген сөздің мағынасы борел деген көне түркі сөзінен шығады. Бор/боз дегеніңіз ақ, ел/іл су деген мағынаны білдіреді. Яғни Ақсу.
Өзеннің түсіне байланысты айтылған. Кейінгі ықпалмен жіңішкеріп Бөрел/Берел боп кеткен. Қазақтар жер-су атауларын текке қоймаған. Бір ерекшелігіне қарай қойған. Өкінішке қарай, көптеген жер-су атаулары ұмытылып, қалталы азаматтар әкесінің немесе атасының атын қойып жатқан жағдайлар көбейіп барады. Талайымен күрестік те. Мәселен, Аягөз ауданындағы Таңсық деген ауылды біреулер атасының атына өзгертеміз деп біз қарсы шығып, әзер дегенде қалдырғанбыз. Ал Бейнетеңізіңіз – Зайсан көлі. Зайсан деген жоңғар атауы, бұл сөз қолданысымызға кейіннен енген. Орыстар картаға түсіріп жіберген. Қазақтар Бейнетеңіз деген. Яғни теңіз сияқты, теңізге ұқсайды деген мағынада.
– Өскеменнің Кеңгір тұра деген тарихи атауы болған дейді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Оны естімедім. Тарихшы Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» атты еңбегінде Өскеменнің атауы Дом деп жазады. Дом орыстардың «үй» деген сөзі ғой. Бірақ бұл сөз орыстікі болмауы да мүмкін. Парсының да дом/дам деген сөзі бар. Тұзақ деген мағына береді. Ертіс пен Үлбі қосылатын жер табиғи тұзақ болған. Аңды қуып әкеліп осы жерде ұстаған. Екі жағы өзен. Аң қайда барады? Құрбанғали Халид соны меңзеп отыр ма деп ойлаймын. Бұл – бір. Екінші, жазушы Кеңес Юсуповты әкесі арбамен аралатқанда «бұл жер Тасқұйған» деп айтқан екен. Құйған деген екі өзеннің қиылысы. Осының бәрін ойлана келе мен Тасқорған деген нұсқа ұсынғам. Тас дегеніңіз тас, қорған дегеніңіз қала деген мағынада. Талдықорған деген секілді. Осы нұсқаны ұсынғанмын, бірақ Өскемен атауына құлақ үйреніп кетті ғой. Түбі осы атау қалатын шығар.
– Сіздің әріптесіңіз Айгүл Әлімхан халқымыздың кәсібі мен шаруашылығын бейнелейтін Арғымақ, Тайсойған, Құлынкеткен, Сандықтас, Керегетас, Айранбұлақ, Майкөмген, Қаймақшаты секілді атаулардың бүгінде мүлде қойылмай, барының өзі ұмытылып бара жатқанын жазады.
– Катонқарағайлық Мамырхан Серікбай деген ақын кезінде «халық жауы» атанып, Колымаға айдалған. Сол кісінің 24 ауыз өлеңі бар. Ол жырларда Балапансаз, Балапаншілік, Ойшілік, Тасүйез, Қайыңдыүйез, Самалжота, Саятал сияқты топонимдер молдап кездеседі. Биесыймас деген жайлау бар екен. Жылқы көбейгенде сыймай кетеді екен. Құлынембес деген жер болыпты. Жайлаулардың бірінде. Шөбі сондай шүйгін болғандықтан, тойған құлын енесін ембей қояды екен. Бүгінде осының бәрі ұмытылып барады. Қазіргі ұрпақ аса құнды архитопонимдерді кез келген басқа атаумен жөнсіз ауыстыруға кірісті. Мәселен, Катонқарағай ауданындағы Парк ойконимі Ұра деген тарихи атауы бола тұра Ақмарал деп атала бастады. Березовка ойконимін Ошағанды деген тарихи атауын ескермей, Қайыңды деп атады. Ал Ұра, Ошағанды атаулары сол жердің ерекше белгілерін айқындап беретін еді. Ұра – тау арасындағы шұңқыр жерге берілген топоним болса, Ошағанды – «малға жайсыз, ошағаны көп» деген ескерту беріп тұратын атау.
Былайша қарағанда, қайың мен ошағанның түбі бір фитоним ғой, айырмашылығы шамалы деуге болады. Алайда көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ ол жер үшін маңызды белгі ошаған деп тапқан. Екі атау да ономастикалық концептілерге бай. Осы бағытта кете беретін болсақ, жер бедерін білдіруге қабілетсіз мыңдаған атаулар қолданысқа еніп кетуі мүмкін.
– Мазмұнды әңгімеңізге алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН