Қазақстан • 23 Қазан, 2017

Шекара маңы жалаңаштанбасын десек...

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бізді көршілес мемлекеттермен шекаралас кейбір шеткергі аумақтарда қалыптасып отырған мәселелер алаңдатып, оны Үкімет басшысына білдірдік. 

Шекара маңы жалаңаштанбасын десек...

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, еліміздегі аудандардың 79-ы шекара маңындағы аудандар және де бұларда республика тұрғындарының 31%-ға жуығы шоғырланған.

Кейбір шекара маңы аудандарында орын алып отырған жұмыссыздық пен тұрмыстық-ахуал осы аумақтардағы бір­ша­ма елді мекендердің бос қалуына соқтырып, бұл еліміздің қауіп­сіз­дігіне әсер етуі мүмкін екендігі алаңдатушылық тудырып отыр. Бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдары да кеңінен көтеріп жүр. Мәселен, тек «Егемен Қазақстан» газетінде аталған жағдайлар бойынша биылғы жылдың өзінде бірнеше мақала шықты. Ұқсас материалдар «Ана тілі», «Алаш айнасы», «Түркістан» газеттерінде, «Абай – Ақпарат», «Қазақ үні» ұлттық ақпарат порталдарында да жарияланды. Сонымен қатар шекаралық аудандардың мәселесі өткен жылдары Парламент де­пу­тат­тарының бірнеше сауалдарында да көтерілді. 

Көтерілген мәселелер осы ау­дан­дардағы халықтың экономи­калық белсенділігінің төмендеуі; инфрақұрылым жағдайының нашарлауы, қажетті қызметтерді алу­дағы қолжетімсіздік, тұрғын­дардың жаппай көшуі және т.б. саяды. Әдетте, шекара маңын­дағы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, көбіне рес­пуб­ликаның ішкі аймақтарымен са­лыстырғанда төменірек, сол себептен де бұл мәселелер мемлекеттің басты назарында екені белгілі. Мем­лекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақ­стан-2050 стратегиясы: қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында шекарамен шектес аумақтарға ерекше назар аудару қажеттігі жөнінде Үкімет пен облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар да берілді. Осы тапсырмаға сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 қарашадағы №1289 тиісті қаулысы да қабылданды. Алайда, бүгінгі күні осы қаулыда қарастырылған шаралардың жалпылама болуы себебінен, нақты нәтижелерге қол жетпей отыр. БАҚ-та жарияланған мақалаларда олар туралы ашық айтылған. 

Үкімет қолдауының көрін­бейтін себебі – шекара маңындағы тұрғындар үшін материалдық ынталандыру тетіктері болмай және де тарихи қалыптасқан шекара маңы аудандары әлеуеттерінің ерекшеліктері ескерілмей отыр. Мысалы, көптеген елді мекендер облыс орталығы мен өнімдерді өткізу-өңдеу орындарынан 300-500 шақырымда орналасқан, қыс айларында автомобиль жолдары жабылып қалатын, темір жол қатынасы дамымаған Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай, Күршім, Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарының тұрғындары Үкіметтің қолдауына қол жеткізе алмай отыр. Осыған ұқсас жағдай Алматы облысының Райымбек ауданына да тән десек қателеспейміз. 

Қалыптасқан жағдайды өзгер­ту үшін заңнама түрінде «шекара маңы аудандары мәртебесі» ұғымын анықтап және шекарамен шектес аудандардың ерек­шеліктерін ескеретін санаттық гра­да­цияларға негізделген кешенді бағдарлама жасау бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мұнда әлеумет­тік сала бойынша: бюджет қызмет­кер­лерінің жалақысына 25 пайыз­дан 75 пайызға дейін қосымша төлеу, бала туғанда беріле­тін әлеуметтік көмекті 1 млн тең­геге және ай сайынғы жәрдем­ақы мөлшерін 50 мың теңгеге дейін өсіру, мемлекеттік балалар жәрдемақысын 1 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) 4 АЕК-ке дейін көтеру, ал жас мамандар үшін көтерме жәрдемақы мөлшерін 5 есеге өсіру ұсынылады.

Сонымен қатар осындай ау­дандардың ерекшеліктерін ескере отырып, жалпы респуб­ликалық нормативтік көрсет­кіш­терден бөлек болатын, агро­өнеркәсіп кешені субъектілері үшін берілетін субсидиялардың нормативтерін белгілеу жә­не шағын және орта бизнес субъектілері үшін ерекше салық­­тық жеңілдіктер мен пре­ферен­ция­лар енгізу мүмкін­діктерін қарастыру қажет деп санаймыз. 

Дүйсенғазы МУСИН,

Сенат депутаты