Қазақстан • 20 Қазан, 2017

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек. Оның ерекшелігі неде?

13847 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде МСАК дамытудың басым бағыттары. 

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек. Оның ерекшелігі неде?

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жалпы денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Тиімді медициналық-санитарлық алғашқы көмек халық денсаулығын жақсартуды, пациенттердің қанағаттанушылығын және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын жалпы шығындарды азайтуды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жыл­дарға арналған «Денсаулық» мемле­кеттік бағдарламасында МСАК-ты одан әрі дамыту алғашқы буындағы әмбе­бап, интеграцияланған, әлеуметтік бағдар­ланған, қолжетімді және сапалы меди­циналық көмекті дамытуға бағытталған шараларды тереңдетуді көздейтіндігі көрсетілген.

Емханалық ұйымдардың қалалар аумағы бойынша географиялық орналасуы халықтың тұрмысы өте төмен жіктері мен мүмкіндіктері шектеулі тұрғындарын да қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

МСАК қызметтерін бейінді мамандары бар емханалар мен қабылдауды тек учаскелік дәрігерлер жүргізетін МСАК ұйымдары көрсете алады, соңғыларын ұстау үшін үлкен материалдық шығындар қажет етілмейді. Амбулаторлық-емхана­лық медициналық ұйымдар қандай да бір ақпарат немесе медициналық көмек алу үшін бірінші болып пациенттерді МСАК дәрігерлері, яғни учаскелік дәрігерлер (педиатрлар, терапевттер, отбасы дәрігерлері) қарсы алатын «кіру қақпалары» іспетті.

Халықаралық тәжірибе медициналық-санитариялық алғашқы көмекті жетіл­діру бойынша денсаулық сақтау бағдар­ла­ма­ларының нәтижелілігі мынадай меди­­циналық-ұйымдастырушылық техно­ло­гияларға байланысты болатынын көрсетеді:

1) дәлелді медицина қағидаттары негізінде персоналды оқыту технология­сы;

2) алғашқы буында отбасылық қағидат бойынша халыққа медициналық қызмет көрсету технологиясы;

3) жеке және қоғамдық денсаулықты қалыптастыру процесіне халықты тарту технологиясы.

Амбулаторлық қызмет, оның ішінде МСАК орталықтары мен емханалардың қызметін жетілдіру денсаулық сақтау қызметтерін көрсету жүйесін – қызметтерді көрсету сапасын жоғарылатуға, тұрақты өзгерістерді енгізу үшін жүйелердің жұ­мысына қолдау көрсетуге бағытталған стратегиялық бағыттарды енгізу процесін қайта құрылымдау қажеттігіне байланыс­ты туындады.

Осындай процестің маңызды бөлігі персоналды дәлелді медицина қағи­даттарына негізделген қызметтер көрсету біліктілігіне және технологияларына үй­рету. Қайта құрылымдаудың түпкі мақ­саты денсаулық көрсеткіштерін жақсарту болып табылады.

Отбасылық қағидат бойынша МСАК қызметтерін ұйымдастырудың жаңа технологиялары қызметтердің белгілі бір түрлерін бейінді мамандардан бастапқы буын деңгейіне беру үшін жақсы негіз. Қол жеткізілген жетістік МСАК ұйым­дарының медициналық персоналын бейінді қызметтердің мамандарымен міндетті түрде бірлесіп оқытуға және көмек көрсету кезінде олардың өзара іс-қимылына және сабақтаса жұмыс істеуіне кепілдік бере алады. Амбулаторлық қыз­мет­тер пакетін нысаналы жоспарлау және МСАК қызметтеріне және бейін­ді қыз­меттерге кезең-кезеңмен бөлу – аумақ­­тар деңгейіндегі денсаулық сақтау менед­ж­ментінің маңызды бөлімдерінің бірі.

МСАК орталықтарының негізгі ерек­шеліктері – халықтың осал топтарына баса назар аудара отырып пациенттің мүдделеріне бейімделу. Еліміздің бар­лық тұрғындарына медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметтеріне қолжетімділік беріледі. Денсаулық сақтау жүйесінде штатында психолог-мамандар және әлеуметтік қызметкерлер бар әлеу­меттік бағдарланған медициналық ұйым­дар жұмыс істейді, бұл қызметтердің анағұр­лым кең ауқымын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл амбулаторлық-емханалық буын деңгейінде медициналық көмек­тің көрсетілуін жақсартуға жағдай жасайды. Ал ол өз кезегінде стационарлық қызметтерге жұмсалатын шығындардың медициналық тиімділігін арттыруға жанама әсерін тигізеді. МСАК деңгейінде көмектің тиімді көрсетілуіне қарай стационарлық көмекке жолдамалар беру жағдайлары, сондай-ақ созылмалы науқастардың жедел жәрдемді шақырулары азырақ болады.

Бастапқы буынның қатысуымен нысаналы бағдарламаларды орындау бастапқы буын дәрігерлері мен бейінді мамандар арасында белгілі бір қызметтерді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл халыққа көрсетілетін профилактикалық қызмет­тердің қолжетімділігін айтарлықтай кеңейтеді. Нысаналы бағдарламаларды интеграциялауға зерттеу жүргізу кезінде алынған нәтижелер олардың денсаулық сақтау жүйесінде ресурстарды басқарудың тиімді құралы ретінде қолданылуын көрнекі түрде көрсетті. Бейінді қызметтерді медициналық-санитарлық алғашқы көмекке интеграциялау фрагментарлықты жеңу және денсаулық сақтау жүйесінің қызметінде қысқа мерзімді нәтижелерге қол жеткізу­ге, әртүрлі деңгейлердегі медициналық ұйымдар арасында жаңа серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға мүмкіндік береді.

МСАК қызметтерін көрсету сапасын арттыру үшін ақпараттық жүйелерді бұдан әрі енгізу аса маңызды болып табылады. Осылайша, МСАК қызметтерін есепке алу және жоспарлау мақсатында бірнеше бағдарламалық кешендер жұмыс істейді. Олардың бірі – халықтың бекітілген жері бойынша электронды есеп жүргізетін «Бекітілген халық тіркелімі» (БХТ).

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына азаматтарды бекіту тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жүзеге асырылады. Азамат дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде емханаға бекітілу жылына бір реттен жиі емес жағдайда жүзеге асырылады. Азаматтардың емханаға бекітілуі МӘМС жүйесіне қатысу үшін өте маңызды болып табылады. Өйткені емхана арқылы денсаулық сақтау жүйесіне, атап айтқанда, болашақ сақтандырылған азаматтар үшін – сақтандыру медицинасы шеңберінде медициналық қызметтер пакетіне қолжетімділік ашылады.

 Медициналық қызмет көрсету үшін емхананы таңдау кезінде оның үйге аумақтық жақын орналасуын есепке алу қажет. Емхананың жақын орналасуы учаскелік дәрігерге де ыңғайлы: үйге шақыру кезінде ол уақтылы және сапалы қызмет көрсете алады.

 Келушілердің емханамен бірінші танысуы тіркеу бөлімінен басталатындықтан ол емханада және үйде науқастарды қабылдауды ұйымдастыру және тұр­ғын­дардан шағымдардың туындауы бойынша емхана­ның құрылымдық бөлімшесі болып табыла­ды. Мұнда қызметтердің барлық түр­лерін есепке алу, «Амбулаторлық-ем­ханалық көмек» ақпараттық порталы жұмыс істейді, онда пациенттерді дәрігердің қабылдауына алдын-ала және жедел жазылуды ұйымдастыру арқылы халық ағынының қарқындылығын нақты реттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ дәрігерлердің біркелкі жүктемесін ескере отырып, емхана кабинеттерінің жұмыс графигін қалыптастыру көзделген.

Қазақстан тұрғындары «Дәрігерді үйге шақырту», «Дәрігердің қабыл­дауына жазылу» және «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін меди­циналық ұйымға бекітілу» қыз­мет­терін «Электрон­ды үкімет» сайтында электронды форматта пайдалана алады. Ол үшін электронды-цифрлы қолтаңба бо­лып, «Электронды үкімет» www.egov.kz сай­тына кіру керек.

Қосымша әрбір емханада қажетті сұрақтар бойынша тұрғындарға консультациялар үшін ақпараттық қамтамасыз ету жүйесі енгізілуде, анықтамалық және диспетчерлік қызметтер құрылды, денсау­лық сақтаудың қолда бар бағдарламалық кешендерін интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде алынған ақпарат дербестендіріледі және әрбір тұрғынның электронды денсаулық пас­портында жинақталады.

Емхана қызметтерін ақпараттық есепке алуды енгізу мынадай міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:

• бастапқы және қайталанған науқастар­дың ағынын бөлу;

• дәрігердің жүктемесін дәл есепке алу және бақылау;

• науқастардың дәрігердің қабылдауын күту уақытын азайту.

Дәрігерлердің жұмысында Диспансер­лік науқастардың электронды тіркелімі порталы елеулі көмек көрсетеді, онда қант диа­бетімен ауыратын науқастарды, бүй­рек функциясының созылмалы жеткі­лік­сіздігімен, жіті коронарлық синдроммен ауыратын науқастарды, жүкті әйелдер мен бала туу жасындағы әйелдерді мониторингілеу бойынша бірқатар кіші бағдарламалар бар.

Ақпараттық қамтамасыз етуді пайдалану нәтижесінде талдамалық шолулар үшін медициналық ұйымдардың қызметі мен жүргізілетін реформалардың тиімділігін бағалау бойынша бағдарламалық кешендердің стандартты шығарылым кестелері әзірленді. Амбула­торлық қызметтердің тек жоғары сапасы халықтың қымбат тұратын стационарлық қызметтерге сұранысы­ның бірте-бірте төмендеуіне әкеледі. Сондықтан медициналық-сани­тарлық алғашқы көмектің басым дамуын кешенді бағалау емдеуге жат­қызу деңгейінің жекелеген жана­ма көрсеткіштерін және қызмет көр­сету аумақтары бойынша халықтың стацио­нарлық көмек алуын қамтиды.

Халықты жеке және қоғамдық ден­­саулықты сақтау процесіне тарту ме­ди­циналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары үшін өте маңызды болып табылады. Пациент пен учаскелік дәрі­гердің арасындағы коммуникативтік дағдыларды кеңейту арқылы денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі білімнің негізінде медициналық мәдениетті насихаттау ойдағыдай дамуда. Көптеген аурулардың негізгі себебі көбіне-көп білімінің жетіспеушілігінен туындайды. Бұнымен қоса, халықтың медициналық персоналмен тығыз және сенімді байланысы МСАК деңгейінде денсаулықтың жоғары көрсеткішіне қол жеткізу үшін жаңа технологияларды пайдаланып (клубтар, денсаулық мектептері, еріктілер қозғалысы және тағы басқа) ақпараттық жұмысты ұйымдастыруға болады.

Денсаулық сақтау, саламатты өмір салтын ұстану мәселелері жөнінде уақтылы ақпараттандыру жөніндегі міндеттерді іске асыру халықтың өмір сүру сапасының мерзімінен бұрын төмендеуіне себепші болатын аурулардың дамуын алдын алуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтаудың пациентке бағытталған жүйесі денсаулық­­ты ны­ға­й­туға, ауруларды профилакти­калау­ға, кең таралған ауруларды ерте диагнос­тикалауға, емдеуге және диспан­серлеуді жүргізуге, оңал­туға және үйде паллиативтік көмек көрсетуге бағыт­талған МСАК қызмет­терінің басымдықты дамуын көздейді.

Жамал ТӘЖІКЕНОВА,
медицина ғылымдарының кандидаты,

Анар НУРКИНА,
1-категориялы дәрігер,

Айымжан НҰРПЕЙІСОВА,
2-категориялы дәрігер,

Зарина КЕРУЕНОВА,
медицина ғылымдарының магистрі