Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Атырауда жер қойнауын пайдалану туралы заңнама талқыланды

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда ҚР Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысы өтті. 

Атырауда жер қойнауын пайдалану туралы заңнама талқыланды

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасы талқыға түскен жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Еліміздің индустриалды аймағы саналатын Атырау облысында жер қойнауын пайдаланушы, көмірсутегі кен орындарын игеруші, барлау құқығына ие компаниялардың өкілдері мен Мәжіліс депутаттарының маңызды мәселені бірігіп сарапқа салуы осы істің оң бағытта өрбуіне серпін береді», - деді.

Расында да, жер қойнауын пайдалану секторының ел экономикасына қосар үлесі зор. Комитет төрағасы Глеб Щегельскийдің айтуынша, Кодекс жобасының дайындалуына мемлекет басшысының  жер қойнауын пайдалану саласының нормаларын бекіту туралы тапсырмалары мен шикізатты пайдалану туралы Кодекстің қабылдануы негіз болған. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында өндіруші саланы ұлттық экономиканың негізгі бөлшегі ретінде реформалауды, Қазақстанның геологиялық барлау саласында әлемдік нарыққа шығу керектігін, ол үшін шикізатты пайдалану туралы заңды жеңілдету арқылы инвестициялар тарту қажеттілігіне баса назар аударған еді. 

Көшпелі отырыста ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев, ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтер баяндама жасады. «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Болат  Ақшолақов пен облыстық мәслихат депутаттары, ірі кәсіпорын басшылары да талқылауға қатысты. «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетова мен «Атамекен» ҰКП аймақтық кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева тақырыпқа қатысты пікірлерін айтты.

«Тек мұнай мен газ өнімі арқылы біздің еліміздің ішкі өнімінің 20 пайызы, экспорттық кірістің 60 пайызы, ұлттық қордың 99 пайызы қарастырылады, - деді Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Сондықтан жер қойнауын пайдалануға қатысты дайындалып жатқан Кодекс жобасы аса маңызды».

Күн тәртібіндегі мәселеден Атырау облысындағы экологиялық ахуал да тыс қалған жоқ. Облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов Мәжіліс депутаттарына өңірдегі жағдайды баяндады. «Облыста мұнай-газ саласында бірнеше ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға әсер етпей қоймайды, - деді ол. - 2015 жылы ауаға тасталатын ластағыш заттардың жалпы көлемі 160 мың тонна болса, 2016 жылы 177 мыңға өскен. Ауа ластануының негізгі себебінің бірі – мұнай-газ өндіру мекемелерімен алауларда ілеспе газдың жануы. Бұл проблема бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Жыл басынан бері 386 млн шаршы метр ілеспе газ жағылды. Екінші мәселе – департамент жүргізген тексеру кезінде жекелеген мұнай компанияларының ілеспе улы газды атмосфераға жақпай, шикілей жіберу және ауада рұқсатсыз жағу деректері анықталды».

Атыраулық экологтарды Каспий теңізінің су басу аймақтарында орналасқан апатты жағдайлардағы мұнай ұңғымалары да алаңдатады. Бүгінгі күні олардың нақты есебі жоқ. Соңғы жылдары салаға қаражат аз қаралғандықтан, ауа сапасын зерттейтін құрал-жабдықтардың тозығы жеткен еді. Биыл облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен 100 млн теңге бөлініп, жылжымалы зертханаға, жаңа жабдықтарға қол жеткізу мүмкіндігі туды.

«Жергілікті атқарушы билік төтенше жағдайлар кезінде  жедел әрекет ету үшін экологиялық мониторинг жүргізе алмай отыр», - деген облыс әкімі Н.Ноғаев «Қазгидромет» мекемесінен экологиялық мониторингке монополияны  алып тастау туралы ұсыныс айтты.

Жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер көмірсутегі шикізатын геологиялық барлау мен өндіруге инвестициялар салуды ынталандыруға бағыталған және мемлекеттік бақылау мен мемлекет мүдделерін қорғауды сақтай отырып, жер қойнауын пайдалану саласында өзара әрекеттесу рәсімдерін жеңілдетуді көздейді. Жер қойнауын пайдаланушылар талқыға түскен Кодекс жобасына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ