Осыған орай республикалық партия ұйымының – Кирпартбюро – мәжілісінде (19.10.1920) жаңа газет шығару мақсатымен редколлегия құрылды. Оның мүшелігіне С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин бекітілді. Ал сол жылдың 13 қарашасында жарық көрген басылым «Еңбек туы» деген атпен өмірге келді.
Газеттің бірінші нөмірінде Сәкен Сейфуллиннің атақты «Марсельезасы» жарық көрді. Шәмил деген автордың «Советтік Россияның жайы» деген мақаласы да беріліпті. Ал Шәмил – Сәкеннің бүркеншік аты. Кеңестердің алтыншы съезі туралы материал да бар. Қазақстан атынан Мәскеуге барған да Сәкен еді. Демек газеттің бұл нөмірін шығарысуға ақиық ақынның белсене қатысқаны айқын көрініп тұр.
«Еңбек туы» деген атпен шыққан тұста 1920 жылдың 13 қарашасынан 1921 жылдың ақпанының аяғына дейін Смағұл Сәдуқасов, одан соң 21 ақпаннан 1 қарашаға дейін Жүсіпбек Аймауытов редактор болыпты» («Егемен Қазақстан», №262, 4.12.1999).
Октябрь революциясының төрт жылдық мерекесі күні – 1921 жылғы 7 қарашада Орынборда РКП(б) Қырғыз (қазақ) Орталық атқару комитетінің органы – «Еңбекшіл қазақтың» бірінші саны шықты. Құрамында Сәкен Сейфуллин (редактор), Сәбит Мұқанов, Аманғали Егізбаев және басқалар болған редакция алқасы құрылды.
Газет редакторы С.Сейфуллин, сондай-ақ М.Дулатов, С.Сәдуақасов, Т.Жүргенов, басқа да осындай зиялы қауым өкілдері басылымда ұлт мәселесін батыл көтеріп отырды. Сәкеннің елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан кезі де осы тұс болатын:
1920, 26 шілде Кеңестер съезінде Ақмола Атқару комитетінің мүшелігіне сайланып, Атқару комитеті төрағасының орынбасары, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі.
1920, 4 қазан Қазақтың Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасын жариялаған Құрылтай съезінің делегаты.
1920, 12 қазан ҚазАКСР Орталық Атқару Комитеті президиумының мүшесі.
1920, қараша Кеңестердің VIII съезіне қатысады, В.И.Лениннің ГОЭЛРО жоспары туралы баяндамасын тыңдайды.
1921, ақпан-мамыр Ақмола мен Семей облыс-тарын Қазақ республикасына қосу
жөніндегі Төтенше комиссияның мүшесі.
1922, 13 маусым «Еңбекшіл қазақ» газетінің жауапты редакторы және оқу-ағарту Халық комиссарының орынбасары.
1922, желтоқсан Кеңестердің III съезінде Қаз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланды.
1922 «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы мен революцияшыл драма – «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолына» жеке-жеке кітап болып шықты.
1922, 23-30 желтоқсан РСФСР Кеңестерінің Х съезінің делегаты ретінде КСРО-ны құрған Бүкілодақтық Құрылтай съезіне қатысып, ОАК-нің мүшелігіне сайланды.
1923, сәуір РК(б)П XII съезіне қатысты.
1921 жылы 28 шілдеде Орталық Атқару Комитетінде облыстық партия комитетінің басшы қызметкерлері қатысқан үлкен мәжіліс болып, қазақ баспасөзін өркендету мәселесі қаралады. Соның ішінде «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналының жұмысын жандандыру мақсатымен арнаулы редакциялық коллегия (А.Асылбеков, А.Байділдин, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, жауапты хатшысы Е.Алдоңғаров) белгіленіп, Сәкен «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болып тағайындалады.
Сәкенге әрі Совнарком, әрі газетті басқару оңай болмағаны белгілі. Сондықтан да ол Орынборға сонау Қостанайда жүрген Бейімбет Майлинді «Еңбекшіл қазақ» газетіне тұрақты қызмет атқару үшін арнайы шақырған.
Көріп отырсыздар, жаңа өкімет құрылысымен оның билік сатысына ілігіп, Сәкен айналасы екі-үш жылдың ішінде қаншама қызметтің басын қайырып тас-тады десеңізші. Иә, атқарылған шаруа аз емес. Оның бәрін тізіп шығу қажет емес десек те Сәкеннің екі қызметті – газет редакторы әрі Совнарком төрағасы – қалай ұштастыра алғандығы назар аударарлық дүние. Міне, сол кезде «Еңбекшіл қазақта» қандай проблемалар көтеріліп, олар қалай шешімін тапты деген сұраққа жауап іздегеніміз орынды.
Сәкен Сейфуллин 1922 жылдың желтоқсанында Үкімет басшысы болып тағайындалғаннан кейін бір ай өтер-өтпесте «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» (15.02.1923) деген ащылығы удай мақала жазады. Автор: «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» дейді. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан қарап, тұмсығын кекірейтіп, пысқырып «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда «ах, ты Палкан, киргиздан да жамансың» дейтін болды», деп жазады.
Кеңес өкіметінің өзі ресми түрде қазақ елін Ленин қол қойған құжаттың өзінде «Киргизская республика» деп атады емес пе? Біздің өзімізде де бар, қазақпын дегеннің орнына көбінесе «қырғызбыз» дейміз, әйтпесе «Қызыл Қазақстан» журналы орысша неге «Красный Киргизстан» болуы тиіс? Шовинистік пиғылдан қалыптасқан осындай жағдайға тойтарыс беретін мезгіл келді емес пе деген ойды ортаға салады.
Автор былай дейді: «Бұл біздің әлсіздігімізді көрсетеді. Егер де біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді. Біздің әр қазақ жігіті «киргиз» дегенді тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек».
Сонда мәселе қалай шешілуі тиіс? Қандай ұсыныс-пікірлер бар? Газет редакторы әрі Үкімет басшысы не дейді? Сәкен ойын былай қорытады: «Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығаруы керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік».
Сонау патша заманынан пәленбай жүздеген жылдар қазақты «қырғыз», ал қырғызды «қара қырғыз» деп сөз арасында емес, ресми түрде жұрттың миына әбден сіңірген ұғым оп-оңай өшірілер ме? Қатардағы журналист емес, газет басшысы, оны азсынсаң Үкімет төрағасы болса да оның ұсынысын «бұл дұрыс екен, қатені түзетейік» деп қолма-қол қолдайтындар көп бола қоймады. Пікірталас күшейді, қарсылық көрсеткендер де шегінер түрі жоқ. Бірақ ұлттық мүддені ту ғып көтерген ақын алған бетінен таймады. Бірте-бірте ізбасарлары да молайды. Нәтижесінде, 1925 жылдың 18 сәуірінде Советтердің V Бүкілқазақтық съезінің қазақ халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру туралы қаулысы шықты. Ал 1925 жылдың 15 маусымында БОАК Президиумының қаулысына сәйкес КирАССР ҚазАССР-ы болып өзгертілді (рас, бұл құжат өмірге келген кезде Сәкен Үкімет төрағасы қызметінен кеткен болатын).
1923 жылы 23 қаңтарда РК(б)П Киробкомының Президиум мәжілісінде Қырғыз (қазақ) Халық ағарту, білім беру халкомы коллегиясының Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ұсынысы талқыға түсті. Жиынға Президиум мүшелері Коростелев, Полозов, Меңдешов және Горкин; Киробком мүшелері Нұрмақов, Вайнштейн, Кенжин, Жанділдин, аймақтың комсомол, кәсіподақ ұйымдарының, облыстық партия комитетінің және басқа мекемелерінің жетекші қызметкерлері қатысты.
Қаулыда «кеңестік органдар бұл мерейтойды өткізуге тиісті емес деп есептелсін. Ал мұны жеке адамдар өткізсе қарсылық жоқ» делінді. Одан әрі Президиум мынандай қорытынды жасайды «...возложить персональную ответственность за содержание речей на празднестве товарищей от имени соворганов на т. Сейфуллина» («Алаш қозғалысы», А., «Ел шежіре» баспасы, 2007, 3-т., 1-кітап, 126-127-б.). Демек Ахаңның мерейтойын ресми түрде өткізуге болмайды, ал Сәкен басқа біреудің сөзі үшін неге жауап беруі керек? Мұны қалай түсінер едіңіз? Жарайды, Сәкенді «қызыл» еді дейік, бірақ ол жоғарыдан біреу ым қақса тұра жүгіретін адам емес. Биліктегілер бұл іс-шараға араласпай-ақ қояйық десе де үкімет басшысы әрі газет редакторы Сәкен тойға барады, сөз сөйлейді, мұнымен қоймай Ахаңның қазақ тарихындағы алатын орнын тұңғыш рет көрсетіп, оны баспасөзде жариялайды.
Сәкен Сейфуллин былай деген:
– Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында патшаның арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі...
Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Өзі оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді.
...Ахаң байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы емес, бірақ байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл (Сәкен Сейфуллин. А., «Қазығұрт», 2005, 5-т., 241-243-б.).
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті қайраткерлерінің бірі Сәбит Мұқанов айтқандай, Сәкен қазақ кеңес әдебиетін бірінші боп бастауымен барлық жанрда да құнды шығармалар туғызумен қанағаттанбай, өзінен басталған қазақ кеңес әдебиетінің кадрларын жасауда да ұлан-байтақ еңбек сіңірді. 1922-1925 жылдар арасында Қазақ республикасының басқарушы газеті – «Еңбекшіл қазаққа» (кейінгі – «Социалистік Қазақстан») редактор болып қызмет атқарған Сәкен осы жылдарда қазақ кеңес әдебиетінің аға жазушылары Бейімбет Майлиннен, Аманғали Сегізбаевтан, Жиенғали Тілепбергеновтен, Самат Нұржановтан, Елжас Бекеновтен бастап, жаңа әдебиеттің жас кадрларына газеттің бетінен кең орын ашты, олардың шығармаларын газетке үздіксіз жариялап тұрды. Қазақ кеңес әдебиетінің бірінші ұйымы ҚазАПП 1925 жылы осы жазушылардан құрылып, ұйымды Сәкен мен Бейімбет басқарды (Сәкен Сейфуллин. Көп томдық шығармалар жинағы. 7-т., «Қазығұрт», 2007 ж., 5-8-б.).
Совнарком басшысы Сәкен Сейфуллиннің батыл араласуымен халық шаруашылығын қалпына келтіру бағытында біраз жұмыстар істелді. Өнеркәсіп саласында елеулі ілгерілеушілік байқалды. Мұнай, алтын, жез, түсті металдар өндірісі дами түсті. Халық шаруашылығының Қазақ орталық кеңесі біраз мекемелерді – «Кожмехтрест», «Илецксоль», «Павлодарсоль», «Ақжалзолото», «Каззолото», «Казахсаксаултрест» және басқа кәсіпорындар біріктірілді.
Одақтық маңызы бар өндірістер жұмыс істей бастады. «Эмбанефт», «Алтайказполиметалл», «Атбасцемент» трестері құрылды. Қазақ жерінде автомобиль, темір жол, әуе қатынасын өркендету ісі қолға алынды. Үкіметтің экономика саласында атқарып жатқан жұмыстарын ақын «Еңбекшіл қазақта» мақала, кейде поэзия түрінде үзбей жариялап тұрды.
Профессор Тұрсынбек Кәкішев ағамыз атап өткендей, Сәкеннің үкімет басшысы болуы әрбір жаңа істі жедел жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, оның журналистік қызметі істелер іске барлау жасау және әлеуметшіл азаматтардың тың, соны ой-пікірлеріне үнемі құлақ түріп отыру міндетін атқарды. Сөйтіп сөз бен іс тұтастық тауып, нақты шараға айналып отырды. Мәселен, Сәкен Сейфуллин «Қазақстан баспасөзі» деген мақаласында ұлттық журналистиканы өркендетуге бағытталған он үш түрлі шараны тәптіштей баяндайды. Өзінің ойын «қалам қайраткерлерінің бәрін жұмыстарынан босатып, жазуға салу керек» деп бастап, «Қазақстанда әріп тізетін де жоқ болғандықтан, ілгері күнді еске алып, аймақта әріп тізетіндер курсы ашылсын. Оған әрбір губерниядан разверсткамен кісі алынсын» деген ұсыныспен аяқтайды. Әрине Сәкеннің пікірі аяқсыз қалған жоқ.
Баспа ісін жолға қоймай ештеңе де тындыра алмайтынын сезген Сәкен енді Қазақстан мемлекеттік баспасын ұйымдастыруды шындап қолға алды. Оған мекен тауып, кадрларды жинау ісіне белсене кірісті.
Сәкен бабамыздың ана тілімізді кеңсе істеріне енгізіп, оның мерейін арттыра түсудегі іс-әрекетін, жанкешті еңбегін ерекше атап өткен жөн. Үкіметті басқара отырып, осы мәселе туралы «Еңбекшіл қазаққа» бірнеше мақала жазды. «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» (9.06.1923), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» (25.06.1923), «Не қылдыңдар?» (15.08.1923), «Қазақстанның Орталық Кеңес Комитетінің 3-жалпы жиналысының қорытындысы» (11.09.1923), «Қазақстанның заң комиссариатына теңеліңдер» (19.09.1923), «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» (22.12.1923) сияқты көптеген мақалалар газет оқушыларына ой салу үшін беріле салған жай қатардағы журналистің жазбалары емес, бұл үкімет басшысының, Сәкен Сейфуллиннің тиісті ресми орындарға берген тапсырмасы есебіндегі нұсқау сияқты пәрмені бар дүние болатын. Міне, осыдан соң РКП(б) XII съезінің шешіміне сәйкестендіріп, Сәкеннің тізерлеуімен 1923 жылдың 22 қарашасында КазЦИК-тің Президиумы іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы арнайы қаулы қабылдады.
Совнарком төрағасы қызметіне кіріскеніне бір ай болмай жатып ол «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарияланған «Зор міндет» деген мақаласында (21.11.1922) «Өнер-білім жолында артта қалған біздің қазақ халқына оқу бек қажет. Оқусыз – қазақтың болашақтағы күні қараң. Оқудың қазаққа қандай керек екенін айтпаса да жұрттың бәрі біледі», дей келіп, «алдағы меже енді ...жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіруі керек. Бұл қазақ жігіттерінің зор міндеті», деп нақты мақсат қояды.
Үкімет басқарған Сәкеннің сөзі мен ісі әрқашан бір жерден шығып отырды. Сол кезде үкімет қаулысымен халық шаруашылығы, мәдениет, денсаулық сақтау, тағы басқа салалар бойынша мемлекет қаржысы есебінен мұғалімдерді, мал дәрігерлерін, зоотехниктерді, ақша-қазына, заң, милиция, әскери қызметкерлерді, салық инспекторларын, т. б. көптеген мамандарды жаппай даярлау ісі қолға алынды. Мәселен, Сәкен басқарған үкімет белгілеген шәкіртақымен Петербургте Әлкей Марғұлан мен Мұхтар Әуезов, ал Томскіде Қаныш Сәтбаевтың білімін толықтырғанын айтсақ та жеткілікті болар. Олармен бірге қазына есебінен оқыған талай қазақ түлектері кейін халқымыздың білім мен мәдениетке ұмтылуына кең жол ашқан аса маңызды рухани ағартушылық миссияны жүзеге асырды. Бұлардың қатарынан ондаған мемлекет, қоғам қайраткерлері, ұйымдастырушы іскер басшылар шықты. Сөйтіп еліміздің оқу-білім, мәдениет, ғылым саласындағы үдемелі өрлеуінің берік негізі сол кезде – өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында қаланды. Мұны Сәкен Сейфуллин мен оның әріптестері, замандастарының ұлт алдындағы тарихи еңбектерінің жемісі деп есептегеніміз жөн.
Амантай КӘКЕН,
«Сәкен Сейфуллин»
көп томдық шығармалар жинағының
редакциялық алқа мүшесі
АСТАНА
Суретте: С.Сейфуллин мен Қ.Өтекин. 1934 жыл