Қазақстан • 23 Қазан, 2017

Әліпби ауыстыру – рухани дамуға септігін тигізеді

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Еліміз бен балаларымыздың болашағын ойлаған адамға шын мәнінде латын әрпіне көшу қажет деп ойлаймын. 

Әліпби ауыстыру –  рухани дамуға септігін тигізеді

Өткен ғасырдың 1929-1940 жылдары латын әрпін­де болдық. Бүгінде кез келген аза­мат латын әліпбиін білмесе де оның ішіндегі әріптерді оқи алатынымызға сенімдімін. Орыс, ағылшын тілдерін де үйреніп, ана тіліміздей меңгеріп жатырмыз ғой. Сондықтан қиындық­тар тумайды деп білемін. Жастар қазіргі 42 әріпке қарағанда 25 таңбадан тұратын латын әліпбиін тез үйреніп алады. «Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек?», деген сұрақ төңірегінде газет-журналдардан көптеген мақа­ла­ларды оқып, таныстым. Мен Елба­сы­ның пікірімен толық келісе­мін. Дамыған 30 елдің қатарына кіруді жоспарлап отырған мемле­кеті­міздің солармен терезесі тең болуы үшін де бұл реформа қажет.

Саяси маңыздылығы жағы­нан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның саяси маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса жаратылыс ғылымдары жағынан да қолданыста дәлділігі мен қолайлылығын дүниежүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады.

Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әрпіне көшу − түбі бір, тарихы ортақ түркі халық­тарымен жақындастыра түсетіні де маңызды фактор­лардың бірі. Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық ғылыми-зерттеулерді жаңа сатыға көтеру­ге мүмкіндіктеріміз көбе­йе­ді. Латын әліпбиіне көшу – қазақ хал­­қының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өр­кен­деуіне болашақта еліміз­дің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әке­лері сөзсіз.       

Роза ӘЛІБЕКОВА,

Ақмола облысы

 


Өркениетті шешім

Әліпби ауыстыру ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды оқиға­лардың бірі болып табылады. Сондықтан осындай мемле­кет­тік маңызы бар іске үлкен жауап­кершілікпен қарағанымыз жөн. Латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түркі әлемімен байланысы одан әрі арта түседі. Еліміздің мемлекеттік мәртебесіне зор ықпал етеді. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қаты­нас жасауды да жеңілдете түсер еді. Жалпы түрік халықтарымен бірге болудың бір үлкен жолы – ор­тақ әліпбиде жүру. Болашақта түрік халықтарының жазудағы бірлігі сақталатын болса, негізгі мақсаттарымыздың бірі орындалған болар еді. Тіпті өзге ұлттардың да қазақ тілін оқуға, зерттеуге деген сұранысын туғызуы әбден мүмкін.

Латын әліпбиіне көшу – жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Латын әліпбиіне көшкен тұста біздің ұтатын жақтарымыз көп. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына мүмкіндік береді. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.

Сондай-ақ түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Бұл бізге ең қажетті дүние. Сондықтан латын әліпбиіне көшкеніміз дұрыс деп есептеймін. Ол үшін барша халық еш алаңдаусыз латын әліпбиіне көшуге психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Барша халыққа ыңғайлы, қарапайым, ұғынықты латын әліпбиін таңдап алғанымыз жөн. Тіліміздегі дыбыстарға сәйкес қаріптерді таңдап, сауатты жазуға лайықты әліпбиді құрастыруымыз қажет деп білемін. 

 

Айжан КАРТАЕВА, 
С.Аманжолов атындағы 
ШҚМУ-дың кафедра меңгерушісі, 
филология ғылымдарының докторы, профессор

ӨСКЕМЕН