Аймақтар • 19 Қазан, 2017

Құрық портынан Бакуге миллион тонна жүк жөнелтілді

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысындағы Құрық портынан Баку портына алғашқы 1 000 000 (миллион) тонна жүк өткізудің салтанатты шарасы өтті, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Құрық портынан Бакуге миллион тонна жүк жөнелтілді

Оған облыс әкімі Ералы Тоғжанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы, Әзербайжан кеме қатынасы компаниясының өкілі және Құрық портының қызметкерлері және мыңнан аса белсенді жас қатысты. Жиында сөз алған Ералы Тоғжанов: «Былтырғы жылы Индустрияландыру бағдарламасы аясында Елбасымыз өзі іске қосқан айлақтан өткізілетін жүктің көлемі бүгін миллион тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш  алдағы жылдары екі есеге өсетін болады. Жыл сайын жүк ағынының артуына байланысты Каспий өңірі айлағының әлеуетін қарқынды түрде дамытуда. Бүгінгі порт - кешегі Жібек жолының стратегиялық жалғасы. Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін көтеріп, көлік-логистикалық және индустриялық инфрақұрылымын алға жетелейтін негізгі күшке айналмақ» - деді

Салтанатты шарада Құрық портының бас директоры М. Сақтағанов мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның Каспий теңізіндегі порттарды кеңейту, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың шараларына тоқталды.  Ресми мәліметтер бойынша, порттағы бір миллион тонна жүктің 548 мың тоннасы экспортқа шығарылды. Импорттық жүктер 452 мың тоннаны құрап отыр. Тағы бір тиімді тұсы аталмыш инфрақұрылымдар теңіз маңындағы қозғалысты төрт сағатқа жеделдетеді. Мәселен, Баку мен Құрық арасындағы пароммен жүру уақыты 18 сағатты құрайды. Ал, Ақтаудан Бакуге 22 сағат жібереді.

Екі теміржол айлағының пайдалануға берілуі арқылы тәулігіне бес паромға қызмет көрсетіп, ол арқылы жылына 4 миллион тонна жүкті өңдеуден өткізеді. Айлақтағы автокөлік паромымен қызмет көрсетуді пайдалануға беру жылына 6 миллион тоннаға дейін жүк өткізуге мүмкіндік береді.