Жиналғандар алдында облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет жалпыұлттық жобаның маңызын атап өтті. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылудың, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңірудің келелі міндеттерін айқындап берді. Жаңа тұрпатты жаңғыртудың басты шарты – Ұлттық кодты сақтай білу қажеттігін еске салды. Бұл орайда, замана сынынан сүрінбей өткен мәдени-генетикалық ерекшеліктеріміз бен құндылықтарымызды бүгінгі жақсы қасиеттермен сабақтастыра білу ұлан-ғайыр жұмыстарды талап етеді, деді ол. 19 тарихи ескерткіш жергілікті деңгейдегі сакральды нысандарға жатқызылып, оның ішінде «Абылайхан резиденциясы» мемориалдық кешені, Қожаберген жыраудың бейіті, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Ботай қонысы республикалық картаға енгізілген. Осыдан 50 ғасыр бұрын жылқы түлігін қолға үйретіп, бие байлап, қымыз ашытқан Ботай қонысын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру көзделген.
Осы археологиялық орында 1980 жылдардан бері қазба жұмыстарын тынбай жүргізіп, әлем ғалымдарының назарын аударуға, ЮНЕСКО деңгейінде конференция өткізуге мұрындық болған жергілікті тарихшы Виктор Зайберт әлемдік өркениетте өз орны бар Ұлы Дала елі қазір де үлкен қызығушылық тудырып отырғанын жеткізді. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары Батырхан Жұмабаев бүгінде еліміз бойынша 160-тан астам тарихи жерлер қамтылғанын, олар табиғи ландшафты, археологиялық, архитектуралық, діни ғибадат ету, тарихи тұлғалардың ескерткіштері мен мазарлары бағыттарына бөлінетінін, әрқайсысы үшін арнайы мәліметтер жинақталатынын, кейін ғылыми-танымдық энциклопедия шығарылатынын, виртуальды карта әзірленетінін әңгімеледі. Тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева жетекшілік ететін экспедиция мүшелері «Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері» атты дөңгелек үстелге қатысып, ортақ іс барысында қолға алынатын, шешімін табатын мәселелер төңірегінде ой-пікірлер алмасты. Ұлттық құндылықтарымызды шетелдіктер де танып-білу үшін Францияда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тұсаукесері ұйымдастырылмақ.
«Киелі Қазақстан» жобасына қатысушылар Тайынша ауданының тарихи ошақтарын аралады. Осындағы Озерное ауылының іргетасын 1938 жылы атамекенінен еріксіз жер аударылған поляктар құрайды. Ол туралы мектеп мұражайында жан-жақты баяндалады. Тарих пәнінің мұғалімі Валентина Витковскаяның түсіндіруінше, қандастары қазақ жеріне жеткенше тұрмыстың ауыр тауқыметін, жол азабын көп көрген. Жергілікті тұрғындардың көмегі арқасында жан сақтап, аштықтан аман қалған. Кейін бір тамшы су, бір тал ағаш жоқ иен далада елді мекен, Құдайға құлшылық ететін ғибадатхана тұрғызылған. Тіпті, әйелдердің жабық монастырі де бой көтерген. Қазір онда үш монах әйел тұрады. Солардың бірі Ионна Марияның қазақтарға деген алғыс сезімі шексіз. Күнде бір Жаратқанға мінәжат етіп, Қазақстанның амандығын тілейтін көрінеді. «Бейбітшілік патшайымы» ғибадатханасындағы «Қазақстан жұлдызы» алтарін осыдан үш жыл бұрын Рим папасының атынан оның өкілі кардинал Роберт Сара орнатып берген.
Бұдан кейін экспедициялық топ ат басын әсем табиғатымен, тарихи жәдігерлердің көптігімен ерекшеленетін Айыртау ауданына бұрды. Мұнда Шоқанның әжесі Айғанымның қонысы орналасқан. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары археологтар нысанның тек іргетасын ғана кезіктірген. «Айғаным қонысы» мұражайының экскурсия жетекшісі Дамир Тілеуов Шоқанның суреттері мен жазбалары негізінде сол кездегі стиль сақталып, ауқымды кешен тұрғызылғанын, бес ғимараттан тұратынын, 6 бөлмелі тұрғын үй, мешіт, медресе, монша, диірмен салынғанын жеткізді. Ұлы ғалым балалық шағын әжесінің бауырында, Сырымбет ауылында өткізген.
Осы аумақтағы Қарасай мен Ағынтай батырлар жерленген қорым анадайдан көз тартады. Жауға қарсы тізе қосып аттанған қос досқа топырақ бір жерден бұйырған. Мемориалдық кесене 1999 жылы ашылып, содан бері туристер үзбей қызықтайтын қасиетті орын саналады. Салыну мәнері де, сырт келбеті де өзгеше. Шырақшы Семиддин Омаров нысанның «Қазақстанның киелі жерлер» картасына енгізілгенін мақтаныш етеді.
– Қызылжар өңірінен республикалық маңызы бар 12 нысан ұсынылып, 4-уі қабылданды. Бұл – әзірге жоба ғана. Қандай киелі де қасиетті жерлердің картадан нақты орын алатыны жыл аяғына дейін шешілетін болады. Біздіңше, жергілікті деңгейдегі ескерткіштер санын да көбейткен жөн, – деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы