Сапар барысында алғашқы кездесу Татарстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Нығматуллинмен өтті. Ол сөзінде Татарстан мен Қостанай облысы арасындағы орнаған халықаралық байланыс, келешекте екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың бағыттары жөнінде, сонымен қатар іскерлік қатынастарды нығайтуға өздері тарапынан дайын екендіктерін білдірді. Ал облыс әкімі Мейіржан Мырзалиев халықаралық және өңіраралық байланыстарды дамытудың маңызына тоқтала келіп, Қостанай облысының экономикалық өрлеу көрсеткіштері, инвестициялық әлеуеті, ынтымақтастықтың келешек негізгі бағыттары жөнінде айтып берді. Сонымен қатар ол көршілермен іскерлік әріптестікті, оның ішінде инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруды екі жақты кеңейте беруге үміт артатынын да жеткізді.
Татарстан Инвестициялық даму агенттігінің жетекшісі Талия Минуллинамен болған кездесуде республиканың инвестициялық әлеуетін аталған агенттік қостанайлық қонақтарға тұсаукесер жасап айтып берді. Татарстан Республикасы Ресей Федерациясы бойынша инвестиция тартуда көшбасшы болып келеді және бұл істе жақсы тәжірибе жинақтаған. Өз кезегінде Мейіржан Мырзалиев те Қазақстанда инвестиция тарту жөнінде Ұлттық стратегия қабылданғанын, оны жүзеге әзірлеу барысында Қостанай облысы «пилоттық» өңір деп белгіленгенін жеткізді. Сондай-ақ біздің делегация Татарстанның Құрылыс, архитектура және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрлігінде де болды. Сол жерде Ресей инвестициясы арқылы Қостанайда жүзеге асатын лифт жабдықтары өндірісі жобасы туралы айтылды.
Қостанайлықтар Қазандағы «Алабұға» ерекше экономикалық аймағы мен «Химград» технополисін аралады. Осыдан 11 жыл бұрын «Алабұға» ерекше экономикалық аймағы 27 миллиард теңгеге инвестицияланған болатын. Қаржы Федеральдық және Татарстан республикасы бюджеттерінен, сонымен қатар жекеменшік кәсіпорындардан тартылды. Экономикалық аймақта машина жасау, химия, құрылыс материалдары, металл өңдеу секілді сүйекті кәсіпорындар жұмыс істейді. Мұнда инвестициялық жобаларды жүзеге асырғысы келгендер үшін 50 гектарға дейін жер беріледі және дайын ғимараттар да ұсынылады. Жобаға салатын қаржы талап бойынша көп емес, 120 миллион рубльдің ісін пайдаға асырса жетіп жатыр. Басқарушы компания жобаларды орналастырып, инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Компанияда 700 адам еңбек етеді. Бір ерекшелігі, «Алабұғада» инвестициялық жобаны орналастыру Сараптама кеңесі мен Татарстан Республикасы Президентінің шешімі арқылы ғана мүмкін болады. Қостанайлық делегация үйренетін үрдістен үлгі алып қайтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай