Мұғалімдер күні қарсаңында ашылған бұл ескерткіштің идеясы аудандағы білім саласы ардагерлерінен шығыпты. Бастаманы барша жұрт қолдап, аудандағы білім саласы қызметкерлері біркүндік еңбекақысын аударған. Туындыны аудандағы талай ескерткішті сомдап шыққан шебер Зәкіржан Исламбеков жасаған.
Ескерткіштің ашылу салтанаты Шыңғырлау ауданының 89 жылдық тойымен тұспа тұс келді. Салтанатты шараға құшақ-құшақ гүл ұстаған ұстаздар көп жиналды. Тарыдай тіршілік иесін таудай тұлғаға айналдыратын ұлағатты ұстазға арналған мұндай ескерткіш бүкіл Орал өңірінде жоқ еді. Әрбір адам баласы бас иер аяулы жан – мұғалімнің Шыңғырлаудағы мүсіні жиынтық образ түрінде бейнеленген. Оқушы жеткіншекті жетелеп, оң қолымен иығынан демеп тұрған мұғалима алыс қиырға көз тастаған. Сол қолында – сынып журналы. Ал бүлдіршіннің қолында – бір шоқ гүл.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдік даму, ұлттық бірегейлігіміз тұрғысындағы «Туған жер» бағдарламасында әрбір қазақстандықтың өз еліне, жеріне деген патриоттық сезімін арттырып, туған ауылының дамуына өз үлесін қосуға шақырған болатын. Міне, бүгін жергілікті азаматтардың күшімен ұстаздардың құрметіне арналған ескерткіш бой көтерді. Біз бұл композицияны «Ғасыр ғаламаты – ұстаз» деп атадық. Бұл бүкіл адамзат баласын адалдыққа, адамгершілікке, ұлы достыққа, бейбітшілік пен бірлікке тәрбиелеп, білуге, ілім әлеміне шақырған ұстаздардың ұлы еңбегіне, ұлы тұлғасына қойылған ескерткіш болмақ. Мұндай ескерткішті біз республика бойынша алғашқылардың бірі болып орнатып отырмыз, – деді Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев.
Ұстазға арналған ескерткішті Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», аудан әкімінің «Үздік мұғалім» номинациясының иегері Эльмира Сапашева, Шыңғырлау орта мектебінің 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» үміткері Динара Акбалеева, Л.Қылышев атындағы Шилі орта мектебінің 10-сынып оқушысы, «Үздік аттестат» иегері Диас Сағынғалиев ашты. Мектеп оқушылары ұстаздық пен ұлылық тұрғысында тақпақтарын арнап, жас өнерпаздар домбырадан күй төкті.
Биылғы оқу жылында Шыңғырлау ауданында жалпы білім беретін 16 мектеп жұмыс істейді. Онда 1972 оқушы білім алып жатыр. 2016-2017 оқу жылының қорытындысы бойынша ауданда 6 түлек «Алтын белгі», 1 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған болатын.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы