Ол мәселе – көршілес мемлекеттермен шекаралас аумақтардың ақпараттық қауіпсіздік технологияларын жаңа сапаға көтеру қажеттілігі. Мемлекетіміздің солтүстігінде, солтүстік шығысында, оңтүстігінде, оңтүстік шығысында, шығысында және батысындағы шекаралық аумақтарда, шамамен 150-200 шақырым ендіктегі елді мекендердегі кеңістікте біздің ұлттық телевизия, радио, ұялы телефон сигналдары нашар, кейбір жерлерде мүлдем естілмейді, өтпейді. Алматы облысы сияқты үлкен облыстың шалғай елді мекендеріне қазақ радиосының үні жетпейді, ал облыстық радио жоқ. Керісінше, көрші мемлекеттердің дауысы мен ақпараты саңқылдап, сайрап тұр. Солтүстік облыстарда да жағдай осылай. Өйткені олардың (көршілердің) ғарыштағы стансалары өте қуатты. Осы өңірлерде тұрып, тіршілік құрып отырған Қазақстан азаматтары өз елінің ақпараттарын көп жағдайларда көршілес елдердің коммуникациялық желілері арқылы алуға мәжбүр.
Қазір ақпаратқа деген сұраныс та, оны тұтынушылар да бұрын-соңды болжанбаған көлемде еселеп өсуде. Яғни, мемлекетіміздің ақпараттық қауіпсіздік әлеуетін, коммуникациялық сапасын Елбасының цифрландыру талаптарына сай қуаттандырып, оларды өз мемлекетіміздің мүддесіне қызмет еттіру мақсатында осы уақытқа дейінгі бағдарламаны түбегейлі өзгертіп, қайта жасақтау қажеттілігі туындап тұрғаны күмәнсіз.
Екіншіден, мемлекет мүддесі үшін барлық облыстарға хабар тарататын ұлттық телевизия арналарымен қатар, әсіресе Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан сияқты шекаралық облыстардың ақпараттық кеңістіктері мен олардың мүмкіндіктерін, бәсекелестікке қабілеттілігін көтеру шараларын қарастыру керек. Сонымен қатар Асқар Жұмағалиевтан облыстық радиоларға әуе толқынын қайта қарап, бөліп, бекітіп, олардың жұмысын технологияның жаңа талаптарына сай ұйымдастыруға пәрмен беру қажеттігі сұралды. Осы өтінішті қолдап ондаған әріптестерімнің қол қоюына қарағанда, барлығы да аймақтарда болғанда осы проблемамен танысқаны көрініп тұрды.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Мәжіліс депутаты